Ауыл • 26 Маусым, 2023

Тірек ауылдағы түйткіл

8659 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қызылқоға ауданындағы ең ірі ауылдық округтің бірі – Сағыз. Бұрын өңірдегі тірек ауылының қатарына енгізілген еді. Теміржол бойындағы бұл округтің екі елді мекені 40 шақырымнан астам қашықта орналасқан.

Тірек ауылдағы түйткіл

Қазір округтегі тұрғындар саны 8 мыңнан асқан. Ауыл тұрғындары әкім­дікте, 3 мектеп пен аграрлық-тех­ни­калық колледж, 2 балабақша мен 1 дәрігерлік амбулаторияда, мә­де­ниет үйінде, теміржолда жұмыс істей­ді. Кәсіпкерлікті табыс көзіне айнал­дыр­ғандар бар.

Өзге ауылдар секілді мұнда да күр­меуі көптен шешілмей келе жатқан түйт­кілді түйін жетерлік. Мәселен, Ақтөбе облысының аумағынан баста­лып, Сағыз ауылының ортасымен ағып өтетін Ноғайты өзені көктемде тосын «мінез» танытады. Шағын өзен көктемде арнасынан асып, тұрғындарды әбігерге салды. Былтыр түн ортасында 24 тұр­ғын үйден 50 адам қауіпсіз жерге шы­ға­рылды. Кейін өзен жағалауы құм салынған қаппен бекітілді.

Сағызда «Ауыл – ел бесігі» бағдар­ламасымен жаңа спорт кешені салынып жатыр. Былтыр басталған құрылыс жұмыстары алдағы тамызда аяқталуға тиіс. Алайда ауыл тұрғындарымен кездескен облыс әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, мердігер «SCS Инжиниринг» ЖШС құрылысын мезгілінен кешіктіріп отыр. Қазір нысан құрылысының 33 пайызы ғана орындалған.

– Мердігер мекемеге құрылысты тездетуді, ал жауапты басшыларға жұмысты қатаң қадағалауды тапсырдым. Берілген тапсырманың қалай орындалғанын бір жарым айдан кейін көреміз. Сол кезде тиісті нәтижесі болмаса, мердігер мекемемен арадағы келісімшарт бұзылады, – деді Серік Шәпкенов.

Бұл ауылға ауыз су «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбырымен жеткізіледі. Тәулігіне 2 400 текше метр су айдайтын мұнара орнатылған. Ылди беткейдегі мұнара 700 текше метр су беріп тұр. Сол себептен, қосымша 2 су қоймасын, ауылішілік желі мен биік тұстан су мұнарасын салу жоспарланып отыр.

Ауыл тұрғындарын алаңдататын мәселенің ең күрделісі – жастар ара­сындағы жанжал. Жастардың өзара келіспеушілігінің соңы төбелеске ұласып, салдарынан өрімдей жігіттер қыр­шынынан қиылып жатыр. Мәселен, бұрнағы жылғы күзде ауыл сыртымен өтетін «Ақтөбе-Атырау» тас жолының бойында төбелес болып, арты атысқа ұласқан. Бір адам оқтан ажал құшып, алты жігіт жарақат алған.

Бұл істің тергеуі ұзаққа созылды. Биылғы наурызда Атырау облысы­ның қылмыстық істер жөніндегі ма­ман­­дандырылған ауданаралық сотын­да алқабилердің қатысуымен 21 адам­ның үстінен қозғалған қыл­мыс­­тық іс қаралды. Қылмыстық істің алқа­би­ле­рдің қатысуымен қаралуы­на сот­та­лушылардың бірінің өтініші не­гіз болған. Күдіктілерге Қылмыстық ко­декстің 99-бабының 2-бөлігінің 7,9-тармақтары, 24-бабының 3-бөлі­гі, 99-бабының 2-бөлігінің 1,7,9-тар­мақтары, 107-бабының 2-бөлігінің 4,5-тармақтары, 434 және 432-бабы­мен айып тағылды. Прокурор сотталушы­ларға 2 жыл 6 айдан 18 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал жәбірленуші тарап сотталушыларға ең ауыр жаза тағайындалғанын қалады.

Алқабилердің шешімімен 11 кү­дікті Қылмыстық кодекстің 434-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны дәлелденбеуіне байланысты ақталды. Күдіктінің бірі кінәлі деп танылғанымен, рақымшылыққа сәйкес жауаптылықтан босатылды. Ал алты күдіктіге «Рақымшылық туралы» Заңына сәйкес, түпкілікті 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Бір адам 16, тағы біреуі 11 жыл 3 айға, үшінші күдікті 5 жыл­ға сотталды. 

– Әр ауылдағы, әсіресе осы округтегі тұрғындарды қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіптің сақталуы алаңдатады. Сол себептен, биыл Сағыз ауылын­да 50 бей­не­бақылау камерасы орнаты­лады. По­лиция бөлімшесінің жаңа ғима­­ра­тын салу жоспарланды. Ауыл тұрғын­дарының игілігі үшін инфрақұ­рылымды дамытып, әлеуметтік нысандарды көптеп салуға назар аударып отырмыз, – деді Серік Шәпкенов.

Округ тұрғындарын мектеп мәсе­лесі де толғандырады. Қызылқоға аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Дулат Нығметовтің айтуына қарағанда, округте тұрғындар саны жыл сайын өсіп отыр. Ауылдағы үш орта мектепте оқушылар саны көбейіп, орын жетіспеуде. Бұл ауыл тұрғындарының облыс, аудан әкімдерімен кездесуде жиі көтеретін мәселесіне айналған. 

–  Жақында облыс әкімі Серік Шәп­ке­­нов Сағыз округінің тұрғындарымен кездесуде «Жайлы мектеп» жобасымен жаңа білім ордасы салынатынын мәлім етті. Соған орай ауылда 600 орындық жаңа мектептің құрылысын бастау 2024-2025 жылдардың жоспарына еніп отыр. Қазір жаңа мектептің құрылысын жүргізу үшін Сағыз ауылынан жер телімі бөлінді. Құрылыс нысанының бастапқы құжаттары әзірленді. Енді жобалау жұ­мыстары жыл соңына дейін дайын болады, – дейді Дулат Нығметов.

 

Атырау облысы

 

Соңғы жаңалықтар