Саясат • 26 Маусым, 2023

Сенат Төрағасы Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасымен кездесті

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің Төрағасы Нұрланбек Шакиевпен кездесті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Сенат Төрағасы Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасымен кездесті

Сұхбат барысында парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайту және елдер арасындағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды.

Сенат Төрағасы Қырғызстан Қазақстан үшін Орталық Азиядағы негізгі серіктес және одақтас мемлекеттің бірі екенін атап өтті. Бүгінде екі ел арасында дипломатиялық байланыс орнағанына 30 жыл толды. Осы уақыт аралығында әртүрлі салада 150-ден астам шарт пен келісімді қамтитын берік құқықтық база қалыптасты.

«Қазіргі таңда елдеріміз арасында өзара сыйластық пен тату көршілікке негізделген қарым-қатынас қалыптасқан. Мемлекеттеріміздің басшылары орнатқан тығыз ынтымақтастықты біздің Парламенттеріміз де жоғары деңгейде жалғастырып отыр. Сенатта Қырғыз Республикасының Жогорку Кенешімен ынтымақтастық тобы құрылды. Алдағы уақытта да Сенат бауырлас Қырғыз елімен парламентаралық байланысты нығайту бағытындағы жұмысты дәйекті түрде жалғастыра береді», деген Мәулен Әшімібаев Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде іске асырылып жатқан реформалардың маңызына тоқталып өтті.

Өз кезегінде Нұрланбек Шакиев Қазақстандағы саяси және экономикалық өзгерістерді жоғары бағалап, екі мемлекет арасындағы байланысты әрі қарай дамытудың маңызына тоқталды.

«Қырғызстан мен Қазақстан арасында қандай да бір экономикалық және саяси қарама-қайшылық жоқ. Біз ежелден іргелес қонған бауырлас халықтар ретінде үнемі бір-бірімізді қолдап келеміз. Мемлекеттеріміздің басшылары Садыр Жапаров пен Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы, оның ішінде парламентаралық деңгейдегі өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға белсенді ықпал етіп келеді», деді Жогорку Кенеш Төрағасы.

Сонымен қатар кездесу барысында су ресурстарын басқаруға қатысты ынтымақтастықты нығайту ісіне Парламент депутаттарының қатысу мәселесі сөз болды. Астана халықаралық форумында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров та осы жайттың өзектілігін тілге тиек еткен болатын.

Сенат Төрағасы Қырғызстанда Су кодексі қабылданғанын ескере отырып, заң шығару жұмысында осы бағытта тәжірибе алмасуға қызығушылық танытты. Соған байланысты ол су ресурстарын басқару жобаларын талқылау үшін екіжақты жұмыс тобын құруды ұсынды.

«Біздің аймақта су мәселесі өте өзекті екені белгілі. Сондықтан бұл бағыттағы проблемаларды бірлесіп шешудің маңызы зор. Біздің тату көршілік және одақтастық қарым-қатынасымызды ескере отырып, осы мәселелер бойынша ашық әрі сындарлы диалог құрамыз деп үміттенемін», деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, сұхбат кезінде екі ел арасындағы өңіраралық өзара іс-қимылды арттыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланысты кеңейту мәселелері әңгімеге арқау болды.

Айта кетейік, Қырғызстан Жогорку Кенеші делегациясының сапары аясында еліміздің басшылығымен, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерімен бірқатар кездесу және басқа да іс-шаралар жоспарланған.