Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Үлкендердің аузынан «ұры алыстан келмейді» дегенді жиі еститін едік. Расында ауылдың мән-жайын білетін қарақшылардың кесірінен талай жылғы жиған-терген малының орнын бір күнде сипап қалудың оңай еместігі айдан анық. Соның бірі Кеген ауылында тұратын Рахымбай Әділжановтың ырыс-несібесін тасытып отырған 7 бас жылқысын осы жылдың басында ұрылар «үптеп» кеткен.
– Бес бие, бір айғыр, бір тайымнан бір күнде көз жазып қалдым. Күні бұрын бақылағанымызда өрісте жүрген мал келесі күні ізім-қайым жоқ. Қаңтардың 6-сы күні түн ішінде жылқыны тиеп алып кеткен. Іздемеген жеріміз жоқ. Арада үш ай өтіп Қарқара ауылында тұратын Оразәлі Омаров 20 бас жылқысынан көз жазып қалды. Барлығы қыстай ауылдың малы тебіндейтін Шөладырдың баурайынан жоғалды. Содан біраз бұрын Сарыкөлде тұратын Бақыт деген азаматтың үш жылқысын тиеп бара жатқан көлік көзге түсіп қалып, жылқыларын босатып жіберген екен. Бірақ аудандық полиция қызметкерлері оған қатысты іс қозғамаған. Мал иесіне қайтқан соң, әлгі «ұры» жайына кеткен. Былтыр жазда осы азаматтың 10 бас малы жоғалған, өздігінен іздеп таппаған еді, – деп біраз әңгіменің тиегін әріден ағытқан Рахымбай Әділжанов ұрылардың айдауында кеткен жеті жылқыға қатысты бірқатар мәселе барын бүкпесіз тарқатты.
– Оразәлінің жылқылары Шымкенттен, менің жылқыларымның дерегі Жамбыл облысының Мерке ауданынан табылды. Толық емес, дегенмен шеті шықты. Ұрыларды полиция қызметкерлері ұстады. Десе де мені көп жайт толғандырады. Мысалы, менің жылқымды тиеп кеткен «ГАЗель-919» көлігінің иесіне анықтама қағазды Кегеннің ветеринар дәрігері жазып берген. Негізі ол Қарқара ауылының есебінде тұрған малға анықтама беруге құқылы емес. Тағы бір мәселе, анықтамаға 8 бас деп жазылған, ал малдың түр-түсі көрсетілмеген. Заң бойынша мал басы біреу емес, бірнешеу болса түр-түсі нақты көрсетілуі керек. Егер шаруа қожалығының малы болса, иесінің мөрі басылады, – деген мал жоғалтқан тұрғын бұл істе біраз шикіліктің барын айтып, көкейіндегі күмәнді ойларын ортаға салды. Істің қалай аяқталарына алаңдаған жәбірленуші тергеу-тексеру амалдарының әділ жүргізіліп, әлгіндей күмән туындатқан жағдайлардың көлеңкелі тұстары түгел анықталса деген тілегін білдірді.
– Биылғы наурыз айының 22-сінде өрісте жүрген 20 жылқым келесі күні ұшты-күйлі жоқ болды. Үйірде Қырғыз елінен сатып алған 1 айғыр, тірнектеп жиған 19 буаз бие болған. Жаз бойы Қарқара өзенінің жағасына байлап, қымыз өндіріп, кәсібімізді дөңгелетіп отырған едік. Күніге 130 литрге дейін сүт беретін, тұқымы жақсы биелер еді. Мал деген береке ғой, баукеспе ұрылар тіршілігімізді тұралатып, табан астында тақырға отырғызып кетті. Жылқыларым көзден таса болған күйде Кеген аудандық полиция бөліміне арыз жаздым. Полиция қызметкерлері белсене әрекет етті. Қолда бар мүмкіндіктерін жұмылдырды. Жоғалған малды іздеуде дронның көмегіне жүгіндік. Іздестіру жұмыстары оңай болмады, бірталай шығындалдық. Айлап іздеген ақ адал малымыздың шеті Шымкенттен шықты. Сөйтіп, жиырма жылқының 2-уі табылды. Жекеге сатылып кеткен екен. Екі бием құлындапты. Ұрылардың екеуі ауылымыздың азаматтары болып шықты, – дейді Қарқара ауылының тұрғыны, кәсіпкер Оразәлі Омаров. Ол жедел әрекет еткен аудандық полиция қызметкерлерінің табандылық танытқандары үшін алғысын білдірді.
