Сенат • 29 Маусым, 2023

Қорғаныс саласындағы жұмылдыру дайындығында кемшілік көп - сенатор

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенатор Жанна Асанова Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына мемлекеттің қорғаныс қабілетіне қатысты   депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қорғаныс саласындағы жұмылдыру дайындығында кемшілік көп - сенатор

Депутаттың айтуынша, Қазақстан соңғы бірнеше жылда елдің қорғаныс қабілеті мен ұлттық қауіпсіздігін күшейту мақсатында айтарлықтай жұмыс жүргізді. Сонымен қатар пысықтауды және шешуді талап ететін мәселелер де бар. Көптеген мемлекеттік органдарда жұмылдыру құрылымын министрдің орынбасарлары, орынбасарлар, аппарат басшылары қадағалайды. Алайда, жұмылдыру дайындығы туралы заңға сәйкес мұндай бөлімшелер мемлекеттік органның бірінші басшысына тікелей бағынуға тиіс. Сонымен қатар бұл салада білікті мамандардың мүлдем жетіспейтіні анықталды.

«Жұмылдыру жоспарында мемлекеттік органдарға берілетін жұмылдыру міндеті мен жұмылдыру тапсырысы белгіленген. Алайда, оларда өндірістік, қаржылай, қойма мүмкіндіктері әрдайым бола бермейді. Сондықтан жоспар жасаудан бұрын ұйымның материалдық-техникалық және қаржылай мүмкіндіктеріне талдау жасау қажет. Мемлекеттік органдар Мемматрезервтің материалдық құндылықтарын сақтау номенклатурасы мен көлемін қалыптастыруға мүдделі емес. Сондықтан олар қажеттіліктердің ауқымды тізімін береді. Оны жұмылдыру резервіне толық енгізу мүмкін емес. Төтенше жағдайлар министрлігі үшін бөлінетін лимиттер мен бюджет қаржысы жұмылдыру резервін қамтамасыз етудің қажетті деңгейіне жетпейді. Сондықтан жұмылдыру резервіне материалдық құндылықтарды сатып алудың басымдығы күшін жояды және резервті жинақтаудың жалпы пайызы белгіленген көлемге жетпейді», деді Жанна Асанова.

Сенатор осыған байланысты жұмылдыру резервінің материалдық құндылықтарын қалыптастыру, сақтау жөніндегі функцияларды мемлекеттік органдарға беруді ұсынды. Сондай-ақ әрбір мемлекеттік органға жұмылдыру тапсырысын орындау үшін қажетті тауарлардың атауы мен көлемін айқындау жөніндегі есептеу нормативтерін әзірлеу және бекіту құзыреттері бекітілуі тиіс екенін жеткізді.