Таным • 29 Маусым, 2023

Археологиядағы тың жаңалық

338 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақтың сайын даласы кеудесі қазынаға толы көнекөз қария секілді. Тілдесе білсеңіз, көне дәуірден шежіре шерте жөнеледі. Жақында Ақмола облысы Қорғалжын ауданы Ұялы ауылынан Алтын Орда дәуіріне тиесілі қос кесене табылды дегенде елең ете қалдық. Ғалымдар оны атақты академик Әлкей Марғұлан сипаттап жазған «Сұлу там» мен «Сырлы тамға» ұқсатып болжам жасап отыр.

Археологиядағы тың жаңалық

Бұл археологиялық ғылыми-зерттеу жұмысы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Бозоқ» мем­лекеттік тарихи-мә­дени музей-қорығы тарапынан «Сары­арқаның ортағасырлық тарихи-мәдени мұрасы» жобасы аясында атқарылды.

Қорғалжын – ертеден ел қо­­ныс­танған өңір. Әсіресе Жошы ұлысы кезінде саяси және мәдени орталықтың бірі болған. Сонымен бірге Ұлы Жібек жолының бо­йын­­да оңтүстік пен солтүстікті бай­ла­ныстырған дәліз қызметін ат­қарған. Оған дәлел ретінде осы өңірдегі көптеген тарихи-мәдени ескерткішті айтуға болады.

Бұған дейін де Қорғал­жын­­д­ағы бірқатар тарихи ны­санға археологиялық зерттеу жүргізілді. Мәселен, «Жәнібек-Шалқар» кесенесі мен «Бытығай» кешеніндегі зерттеу жұмыстары барысында Алтын Орда кезеңіне тән нумизматикалық коллекция, тұрмыстық заттар және антропологиялық материалдар жинақталды. Бұл заттар отандық және шетелдік зертханаларда сарапталды. Зерттеу жұмыстарының нәтижелері мерзімді баспасөзде жарияланып, жинақ болып жарық көрген. Қазір археологиялық қазба жұмыстарынан табылған жәдігерлер Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне қо­йылған.

Біз сөз етіп отырған Алтын Орда дәуіріне тиесілі екі жерлеу-ғұрыптық ескерткіші Қорғалжын ауданындағы Ұялы ауылдық округіне қарасты Нұра өзенінің жағасынан табылды. Ғалымдар бұл кешенге шартты түрде «Ұялы ортағасырлық қорымы» деген атау берген. Бұған бес нысан кіреді. Ескерткіш егістік алқабында қалғандықтан, сақ­талуы өте нашар. Ғалымдар кейбір кешен егістіктің астында қалуы мүмкін дейді.

– Кесене сол жердің саз кір­пішінен тұрғызылған.Бірақ іші тоналған. Сонымен қатар ескерткіштен күйдірілген кірпіш пен сырты жылтыратылған қыштың кейбір сынықтары табылды. Сондай-ақ керамикалық ыдыстардың тұтқалары мен тағы басқа да заттар шықты. Бұларды Алтын Орда мен Қазақ хандығы дәуіріне тән дүниелер деп отырмыз. Кесенеге кірпішті осы жерде құйған секілді. Өйткені кешен маңайында 4-5 үлкен шұңқырдың орны тұр. Табылған қыш сынықтарына қарап, Әлкей атамыздың «Сырлы там», «Сұлу там» атауының өзінде де негіз бар, – дейді Ұлттық музейдің археология және этнография бөлімінің жетекшісі Пердехан Мұсырманқұл.

Ғалымдардың пікіріне зер салсақ, сәулет өнеріндегі сырлау техникасы негізінен Оңтүстік аймақтағы ортағасырлық ескерт­кіштерге тән дүние. Кесекте сақталған бояу да Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде қолданылған бояуға ұқсайды.

Қазір зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатқан екінші кесене де сәулет тұрғысынан осыған ұқсас болуы кәдік. Оның да орта ғасырларға тән белгілері бар. Есігі сол кездегі наным-сенімге сай, солтүстік-батысқа қараған.

Ал тарихшы-археолог Сырым Есенов кесененің күмбезі болған деген болжам жасап отыр.

– Ескерткіштің ішкі бөлігі әк­пен ақталған. Осыған қарап, оның күмбезі болғанын байқаймыз. Егер төбесі ашық болса, оны ақтаудың қажеті жоқ. Кесене басқа кешенге қарағанда ерекше, көлемі де ауқымды, – дейді ол.

Өткен ғасырдағы 70-жыл­дардың басында Әлкей Марғұлан «Бытығай» кешеніне арнайы келіп, зерттеу жүргізген. Сонда бұл нысанға «еліміздегі сәулет құрылыс өнерінің көрнекті үлгісі» деп баға берген. Сондай-ақ академик осы өңірдегі «Сырлы там», «Сұлу там» кесенелері туралы да жазған. «Бытығай» мен біз айтып отырған ескерткіштердің арасы бір-бірінен онша алыс емес.

Қысқасы, осы іргелі зерттеу жұмыстары Алтын Орда дәуіріндегі жерлеу дәстүрі, заттық мәдениеті мен діни-ғұрыптық және салт-жоралғыларының белгісіз тұстарын ашады. Сонымен қатар ғалымдар оның нәтижесі «Қазақстан тарихы» көп­томдығының «Орта ғасыр­дағы Қазақстан тарихы» бөлімін жазуда аса өзекті екенін жеткізді.

и