«AMANAT» партиясының барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының бірінші республикалық форумында ҰЭМ басшысы 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның нәтижесінде халықтың мемлекет қызметіне қатысу тетіктері айтарлықтай кеңейгенін атап өтті.
«Мәслихат депутаттарының мәртебесі мен дербестігін арттыру үшін мәслихат хатшысының лауазымы мәслихат төрағасы болып қайта құрылды, тұрақты комиссиялар төрағаларының екі лауазымы енгізілді, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен мәслихат депутаттарының біліктілігін арттыру көзделген», деді министр.
Ол сондай-ақ енді мәслихаттар әкімдердің халықпен кездесуі барысында көтерілген проблемалардың мониторингін жүзеге асыратынын, әкімдіктердің бюджеттік комиссияларының жұмысына қатысатынын, қажет болған жағдайда бюджетті нақтылауға бастама жасау құқығын беретінін нақтылады. Сонымен қатар Ә.Қуантыров форум қатысушыларына келесі бағыттар бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді:
Өңірлерді дамыту бойынша
- Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды • «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша биыл 800 ауылда 200 млрд теңге сомасына 1,8 мың жобаны іске асыру жоспарланып отыр
- «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде алдағы 3 жылға жалпы сомасы 70 млрд теңгеге 13 мың маманды әлеуметтік қолдау шараларын ұсыну жоспарлануда • 2029 жылға дейін халықтың табысын арттыру бағдарламасы өзектендірілді
- Моно және шағын қалаларды дамыту шеңберінде 74 жобаны іске асыруға 35 млрд теңге бөлініп, жыл сайын сома 50 млрд теңгеге дейін өседі.
Кәсіпкерлікті дамыту бойынша
«Қазіргі уақытта бизнесті қолдау құралдары көзделген кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы іске асырылуда. Өткен жылы республикалық бюджеттен 170 млрд теңге бөлінді», деді ҰЭМ басшысы.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы:
- 234 млрд теңге инвестиция тартылады
- 5,8 мың шақырым инженерлік желілерге жөндеу жүргізу жоспарлануда
- 213 өтінім қаралды
- Желілер тозуының 2%-ға, апатты жағдайлардың 5%-ға төмендеуі, жұмысшылар жалақысының 50% - дан 100% - ға дейін көтерілуі күтіледі
Бюджеттік орталықсыздандыру бойынша
- 2022 жылы жергілікті бюджеттердің кіріс базасы бірқатар төлемдерді жергілікті деңгейге беру есебінен 81 млрд теңгеге ұлғайтылды
- Бюджеттің IV деңгейіне салықтар мен төлемдердің 4 түрін беру жоспарланған
- Өңірлік стандарттар жүйесі енгізілді
«Биыл министрліктің алдында жаңа Салық және Бюджет кодекстерін әзірлеу міндеті тұр. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» және «Концессиялар туралы» заңдарды біріктіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», деп қорытындылады ведомство басшысы.