Мысалы, бір күннің ішінде 1414 бірыңғай байланыс және қолдау орталығы арқылы 221 шағым түскен. Сондай-ақ 109 бірыңғай байланыс орталығы арқылы да жедел жәрдем қызметіне қатысты тұрғындардың 25 қоңырауы тіркелген. Олардың көбі жедел жәрдемнің жиі кешігетіні туралы шағымданған. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиевтің айтуынша, өңірдегі 2 миллионнан астам тұрғынға 216 бригаданың күшімен жедел жәрдем қызметі көрсетіледі. Яғни бригада тапшылығы сезілуде. Облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының 6 қалалық бекеті, 17 аудандық бөлімшесі бар. Олардағы санитарлық автокөліктердің саны 190, МСАК жанындағы ЖМЖ 85 автокөлікпен қамтылған. Былтыр төрт айда 210456 қоңырау қабылданса, биыл 224742 қоңырау түскен. Яғни былтырғы 4 аймен салыстырғанда биыл жедел жәрдемге қоңырау шалушылар саны көбейген.
«Облыста 5485 дәрігер мен 19095 орта буын қызметкері медициналық көмек түрлерін көрсетеді. Иә, кардиолог, невропатолог, оторинларинголог, анестезиолог-реаниматолог педиатр, окулист, онколог, акушер-гинеколог, неонатолог, нефролог, инфекционист, фтизиатр, травматолог, офтольмолог, дерматовенеролог, ревматолог сынды бірқатар бейінді мамандық есебінен дәрігер жетіспеушілігі туындап отыр. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Мысалы, былтыр 1 663 маманды оқыту жоспарланып, 2 426 (958 дәрігер, 1 468 орта буын) оқытылған, 18 дәрігер Түркияда біліктілігін арттырып, тәжірибе алмасып келді. Жергілікті аудан әкімдіктері тарапынан мамандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін жеңілдетілген несие берілуде. Былтыр тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 27 жас отбасына бюджеттік несие берілді. Республикалық бюджет есебінен тапшылықты азайту мақсатында 2022 оқу жылына медициналық мамандықтарға 72 грант резидентураға бөлінген. Ал медициналық ұйымдар есебінен 34 маман резидентурада оқытылуда. Биылғы оқу жылына дәрігерлерді резидентурада даярлауға жергілікті бюджет есебінен 116 млн теңге қаралып, тапшы медициналық мамандықтарды оқытуға облыс әкімінің 60 гранты бөлінді. Сондай-ақ биыл 125 319 млн теңге қаралып, 3046 маманның біліктілігін арттыру, алыс-жақын шетелдерде тәжірибе алмасу мақсатында шеберлік сағатын, семинарлар өткізу жоспарланған. Ауылды жерге жұмысқа орналасқан 74 жас маманға әлеуметтік көмек көрсету көзделген болатын. Биылдың бірінші тоқсанында 3 жас маман ауылды жерге жұмысқа орналасып, әлеуметтік қаржылай көмек көрсетілді. Өңірдегі медициналық ұйымдардың арнайы техникамен жарақтандырылу деңгейі – 84%, биыл бұл көрсеткішті 87%-ға жеткізу жоспарлануда. Бұл орайда 2023 жылға жалпы сипаттағы трансферттер есебінен жалпы сомасы 9 356 692 мың теңгеге 431 бірлік медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету көзделуде», дейді басқарма басшысы Асхан Байдуәлиев.
