Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлағандай, Елена Рыбакина Парижде өткен Ролан Гаррос турнирі кезіндегі жұқпадан кейін әлі толық сауығып үлгермеген.
«Шыны керек, бұл ауру өте ауыр тиді. Ролан Гарроста ойнаудан бас тартқаннан кейін, отельге оралғанда жағдай тіпті қиындады. Сондықтан Парижде бірнеше күнге қалып, қонақүй бөлмесінен шықпауға тура келді. Бір аптадан соң көгалдағы кортта жаттығуды бастадым, бірақ бұл вирус болғандықтан, тез жазылып кету қиынға соқты. Бірте-бірте өзіме келіп, мұнда бірнеше матч өткізіп, Уимблдонға дейін қалпыма келем бе деп ойлаймын. Уимблдонға чемпион ретінде келу оңай емес. Бәрі мені фаворит деп жатыр. Сондықтан өткен жылғы тәжірибем септеседі деп сенемін. Уимблдонға дейін әлі бір апта бар. Ең бастысы, жақсы көңіл-күймен табысты өнер көрсеткім келеді», деді Елена Рыбакина.
Истбурн жарысының бірінші ракеткасы болып тіркелген Рыбакина рейтингіде 73-орында тұрған Қытай теннисшісі Сиюй Ванмен кездесуі керек еді.