Қоғам • 27 Маусым, 2023

Әлеуметтік кодекс 1 шілдеден бастап күшіне енеді

519 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың баяндауынша Республикадағы әлеуметтік қолдау мәселелері бір құжат – Әлеуметтік кодекспен реттеледі. Ол 1 шілдеден бастап күшіне енеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Әлеуметтік кодекс 1 шілдеден бастап күшіне енеді

Әлеуметтік кодекс туғаннан бастап кәмелеттік жасқа жеткенге дейін әлеуметтік қолдау көрсету, жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігі, әлеуметтік сақтандыру, қиын өмірлік жағдай кезінде көмек көрсету, қарттарды қолдау және т.б. мәселелерді қамтиды.

Министрдің баяндауынша, ана мен баланы әлеуметтік қорғауды күшейту мақсатында бірқатар қосымша шара қарастырылды. Мәселен, жыл басынан бері бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Бүгінгі таңда 450 мыңнан астам отбасы аталған көмекті алды.

1 шілдеден бастап «Алтын алқа», I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Бұл шарамен 90 мыңға жуық әйел қамтылмақ.

Сондай-ақ Кодексте мүгедектігі бар азаматтарға көп көңіл бөлінді. Атап айтқанда, мүгедектерге, олардың қамқоршыларына және асыраушысынан айырылған отбасыларға төленетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артады. Жәрдемақы мөлшерінің жыл басында 8,5%-ға ұлғайғанын ескере отырып, төлемдер сомасы жалпы 23%-ға өспек.

Жалпы жаңа Әлеуметтік кодекстің осы және басқа да көптеген нормасы азаматтардың әл-ауқатын арттыруға және әлеуметтік тәуекелдердің алдын алуға бағытталған.