Елорда • 03 Шілде, 2023

Астана қаламгерлерінің қанжығасы майланды

406 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл Арқа төсінде бой көтерген әсем Астанаға 25 жыл толып отыр. Соған орай Қаламгерлер аллеясында елорда әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының ұйытқы болуымен «Астана – шабыт арқауы» атты мән-мазмұнға толы мәдени іс-шара өтті.

Астана қаламгерлерінің қанжығасы майланды

Асылы, Астананың беделі елдің бас әкімшілік орталығымен, көкпен таласқан биік үйлерімен, көздің жауын алар ғимараттарымен, айнадай жарқыраған түзу жолдарымен, жасыл желек көмкерген саябақтарымен, неше түрлі гүлдің хош иісі аңқыған гүлзарымен ғана өлшенбейді, ондағы зиялы қауымның салмағымен де өл­шенеді. Осы жағынан келгенде, кіндік қаланың беті жарық. Өйткені елордада халқымыздың сүт бетіне шығар зиялыларының бір шоғыры жиналған. Олар бас шаһардың алғашқы кірпіші қаланған күннен рухани-мәдени орта­лыққа айналуына зор үлес қосты.

Халқымыз «әкімі ақынын іздеген ел бақытты» деген сөзді қалай тауып айтқан. Бүгінде елордада Қазақстан Жазушылар одағының 160-тан астам мүшесі тұрады. Олардың арасында қазақ әдебиетінің қазынасын сүбелі туындыларымен байытқан қабырға­лы қаламгерлерден бастап, көркем сөз өне­ріне енді келген талантты жас­тар да бар.

Іс-шарада алғашқы болып сөз алған Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Бәйкен елорданың рухани өмірі туралы айта келіп, оның қалыптасуына айрықша еңбек сіңірген ақын-жазушылар туралы ой толғады.

«Қазір елордада ұлт руханиятының бір-бір уығына айналған қаламгерлер тұрады. Олар бас қаланың ғана емес, еліміздің рухани-мәдени өмірінің дамуына аянбай қызмет етті. Астана әкім­дігі зиялы қауымды ешқашан назардан тыс қалдырған емес. Жас­тарды да үнемі қолдап отырады. Осы­дан екі жыл бұрын елордалық 30 жас ақын-жазушының жинағы жарық көр­ді. Жақында республикалық жыр мү­шәйрасын ұйымдастырдық. Осын­дай игі іс-шара жалғасын таба береді. Бүгін біз Астананың 25 жылдығына орай бір топ аға ақын-жазушыға сый-құрметімізді көрсетіп отырмыз», деді қала әкімінің орынбасары.

Сөйтіп, «Астана – шабыт арқауы» атты мәдени іс-шара аясында Төлен Әбдік, Қойшығара Салғараұлы, Ғари­фолла Есім, Серік Тұрғынбекұлы, Ал­дан Смайыл, Мәди Айымбет, Әлі­бек Асқар, Қайсар Әлім, Қуаныш Жиен­бай, Тұрсын Жұртбай, Алтыншаш Жағанова, Шәрбану Бейсенова бас­таған 80-ге жуық танымал қаламгерге Астана әкімінің қаржылай гранты табыс етілді. Бұған аға буын қаламгерлер бір серпіліп қалды. Белгілі жазушы, қоғам қайраткері Алтыншаш Жаға­нова елорданың рухани келбеті мен әлем алдындағы абырой-беделін қа­лып­тастыруға талмай еңбек етіп ке­ле жатқан көркем сөз зергерлеріне құр­мет көрсеткен қала әкімдігіне риза­шылығын жеткізді.

Осы игі істің басы-қасында жүр­ген айтулы ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағының Астана қалалық фи­лиа­­лының дирек­торы Дәулеткерей Кәп­­ұлының айтуынша, алда­ғы елорда ме­ре­кесінде осындай сый-құр­мет 25 жас ақын-жазушыға көрсе­тілсе, 25 қазан – Республика күнінде қалған алпысқа жуық қаламгер әкім грантын алады.

«Бұдан 3-4 жыл бұрын Алматы­да тұратын барлық қаламгерге Алматы әкімінің стипендиясы табыс етілді. Бізге де бұл ой салды. Содан бері осы мәселені көтеріп келеміз. Жақында Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қа­был­­дауында болғанда, осыны тағы кө­­тердім. Міне, нәтижесін көріп отыр­­мыз. Биыл елордаға 25 жыл толып отыр. Бас қаланың рухани тұрғы­дан қалып­тасуына қаламгерлер көп еңбек сіңірді. Мұны соған көрсетіл­ген құрмет деп білемін. Бір жағы­нан, елордадағы барлық ақын-жазу­шы­ның жағдайы керемет дей алмай­мын. Кейбір қаламгер­дің жұмысы, к­ей­біреуінің үйі жоқ. Бұл соған сәл де бол­са демеу. Қандай қоғам болса да, руха­ният өкілдеріне қолдау қажет. Енді осы іс-шара дәстүрге айналса деп тілеймін!», деді Дәулеткерей Кәпұлы.

Сондай-ақ мәдени іс-шара аясында қала әкімдігінің Орталықтандырыл­ған кітапханалар жүйесі «Астана – бейбітшілік пен жасампаздық мекені» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.