
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биік мінберден: «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарас тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет», деген.
Мемлекет басшысының бұл сөзінен, басқасын айтпағанда, бұқаралық ақпарат құралдарының алдында ұлтқа қызмет көрсетудің озық үлгілеріне жүгіне отырып,
уақыт талабына сай жаңғыру міндеті тұрғанын аңғаруға болады. Шын мәнінде, аталған саланың тиімділігін арттыру, өзгеріс заманында оны негізгі ұстанымынан айнытпай, әлеуетін қоғам игілігіне дұрыс бағыттап, ізгі мақсатқа пайдалану үшін нақты қадамдар жасалып, өзін-өзі ақтайтын ауқымды жобалар қолға алынуға тиіс.
Ахмет Байтұрсынұлы газет қызметі – халыққа бас, көз, құлақ, тіл болып, ұлтының ар-абыройын күзетіп, жұртын жақсылыққа бастауын аманаттаған еді. Ұлт ұстазының осы өсиеті журналистердің мойнындағы жауапкершіліктің зор екенін көрсетеді.
Бүгінде еліміздегі БАҚ өзінің ұлт ұстазы айтқан негізгі міндетін абыроймен атқарып келеді. Әсіресе қоғамдағы жақсылықтың жаршысы болуда, әттеген-айлар мен өзекті мәселелерді көтеруде, атқарушы биліктің назарын елді алаңдатқан түйткілдерге аударуда еліміздегі БАҚ-тың рөлі ерекше.
Рас, бұқаралық ақпарат құралдарының, журналистердің еңбегі мемлекет тарапынан еленбей қалады, аталған саланы ынталандыру, қолдау ісі қаперге алынбайды деген пікір жиі айтылады. Мұндай сарындағы пікірлерді жоққа шығаруға болмас, бірақ аталған мәселеде игілікті бастамалар көтеріліп, олардың лайықты жүзеге асырылып жатқанын да айтуымыз керек. Десек те отандық БАҚ-ты қолдау, журналистердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын көтеру бағытында нақты жобалар қолға алына бастағаны көңіл қуантады. Соның бір мысалы ретінде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күніне орай медиа саласында қажырлы қызмет атқарып келе жатқан 65 журналистің отбасы қуанышқа кенелді – баспаналы болды.
Осы жағымды жаңалықтан Мемлекет басшысының отандық БАҚ-тың бəсекеге қабілеттілігін арттыру мəселесіне айрықша назар аударып отырғаны айқын көрінеді. Мереке қарсаңында берілген баспана журналистер қауымының еңбегін әділ бағалауға деген бетбұрыстың басталғанын білдірсе керек. Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары – Президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың айтуынша, осындай мемлекеттік қолдау əлі де жалғасады.
Биыл БАҚ қызметкерлерінің кəсіби мерекесі тамаша тартумен басталды. Ұлттың ар-абыройын күзету, жұртты жақсылыққа бастау, жаманшылықтан сақтандыру міндетін абыроймен атқару маңызды. Сол үшін де салаға мемлекет тарапынан қолдау білдірілуі, ынталандыру жұмыстарының қолға алынуы қажет-ақ. Бұл қажеттілікті өтеу бағытындағы жұмысты Президент жаңаша серпінмен бастап берді десе болады. Жақсылық жалғаса берсін, ағайын!