Қазақстан • 27 Маусым, 2023

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер саны азайды

266 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2023 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдардың рұқсатымен Қазақстан аумағында 14 286 шетел азаматы еңбек етеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстанда жұмыс істейтін шетелдіктер саны азайды

Шетел жұмыс күшін тартуға рұқсаттардың арасында мынадай санаттар бар: басшылар мен олардың орынбасарлары үшін 537 рұқсат (бірінші санат), құрылымдық бөлімшелердің басшылары үшін 2 713 рұқсат (екінші санат). Тартылған ШЖК негізгі бөлігі үшінші (мамандар) және төртінші (білікті жұмысшылар) санаттарға жатады – тиісінше олар 6 458 және 803 адам. Сондай-ақ маусымдық жұмыстарға 1 826 адам, ал корпоративтік ауыстыру аясында 1 950 адам тартылды.

Қазіргі уақытта Қазақстанда ШЖК пайдаланатын 1 777 жұмыс беруші бар. Оларда 421,8 мыңнан астам Қазақстан азаматы жұмыс істейді, бұл қызметкерлердің жалпы санының 96% - ы.

Экономикалық қызмет түрлері бойынша ең көп жұмыс істейтіндер құрылыс саласында – 5386 адам (35%), ауыл, орман және балық шаруашылығы – 1835 адам (10%), тау-кен өнеркәсібі және карьерлерді қазу – 1 401 адам (10%), өңдеу өнеркәсібі – 1007 адам (7%), кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет – 978 адам (7% ).

Еңбек мигранттары келетін негізгі елдер: Қытай – 3 412 адам (24%), Өзбекстан – 1 884 адам (13%), Үндістан – 1 484 адам (11%), Түркия – 1 397 адам (10%).

Ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жыл сайын республикаға шетел мамандарын тартуға квота бөледі. 2023 жылы жалпы квота республикадағы жұмыс күшінің санына қатысты 0,24% немесе 22 260 бірлік мөлшерінде белгіленді.