Аймақтар • 30 Маусым, 2023

Ертістен су тасып ішуге мәжбүр

215 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Чернорецк ауылының тұрғындары сапалы ауыз судан таршылық көріп отыр. Елді мекенде 40 жылдан астам жұмыс істеп тұрған скважинаның суы түгесіліп, амалы қалмаған жұрт Ертіс өзенінің суын қайнатып ішуге мәжбүр.

Ертістен су тасып ішуге мәжбүр

Павлодар ауданына қарасты бұл ауылда қазір бау-бақша мен төрт түлікті суаратын су көзі жоқ. Мәселе сонау 2021 жылдың қысында басталып, жергілікті тұрғындар үйлеріне келіп тұрған ауыз судың сапасы нашарлап бара жатқаны жа­йында дабыл қаққаны есімізде. Жергілікті әкімдік әупірімдеп жүріп жағдайды түзегендей болып еді. Алайда былтырдан бері бірінші скважинаның түбін лай басып, ахуал тіпті қиындап кетті. Су мұнаралары жер астынан тартып алатын суды жеткілікті жинай алмайды. Мәселе содан бері өзекті күйінде қалып отыр.

– Күн ыстықта су таппай, қа­та­лап отырмыз. Бірінші мұ­на­раға жи­на­латын су тұтас ауыл­ға жет­пейді. Ал екінші мұна­раны осы ай­дың соңынан бас­тап жөндей бастаймыз, – дейді әкім­діктегілер. Былтыр да осын­дай жағдай орын алып, құ­дық­­­тардың бетіне су шығып кет­ті. Жапқыштарын ауыс­тырған соң, мәселе реттелген­дей көрін­ген. Әрі үйімізге келіп тұрған су ауыз суға жарамсыз, тек үй шаруа­­шылығына, бау-бақшаға пайда­ланамыз. Енді сол судың өзі де жоқ. Соңғы рет болған апат­тық жағдайдан кейін барлығы тоқ­тап қалды. Адамдар бау-бақ­ша егуден қорқып қалған. Себебі оны суаратын су жоқ. Тұрғылықты халықтың 90 пайызы суды Ертіс өзенінен ше­лектеп тасып, қай­на­тып ішуге мәж­бүрміз, дейді жер­гі­лікті тұр­ғын­ Анастасия Ращупкина.

Өңірлік энергетика және тұр­­­ғын­ үй-коммуналдық ша­­руа­­­­шы­­лық басқармасының бас­­­шы­сы Ержан Салхановтың айтуынша, бұған дейін су алынып келген­ скважинаның түбін лай басқаны се­бепті енді оны пайдалану мүм­кін емес. Сондықтан алдағы уа­қыт­­та жаңа скважина қазылып, ауыл­ халқына су содан тартылады. «Біздің басқарманың алдында өңір бойынша 27 ауыл­ды сумен қамтамасыз ету міндеті тұр. Яғни осы елді мекендерге ең әуелі басымдық беріледі. Чернорецкіде су жоқ емес бар, тек соның сапасын дұрыстау мәселесі туып отыр. Әрі мәсе­ле­нің қалыптасқанына бір жарым жылдай ғана уақыт болған. Оны шешу үшін бюджеттік өтінім беріп, смета жасауға біраз уақыт жұмсалды. Жобаны жүзе­ге асыру кезінде кейбір пысық­талмаған жайттар туындап қалады. Тағы бірі түзетуге ұшырайды, мәселен, қосымша скважинаны бұрғылау керек болады. Бұдан 40 жыл бұрын бұрғыланған скважинаның түбі лайлана бастағанын жобалаушылар ескермегенге ұқсайды. Себебі ауылды орталықтандырылған ауыз­­ су жүйесімен қамтыған уа­қыт­та жаңа скважина жобаға енбей қалған», дейді ол.

Павлодар ауданының әкімі Николай Дычко бұл скважина­ орта­лықтандырылған жүйе арқы­лы 2012 жылдан жақсы жұмыс істеп тұрғанын, мәселе соң­ғы екі жылда бой көрсете бас­тағанын жеткізді. Облыс әкім­ді­гінің қолдауымен жаңа скважина қазуға өңір бюджетінен 87 млн теңге бөлініпті. Тереңдігі шамамен 630 метр болатын ұңғыманы бұрғылау маусым айының соңында басталады деп сендірді аудан басшысы. Одан соң жаңадан сорғы жабдықтарын орнату, желіге қосу жұмыстары жүргізілмек.

Қазір Чернорецк ауы­лын­да 1494 адам тұрып жа­тыр.­ Аудандық қоғамдық ке­ңес­­­­тің төрағасы Бақытбек Бат­­кее­в­тің сөзінше, биылдан жер­гі­лік­ті ауылдардағы ауызсу кәсіп­орын­дарын басқару формалары өзгер­тіліп, барлығы облыстық бюд­жетке қарайтындай жүйе жасалуда. Себебі елді мекендердегі ауыз судың өзіндік құны бір текше метріне 600-700 теңгенің үстіне шығып кетеді. Ал жеке тұрғындарға белгіленген тариф мөлшері шамамен 258 теңге. Жергілікті қазына ауыз суды субсидиялауға үнемі қаражат таба бермейді. Сондықтан жаңа жүйе ауылдардағы ауыз су мұнараларының жұмысын тұрақты ететініне сенім мол.

 

Павлодар облысы,

Павлодар ауданы