Мал ұрлығына қатысты орын алған фактілерге орай, Кеген аудандық полиция бөліміне хабарласқан едік. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Кеген аудандық полиция қызметкерлері қылмыстың алдын алу, оны ашу, тергеп-тексеріп, шешім қабылдау бойынша тиісті жұмыстар атқарып, іс-шаралар жүргізген. Барлық сала бойынша 71 қылмыс тіркелген.
«Оның ішінде мал ұрлығына қатысты 14 қылмыс тіркеліп, 8-і ашылды, яғни қылмыстың ашылуы 57,1 пайызды құрады. Оның ішінде 2 қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданған, қалғандары екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылған. 2023 жылдың осы күнге дейінгі уақытта мал ұрлығы бойынша
6 дерек тіркелді. Аталған мал ұрлығының бәрі ашылып, 5 қылмыстық іс сотқа айыптау актісімен жолданған, 1 қылмыстық іс екі жақтың татуласуына байланысты тоқтатылды. Осы жылдың наурыз айында Кеген ауданының тұрғыны өзінің 20 бас жылқысының белгісіз жағдайда жоғалып кеткені туралы полиция бөліміне хабарлаған. Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, Кеген аудандық ПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен топ құрылып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Тергеп-тексеру жұмыстары кезінде аталған қылмысқа қатысы бар Кеген ауданының 3 азаматы күдік туғызған. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде бұл жігіттердің аталған қылмысты жасағаны анықталды. Қазіргі кезде олардың басқа қылмысқа қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр», дейді Кеген аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары, полиция майоры Ерік Дакеев.
Тәртіп сақшыларының мәлімдеуінше, мал ұрлығына қатысты қылмыстардың ізін суытпай ашуда және алдын алуға кедергі келтіретін бірнеше фактор бар. Атап айтқанда, жәбірленушілердің малдың жоғалғаны туралы полиция қызметкерлеріне дереу хабар бермейтіні, жоғалған жағдайда өздігімен іздестіру жұмыстарын жүргізуі – ұрылардың ізін суытып кетуіне бірден-бір себеп. Сондай-ақ малдың қараусыз қалуы да ұрыларға таптырмас мүмкіндік екенін естен шығармауды ескертеді.
«Ұрлық түбі – қорлық» екенін біле тұра, қылмыс жасаудан тайынбаған тағы бір топ осыдан екі ай бұрын шамасында Қонаев қаласынан бір үйір, яғни 27 бас жылқыны тапа-тал түсте көпір үстімен айдап өтіп, сол маңайда көлікке тиеп, Жамбыл облысының Мерке ауданына алып кеткен екен. Алматы облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Ернар Сайділдиннің айтуынша, осы қылмыстық іс бойынша жедел топ құрылып, іздестіру жұмыстары нәтижесінде ұрылар ұсталып, 27 бас жылқы түгелдей иесіне қайтарылған. Полицияның қылмыстық істің ізін суытпай, ұрыларды дер кезінде құрықтауына мал жоғалту дерегінің тез арада хабарланып, арызданудың пайдасы тиетіндігін атап өткен ол бүгінде қылмыстық істерді ашуда облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Әленовтің тапсырмасымен көптеген өзгеріс енгізіліп, қылмыстық оқиғалардың ашылуының пайыздық көрсеткіші артып отырғанын жеткізді.
«Тұрғындардың малдарының қолды болуының тағы бір себебі – қараусыз қалдыру. Күн-түн демей күре жолдардың бойында мал жайылып жүретіндіктен, оны айдап кетумен қатар жүргіншілерге қауіп-қатер төндіретін оқиғалар жиілеп кетті. Қазір сан емес, сапаға көп көңіл бөлінеді. Сол себепті келіп түскен арыз-шағымға сапалы қызмет көрсетуге баса назар аударылып отыр. Биыл Еңбекшіқазақ ауданында 20 бас жылқы жоғалғаны туралы арыз түскен еді. Оларды іздестіру жұмысына төтеншеліктердің тікұшағы қолданылып, нәтижесінде жылқылар жайылымнан ұзап кеткен жерінен дін аман табылды. Сол сияқты Кеген ауданындағы малдарды да өрістен басып кеткен. Алматы облысында мал ұрлығының көрсеткіші өсіп отыр, басқарма басшысының іздестіру тобын құрып, жұмысты жеделдетуінің нәтижесінде қылмыстық істер ашылды. Оған қоса учаскелік инспекторлардың жұмыстары жанданып келеді. Жалпы, мал ұрлығын алдын алу бойынша біраз жұмыс жасалып келеді», дейді Алматы облыстық полиция басқармасының баспасөз хатшысы Ернар Сайділдин.
Алматы облысы