Әдебиет • 27 Маусым, 2023

Адалдық ақыны

309 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Шәміл Мұхамеджанов – әде­биет есігін бұзып-жарып емес, әдеппен ашты. Торғай өзені секілді тұнық ақты, дау­рыққан жоқ. Лепірмеді. Көркем сөз өнеріне өзінің ешкімге ұқса­майтын әлемі мен өрнегін ала келді. Қамшының сабындай қысқа ғұмыр кешсе де арты­на мол мұра қалдырды. Жиыр­маға жуық жыр жинағы жарық көр­ді. Орыстың атақты ақыны М.Лермонтовтан бастап, Я.Рай­нис, Л.Украинка, Т.Шевченко, Р.Ғамзатов, Я.Смеляков, тағы басқалардың шығармаларын аударды. Қаншама әнге сөз жазды. Бастысы, өмірден ақындықтың туын жықпай өтті.

Адалдық ақыны

Шәмағаңды өлең сүйер қауым ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Шәмілге жазған хаттардан» атты жырлары арқылы жақсы біледі.

«Шәміл-ау!

Хал-жайымды білсең еді,

Білмеймін қайтерімді...

Кім сенеді?

Он жетімде өшіріп алған отым,

Қайтер ең, қайта қарып жүрсе мені?», – деп түйдей құрдасына мұзбалақ ақын бекер жыр арнаған жоқ. Әйтпесе, Мұқағалимен құрдас ақындардың қатары мол. Бұл туынды екеуінің ойы мен пікірі, мұңы мен сыры жақын екенін көрсетеді.

Көрнекті сыншы Мұхамеджан Қаратаев ақынның бір таңдамалысына жазған «Жыр қанатында» атты мақаласында былай дейді: «Музыкалық хор мен оркестр қанша үннен құралса да әркімнің өз үні, қанша аспаптан құралса да әрқайсысының өз ызыңы, өз сазы, үздік естілетіні сияқты поэзия хорында да әр ақынның өз мақамы, өз ырғағы, өз сарыны болуға тиіс. Осынау қасиет Шәмілде баршылық».

Шынында да, ақын өлеңдерінен тек өзіне тән бөлек үнді, сазды өрнекті, келісті көркемдікті, тазалықты көресіз. Ойын ширақ қайырып, қысқа-нұсқа жазуға шебер. Артық сөзді айтып, шұбалтпайды. Қасаңдық жоқ. Нәзік сезімге толы. Оқығаннан көңілге қона кетеді.

Мұхамеджан Қаратаев жоғарыда айтқан мақаласында ақын шығармашылығына кеңірек тоқтала келіп: «Туған ана, туған жер, қатар-құрбы, сүйген жар тақырыбынан бастап, қазақтың байтақ даласы мен игерілген тыңы жайында болсын мейлі, Ұлытауы мен Алатауы, сүйікті Алматы мен туып өскен Торғайы туралы болсын мейлі, не жайында болмасын Шәміл өзінің шағын лирикалық, патетикалық өлең, жырларында нағыз жүрек сөзін айтады, ол сондай-ақ артық асқақтамай, ойы мен сезімінің түймедей түйінін шағын ғана өлең жүйесіне сыйғызып,жылы, жұмсақ әуенге өріп жеткізеді», деп баға беріпті.

Туған жер демекші, талантты тұлғаның шығармашылығында оның алар орны бөлек. Ақынның кез келген кітабында туған жері тура­лы мөлдіретіп жазған өлеңдерін көп кез­дестіресіз. Сағыныштың бесігін тербетіп отырып жазған жырлары жүрекке бірден жетеді. Айтар ойын кейде екі-үш шумақ өлеңге сидырып жіберген.

Мәселен мына өлеңге зер салыңыз.

«Сен көрсең ғой...

Көрсең егер Торғайдың кең даласын,

Ашылмаған өзің бір кен боласың.

Көкірегің сайрайды бұлбұл болып,

Қыран болып биікке сен қонасың.

Ел алады аялап құшағына,

Кездескендей боласың нұр шағыңа,

Бір көрген жан өзіңнің ұлың болып,

Разы болар еді туса мұнда»,

деп тебіреніпті.

Торғай даласы Бурабай немесе Баянауыл се­кілді тау-тасы мен ағашы мол өлке емес. Са­ғым­ға оранып жатқан сары дала. Бірақ оның да өз көр­кемдігі бар. Көктемнен күзге дейін ары-бері киік­тер жосып жүреді. Осы сар даланың төсінде қыз­дың бұрымындай Торғай өзені ағады. Аттың бел­уарынан келетін көк шалғын жайқалып тұрады. Осының бәрі ақын көзімен ерекше көрінеді. Сол жерді мекендеген адамдардың ер мінезі мен дархандығы да шынайы жыр тілімен өрілген.

Әрбір ақынның қолтаңбасын ерекше таныт­қан туындылары болады. Шәмағаңның сондай өлеңдерінің бірі «Туған ауыл» деп аталады. Бұл өлеңнен анау айтқандай, тың теңеуді, соны образды, тосын тіркесті көрмейсіз. Қарапайым ғана дүние. Бірақ осында ой дейсіз бе, сезім дейсіз бе, көңіл толқытар сағыныш дейсіз бе – бәрі бар. Оқығанда жан-дүниеңізді қозғап, бірден баурайды. Алыстағы туған ауылыңызға жетелей жөнеледі.

Оқып көрелік.

«Сырқаттансаң, курорт іздеп сабылма,

Жөнел бірден өзің туған ауылға,

Саф ауасын, сар қымызын сапырып,

Түс ауғанша көлеңкеде дамылда.

 

Бала күнгі достарыңды жиып ап,

Қырға шығып жарау атпен құйындат,

Әзіл айтып шек-сілесін қатырып,

Құрбылардың көңілінің күйін бақ.

 

Жалғыз қалып жалыққан бір шақтарда

Әңгіме айтқыз көнекөзді қарттарға,

Ауылда бір той-домалақ боп жатса,

Бәріне бар біреуінен шет қалма.

 

Сырқатыңа нағыз курорт ел деп біл,

Осы айтқаным қате болса, көр де тұр,

Анау-мынау жел-құзыңнан сауығып,

Аман-есен оралмасаң мен кепіл»,

деп ақын жүрегінен бір деммен құйылып түсіпті.

Осы өлеңді кез келген жыр антологиясына ұялмай ұсынуға болады.

Айтулы ақын саналы ғұмырында әдебиетке адал еңбек етті. Қолтаңбасын қалдырды. Атақ­қа ұмтылмады. Азаматтығынан таймады. Қара­па­йым болмысынан өзгермеді. Таза өмір сүрді.

Ол бір өлеңінде:

«Мен ешкімнен байлық, бақ сұрамаймын,

Мен ешкімге жағынып, ұнамаймын.

Өзгелерден биікті қызғанбаймын,

Өзім шыққан биіктен құламаймын!»,

деп айтыпты.

Дүниеден адалдықтың ақ туын жықпай өткен арқалы ақын өзі шыққан биігінен еш құламайды.