Талантты жас екі жылға жуық уақыттан бері музыкамен айналысады. Қолы бос уақытында ән мәтінін жазады. Ол өзінің «Ар-ұждан» атты алғашқы музыкалық композициясын рэп стилінде шығарып, оның сниппетін ұсынды. Оны түлектердің ең ауқымды «ENU family day» кездесуінде орындады. Музыкалық туындыны бүгінде әртүрлі стриминг сервистері арқылы тыңдауға болады.
«Композициямның екінші бөлімінде өзіме көмектесетін қағидалар туралы айтамын. Олардың ішіндегі ең маңыздысы – ар-ұждан. Өз басым, оқуға немесе кез келген іске адалдық тұрғысынан қараймын. Бұл маған өзіме ғана емес, басқаларға да адал болуға үндейді. Үлкен құрмет, кішіге ізет көрсету – әдептілік. Біз кейде осы қарапайым ережені ұмытып кетеміз. Ал әнге келсек, оның мәтінін екі сағат ішінде жазып, оған лайықты би ойлап таптым. Шығарманың алғашқы нұсқасын таныстарым тыңдап, олардың көңілінен шықты», дейді ол.
Дарынды студент музыкамен айналысып қана қоймай, бизнес идеяларын жүзеге асыруға тырысады. Осы бағыттағы еңбегі де еш кеткен жоқ. Еуразия университетінің бизнес-инкубаторы ұйымдастырған стартап-жобалар байқауында екінші орынға ие болған. Бүгінде ол шығармашылық қабілетін одан әрі шыңдап, енді жарыққа шығатын бірнеше ән мәтінін жазып үлгерген.