Кентау қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері Асылбек Өтебаевтың мәлімдеуінше, ауруханаға жатқызылғандардың 27-сі ересек, қалғаны балалар. Ересектердің үшеуі – жүкті әйел. «Ауруханаға жатқызылған барлық науқастың жағдайы тұрақты, орташа ауырлықта. Сондай-ақ қанағаттанарлық жағдайдағы 28 науқас амбулаторлы емге жіберілді, оның ішінде 19 ересек, 9 бала бар. Науқастар жайында Кентау қалалық ТҚҚБ-ға шұғыл хабар беріліп, тиісті талдамалар алынып, бактериологиялық тексеруге жіберілді. Жұқпалы аурулар бөлімшесінде 40 төсектік орын бар, науқастардың көбеюіне байланысты қосымша тағы 40 төсек-орын қарастырылып, бекеттер ашылды. Науқастардың барлығына қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Дәрі-дәрмектер жеткілікті. Жалпы жағдай толық бақылауда», деді бас дәрігер осы оқиғаға қатысты өткізілген брифингте.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асқар Ысқақов болған жағдай негізінде Кентау қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғағанын айтты. Бір айта кетерлігі, дәл осы тамақтану орнында адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп келтірудің, яғни жаппай тамақтан улану жағдайы осымен үшінші рет тіркеліп отыр. «Бұған дейін осы дәмханада 2022 жылдың тамыз айында 8 адам, ал қазан айында 168 адам уланып қалған болатын. Аталған деректер бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тарапынан заң аясында тиісті шаралар қабылданған. Бірінші жағдайда жеке кәсіпкерге 230 АЕК айыппұл салынып, құқық бұзушылықты жою туралы ұйғарым берілген. Ал 168 адам уланған екінші жағдайда Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігімен Кентау қалалық полиция бөлімі сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғаған еді. Қылмыстық істің қаулысы негізінде СЭББ тарапынан жоспардан тыс тексеру де тағайындалған. Тексеру кезінде көптеген кемшілік анықталған. Аталған қылмыстық іс 2022 жылдың 30 желтоқсан күні аяқталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы қаулыға сәйкес қоғамдық тамақтану орнының иесі күдікті ретінде танылып, оның іс әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылықтың құрамы анықталған. Алайда жәбірленушілермен татуласуына байланысты, қылмыстық іс тоқтатылғандығы жөнінде ҚПБ-ның қаулысы шығарылған. Осыған байланысты, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тарапынан қоғамдық тамақтану орнының иесі – жеке кәсіпкер Ж.Тәжібайұлына әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, іс-құжаттар қалалық сотқа жолданады. Алайда сотқа жеке кәсіпкерге қатысты нақты сол факт бойынша тұлғаны күдікті деп тану туралы қаулының болуына байланысты іс тоқтатылсын деп қаулы шығарған. Тергеп-тексеру жұмыстары барысында нысан 46 орындық тамақтану орны ретінде ашылып, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес, эпидемиялық мәні болмашы объекті ретінде Кентау қалалық СЭБ басқармасына 2023 жылдың сәуір айында қызметін бастау туралы хабарлама жіберген», дейді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.
Ал күні кешегі жағдай бойынша қалалық полиция бөлімі Қылмыстық кодекстің 304-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бойынша қылмыстық іс қозғады. Құзырлы орындардың тергеп-тексеруі барысында бірқатар кемшілік анықталған. Мысалы, нысанда өндірістік бақылау бағдарламасы жоқ. Аспаздар мен даяшылар алдын ала профилактикалық медициналық тексеруден толық өтпеген. Жұмыс істейтін 20 қызметкердің тек 12-інде ғана медициналық кітапша бар. Шикізат пен өнімнің қауіпсіздігін куәландыратын құжаттары да толық емес. Тағам дайындауға қажетті өнімдердің қайдан алынғаны белгісіз. Сондай-ақ өнімдерді сақтау кезінде олардың тауарлық көршілестігі сақталмаған, яғни ет өнімдері, құс еті, сүт өнімдері, көкөністер мен жемістер, барлығы бір тоңазытқышта араласа сақталған. Қызметкерлердің жеке және арнайы киімдерін, жеке заттарын сақтауға арналған орын қарастырылмаған. Өнімдердің жарамдылық мерзімдері өтіп кеткен. Асқар Ысқақовтың мәлімдеуінше, зертханалық зерттеуге алынған сынамалар жұмыс үстінде.
Халық «Ауру – астан» деп бекер айтпайды. Әсіресе, жаздың аптап ыстығында бұзылған тағам мен жеміс-жидектен улану қаупі жоғары. Бірақ Кентаудағы «Ризық-Раяна» дәмханасынан тамақтанғандар жазда ғана емес, былтыр тамызда және қазан айында да уланған болатын. Өкінішке қарай, қазан айында 168 адамның денсаулығына зиян келтірген жеке кәсіпкер сол қателіктен сабақ алмапты. Сол кезде кешірім бергендер кешегі оқиғадан кейін өкінген де болар. Ал мұндай дәмханалардың тазалығы мен тамақ сапасын қадағалайтын жауапты мекемелер арыз-шағым түспесе тексеруге болмайды деген мораторийді алға тартып отыр. Яғни былтыр қазан айындағы оқиғадан кейін араға аз уақыт салып жұмысын қайта бастаған дәмхананың қызметі мүлде тексерілмеген.
Түркістан облысы