Аймақтар • 26 Маусым, 2023

Киік егінді жайпап жатыр

307 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Науырзым өңірінің диқан­дары егіндерін киіктен қо­рып әлек. Түзде үйір-үйі­рімен жөңкіліп жүрген жануарлар шаруашылық алқаптарына түсіп, дұрыс­тап бойлап та үлгермеген егіннің шетін жеп жатыр.

Киік егінді жайпап жатыр

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Шаруаның шығыны шаш-е­тектен. Алқаптағы дәннің саба­ғын сансыз тұяқ бір таптап өтсе, түмен-түмен киікті қайтармақ болып әуреге түскен шаруаның өзі көлігімен екі таптап кетіп жатыр.

– Таяуда ғана Қарамеңді ауылының маңында бірнеше күн бойы екі көлікке мінгескен алты инспектор жүрді. Қазір олар Буревестник жаққа кетті. Жануарларды қорғау инспекторлары біздің алқаптармен шектесіп жатқан ойда 30 мың бастан асатын киік жүргенін айтты. Шынын айтсақ, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айы­рыл­дық. Алқапты күн сайын төрт көлікпен күзетіп жүрміз. Таңғы сағат төрт жарым-бестен бастаймыз да кешкі сағат он бір-он екіге дейін, қараңғы түскенше жүреміз. Таңертең қайта оралғанша қаптаған киік егіннің шетін жеп қойып жатыр. Ал алқапты басып-жаншып, жайпап кеткенін есептеп, оның шығынын шығара алмаймыз ғой. Әр алқапта мыңдап өріп жүр, – дейді шаруалардың бірі.

Осылайша, диқандар беті­мен жайылған киіктің үйірлі шегірткедей қаптап келіп, егін­ге орасан зиян тигізіп жат­қанын айтады. Қазірше оны ба­қылап жатқан ешкім жоқ. Жануарларды қорғайтын инс­пек­торлардың жұмысы киікті сұр мергеннің сұқ мылтығынан қорғаумен және санақ алумен ғана шектеледі. Олар ша­руа­лардың мәселесіне бас қатыр­майды.

Киік таптап кетіп жатқан егін алқаптарының бәрі Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының маңайында.

– Біз қорық аумағында жүр­ген киіктерді ғана бақылай­мыз. Қорықтан тыс жерде жүрген киіктерге жауап бермейміз. Қазір киіктің нақты санын айта алмаймын. Өйткені ерте көктемде жүргізілген санақ нә­тижелері қайта өңделіп жатыр, – дейді «Науырзым» қорығы директорының орынбасары Еламан Күмісбеков.

        

Қостанай облысы