Медиа мектеп ақпараттық ағымға ілесе алатын, заманауи талаптарға сай, қарымды да қабілетті журналистерді даярлау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жобаға әр өңірден іріктеліп алынған бакалавр, магистрант дәрежесіндегі 50 студент қатысады.
Жазғы мектеп журналистердің қабілетін шыңдап, білімін тәжірибеге айналдыруға үлкен мүмкіндік беретіні сөзсіз. Себебі жобада кәсіби мамандар студенттерге бағдар беріп, бірігіп жұмыс істейді.
Айта кетейік, қатысушыларға М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінің Adjunct Assistant профессоры, PhD Алма Сайлауқызы, режиссер, киносценарист Мұрат Есжан, М.С.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университетінің оқытушысы Жолдас Өрісбай, кәсіби подкастер Елдар Құдайбергенов және «Media 24» компаниясының бас директоры Марғұлан Ақан дәріс оқып, уоркшоп өткізеді.
Іс-шараның ашылу салтанатына ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары Перизат Садуақас, Қазақстандық қоғамдық даму институтының Басқарма төрағасы Нұрбек Матжани қатысты.
Журналистика - барлық саланың маторы. Дәл қазіргі ақпараттық қоғамда онсыз ештеңе жүзеге аспайды. Сондықтан журналист ашық, сапалы әрі сауатты сараптамаларды дер кезінде ұсына білуі тиіс. Нұрбек Матжани журналистиканың әр саладағы осындай маңызын тілге тиек етіп, медиа мектептің мақсатына тоқталды.
«Media Bootcamp жазғы мектебінің оқу жоспары теориялық біліммен бірге тәжірибелік жұмыстар арқылы коммуникативтік дағдылар мен кәсіби ойлау қабілетін дамытуға, цифрлы технологияларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді меңгеруге бағытталған», деді ол.
Журналистика технологияның дамуымен өзгеріске ұшырап жатыр. Ақпарат таратудың жаңа тәсілдері көбейген. Журналистерге арналған жазғы мектеп дәл сол бағыттарда жұмыс істейтін болады.
Media Bootcamp-тің оқу бағдарламасы «Жасанды интеллектінің журналистикаға әсері», «Журналистика тарихы: Әлемдік журналистиканың дамуы мен ерекшеліктері», «Журналистикадағы заманауи әдіс-тәсілдер», «Подкаст: тұжырымдама, архитектура, іске қосу», «Деректі фильм: идеядан эфирге дейін», «Digital First Content: әлеуметтік желіге контентті бейімдеу механизмі мен ерекшеліктері», «Журналистік этика және стандарттар» сынды заманауи бағыттарды қамтиды.
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 3-курс студенті Кәрима Жұмағалидің айтуынша, Media Bootcamp – журналистика саласындағы білімі мен біліктілігін арттыруға берілген тамаша мүмкіндік.
«Сандық медиа, мультимедиялық әңгімелер, әлеуметтік медиа және деректер журналистикасы туралы курстарды қамтитын іс-шараның оқу жоспары дәл осы салалардағы дағдыларымды жетілдіру үшін қажет», деді қатысушы.
Айта кетейік, бұл игі бастама ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстандық қоғамдық даму институтына қарасты MediaLab орталығының қолдауымен өтеді.