Оқиға • 29 Маусым, 2023

Кентаудағы дәмханада уланғандардың саны 100-ге жуықтады

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кентаудағы дәмханада тамақтан жаппай улануға қатысты жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Кентаудағы дәмханада уланғандардың саны 100-ге жуықтады

Түркістан облысының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті хабарлағандай, Кентау қаласындағы «Рызық-Рауаны» дәмханасында келушілердің тамақтан уланғаны туралы ақпарат 27 маусымда түсе бастаған.

Дәрігерлердің айтуынша, уланғандар дәмханада суши, пицца және тауық етін жеген.

«Содан бері ауруханаға жатқызу саны сағат сайын артып келеді. Бүгінгі жағдай бойынша 92 адам зардап шекті. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 36 бала мен 47 ересек адам бар», деп хабарлады департамент өкілдері.

Кентау қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеу сатысында қылмыстық іс қозғағанын айта кету керек.

Тергеу барысында аталған нысанның 46 орындық тамақтану орны ретінде ашылғаны анықталды. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, 2023 жылдың сәуір айында Кентау қалалық департаментіне қызметтің басталуы туралы хабарлама жіберілген еді. 

«Тергеу барысында бірқатар кемшіліктер анықталды. Мәселен, кәсіпорында өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ. Кәсіпорын қызметкерлері, яғни аспаздар мен даяшылар толық алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден өтпеген. 20 қызметкердің 12-сінде ғана медициналық кітап бар. Шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттардың толық тізімі де жоқ. Өнімдерді сақтауда коммерциялық көршілестік жағдайлары сақталмаған, яғни ет өнімдері, құс өнімдері, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістердің барлығы бір тоңазытқышта сақталған. Қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін сақтайтын орын жоқ. Жұмыртқаны сақтауға және жууға арналған арнайы контейнер жоқ. Сондай-ақ тексеру барысында пайдалану мерзімі бұзылған өнімдер анықталды. Қазіргі таңда зертханалық зерттеуге алынған сынамалар жүргізіліп жатыр», деп қосты ведомство мамандары.

Департамент өкілдерінің айтуынша, аталған тамақтану орнында жаппай улану оқиғасы осымен үшінші рет тіркеліп отыр.