Маман жетіспеушілігі шалғай дерлік аудан, ауылдарда қатты сезіледі. Мысалы, Созақ аудандық орталық ауруханасының басшысы Болат Нұсқабаев дәрігерлік қызмет көрсету құқығы шеттегі медициналық мекемелерге берілу салдарынан қажеттілігі ескерілмеген 7 елді мекендегі ауруханалардың әрбірінде бір-бір дәрігерден ғана қалғанын айтады. Тіпті кейбірінде дәрігер де жоқ. Сол себепті медициналық қызметтердің сапасы жетілмей қалған. «Бұл бір жылда емес, бірнеше жыл бойы қордаланған мәселе! Бұл мәселенің де шешу жолын қарастырып жатырмыз. Қалай болғанда да біз медициналық қызмет көрсетуді үзбейміз, дәрігерлерді жұмыстан шығармаймыз. Өйткені біздегі ең үлкен мәселе – маман тапшылығы. Ауылды жерлерді айтпағанда, аудан орталығы Шолаққорғандағы аурухана мен емханада реаниматолог, невропатолог, кардиолог, нефролог, нейрохирургия мамандары жетіспейді. Десек те қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Сондықтан, ең алдымен, Созақ ауданының еліміздің медициналық оқу орындарында оқып жүрген студенттерін іздедік. Құдайға шүкір, дәрігер болғысы келетін азаматтар бар екен. Енді сол Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қалаларында білім алып жатқандардың тізімін алдыртып, оқуын аяқтайтын жас мамандарды туған жерге қызмет етуге тартпақ ойдамыз. Өйткені бұған дейін де «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасымен ауданға келіп, тұрақтай алмай қайтып кеткендер бар екен. Сол себепті облыс әкімдігінің, денсаулық сақтау басқармасының және аудан әкімдігінің қолдауымен жергілікті мамандарды ынталандырып, осында алып қалуды көздеп отырмыз. Бұдан бөлек, медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарымен келісімшартқа тұрамыз. Дәрігер осы ауданның азаматы болса, Созақта кемі бес жылдық жұмыс істеу келісімшартымен резидентурасының ақысын төлеп оқыту секілді жолдарын қарастыру жоспарымызда бар. Осылай жыл сайын 4-5 маманды даярлаймыз. Кадр тапшылығы бір жылда шешіледі деп айта алмаймын. Кезең-кезеңімен толықтыратын боламыз», дейді Болат Нұсқабаев.
Соңғы 5 жылда ауданға келген мамандардың әлеуметтік көмек алғандары ғана тұрақтап қалған. Ал үй алмаған, басқарма тарапынан берілетін бір реттік әлеуметтік пакетке қол жеткізе алмағандардың көбі кері қайтқан. Дегенмен 2017 жылы – 4, 2018 жылы – 2, 2019 жылы – 3, 2020 жылы – 3, 2021 жылы 5 маман келіп, бес жылдық келісімшарт негізінде аудан тарапынан баспанамен қамтылған екен. «Ана мен бала денсаулығына жауапты акушер-гинеколог, педиатр тапшы. Ота жасайтын екі-ақ маман бар. Хирургтердің саны кемінде 4-еу болуға тиіс, – дейді Болат Нұсқабаев. – Сондықтан ең алдымен осы үш сала мамандарын облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы басшылығының қолдауымен Астана мен Алматыға жіберіп, біліктіліктерін арттырудың бірінші кезеңінен өткіземіз. Сосын алыс-жақын шетелдерге жіберіп, кәсіби біліктіліктерін арттыруды, шыңдауды көздеп отырмыз. Бұл мамандар өздері ғана оқымайды. Оралған соң тәжірибе бөлісіп, әріптестеріне үйретеді. Солай басқа саланың мамандарын да оқытатын боламыз». Сондай-ақ ауданда елді мекендердің алшақ орналасуына байланысты жедел медициналық жәрдем көліктерінің қажеттілігі қатты сезіледі. Көлік базасы ескірген. Соңғылары 4-5 жыл бұрын жаңаланған болса, ескілеріне 20 жылдан асыпты. Бұл орайда биыл аудан әкімдігінің қолдауымен Созақты жедел жәрдем көліктерімен толық қамту көзделіп отыр.
Ал облыстық жедел медициналық жәрдем стансасының жұмысын жақсарту, сапасын арттыру мақсатында 103 байланыс желісі арқылы науқастарға дәрігерлік кеңес беру күшейтілген. Жедел медициналық жәрдем стансасының автопаркі жыл басында 13 Hyundai және МСАК жанындағы жедел жәрдем қызметі 2 «Лада Ларгус» маркалы санитарлық автокөліктерімен жаңартылған. Жыл басынан бері 38 автокөлік күрделі жөндеуден өтіпті. Қызметкерлердің біліктілігін арттыру мақсатында аудан және қалалардағы бекеттерде семинар сабақтар өткізіліп, аттестаттау жүргізілді. Медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталуы 86,3% құрайды. Жаңа жедел жәрдем ғимаратында заманауи құрал-жабдықтарды өңдеу құрылғылармен жабдықталған стерилизациялау бөлімшесі ашылды. Биыл облыстық денсаулық сақтау басқармасына жетіспейтін кұрал-жабдықтардың тізімі сұраныс хатпен жіберілген.
Айта кетелік, біз жоғарыда айтып өткен мәселелер облыс басшылығына мәлім. Денсаулық сақтау саласының өзекті мәселелері, жедел медициналық жәрдем қызметінің жай-күйі талқыланған жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды саланың техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсетілетінін айта келе, басқарма басшысы мен бас дәрігерлерге жұмысты ширатуды тапсырды.
Түркістан облысы