Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Елімізде халқы миллионнан асып жығылған Астананы былай қойғанда өңірлерімізде де ауыз суға қолы жетпей, таршылық көріп отырған елді мекендер өте көп. Олардың көпшілігін сумен қамтамасыз ету үшін қаражат та бөлінген. Бірақ нәтиже көңіл көншітпейді. Соңғы жылдары қара суға зар болған қаймана жұрттың үні «Amanat» партиясына жетіп, Партиялық бақылау комитетінің арнайы жұмыс тобы бірқатар облыстарға барып, проблемамен тікелей танысып қайтты.
Ресми деректерге сүйенсек, өткен 2022 жылдың қорытындысы бойынша ел тұрғындарының орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету деңгейі 96,8 пайызды құрайды. Бір қарағанда жақсы көрсеткіш секілді. Дегенмен суға қолы жетпеген 3,2 пайыз халықтың санына қарасақ, 600 мың адам екен. Яғни елімізде осынша тұрғын бүгінде ауыз суды өзен-көлдерден тасып ішуге немесе орталықтан су таситын көлік қашан келеді деп күтуге мәжбүр. Біз бұл мақаламызда Солтүстік Қазақстан облысының Шал ақын ауданы мен Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы ауылдардың сумен қамтылу проблемасын айтуды көздедік.
Солтүстік Қазақстан облысында Петропавл мен облыстық маңызы бар 4 қала толықтай орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілгенімен, аудандарда су мәселесі әлі күнге шешілмей тұр. Облыс көлеміндегі 3 мың шақырымдық су құбырының 2 мың шақырымы қатты тозған. Жалпы айтқанда ауыл тұрғындарының жартысына жуығы (42,8%) ауыз сусыз күн кешіп жатыр.
Облыс халқын «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Есіл су» филиалы мен «Қызылжар су» ЖШС ауыз сумен қамтамасыз етеді. 2011 жылдан 2022 жылға дейін «Есіл су» филиалы су құбыры желілерін қайта жөндеу бойынша облыс көлемінде 10 жобаны іске асырып, 103 елді мекенді сумен қамтамасыз ету сапасы жақсартылған. Осы жобалар шеңберінде 173,7 шақырым су құбыры желілерін жөндеу және оларды Есіл топтық су құбырына қосу жоспарланған болатын. Олардың жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрады. Дегенмен сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігіне қараған Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» РМК бұл жобаларды жүзеге асырмаған. Облыс және аудандар тарапынан түскен өтініштер де жауапсыз қалып, алға қойылған мақсаттар орындалмай келеді.
2022 жылдың 1 тоқсанында аталған жобалардың кешіктірілуіне байланысты бұл мәселе «Amanat» партиясы жанындағы Партиялық бақылау комитетінің қарауына шығарылып, Су ресурстары комитеті басшылығына жобаларды іске асыру бойынша тиісті ұсыныстар берілген болатын. Жобалардың жобалық-сметалық құжаттамасының мерзімі өтіп кетуіне байланысты, оны қайтадан жасау үшін республикалық бюджеттен қаражат бөлінді. Бүгінде бұл мәселенің іске асуы «Amanat» партиясының назарында тұр.
Бір ғана Шал ақын ауданын алсақ, жергілікті тұрғындардың 59 пайызы ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылыпты. Қалған халық «айта-айта Алтайды, Жамал апам қартайдының» күнін кешіп отыр. Аудандағы Сухорабовка және Ольгинка ауылдарының тұрғындары әлі күнге санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейтін құдықтан су ішеді. Ал ішуге жарамды кейбір құдық пен колонка бүкіл тұрғынға жетпейді. Мамандардың айтуынша, аталған ауылдардың сапалы ауыз суға қол жеткізуі үшін жалғыз шешім – Есіл топтық су құбырына жалғайтын су желілерін қайтадан жөндеуден өткізу. Ауыл тұрғындарына салмақ түсіріп отырған бұл проблема шешілмесе, ол адамдардың денсаулығына да кері әсерін тигізіп жатыр.
Ауыз су жетіспеушілігі салдарынан қиын жағдайда отырған өңірлердің тағы бірі – Ақтөбе облысы. Жуырда Партиялық бақылау комитетінің жұмыс тобы облыстағы Ырғыз ауданына да барып қайтқан. Жаныс би және Шеңбертал ауылдарында жарты миллиард теңгеден астам қаражатқа су құбыры салынып, 2021 жылы пайдалануға берілгенмен, жергілікті тұрғындар әлі күнге ауыз суға жарымай отырғанын айтады.
Ырғыз ауданына ат басын тіреген жұмыс тобының құрамына Партиялық бақылау департаментінің инспекторы Айжан Ысқақова, «Amanat» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары А.Сарманов және басқа да мамандар енді. Олар 639,1 млн теңгеге бағаланған «Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының Жаныс би және Шеңбертал ауылдарында топтық су құбыры желілері құрылысы» жобасы 2020 жылдан бері іске асып келе жатқанын, қазіргі күні 607,2 млн теңге игерілгенін анықтады. Жобаны жүргізіп жатқан «Көлсай Строй» ЖШС 42,3 шақырымға созылған су құбыры құрылысын салып бітіруі керек болатын. 2021 жылғы желтоқсанда сумен қамту жүйесін іске қосу рәсімі болғанымен, қазіргі күні нысан толықтай жұмыс істемей тұр. Биыл «Көлсай Строй» ЖШС электр энегриясы үшін төлем жасамағандықтан токтың өшірілуіне байланысты қазіргі күні Жаныс би және Шеңбертал ауылдарына су беру толықтай тоқтатылған.
– Ақтөбе облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Ермек Кенжеханұлы мен Ырғыз ауданының әкімі Әділгерей Әуелбаев су құбыры салынғанда оны мақтанышпен таныстырған болатын. Алайда көп уақыт өтпей-ақ құбыр құрылысы аяқталмағаны анықталды. Шеңбертал ауылы тарихында тұңғыш рет тұрғызылған су тарту стансасы түңілу мен алданған үміттердің символы ретінде тұр. Жалған есеп беру үшін теледидар алдында құрылысы аяқталмаған, пайдалануға жарамсыз нысанды ашу үрдісі, өкінішке қарай, әлі де жалғасып келеді, – дейді жұмыс тобының өкілі, инспектор Айжан Ысқақова.
Жергілікті атқарушы органдар Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Су ресурстары комитетіне қордаланған проблемаларды жылдамдатып шешу бойынша қанша рет өтініш жасаған. Мәселен, 2022 жылы 6 қыркүйекте Ырғыз ауданының әкімдігі су құбырының салынуы құрылыс нормаларына сай жасалмағаны туралы 16 тармақтан тұратын акт дайындаған. Сапасыз құрылыс салдарынан 2021 жылы халыққа су беру үшін жеті рет жөндеу жұмыстары жүргізілген. Құрылыс жұмыстары аяқталуға тақап, тек сорғы стансаларының автоматикаларын орнату ғана қалғанына қарамастан, бүгінде ол жерде жұмыс жүргізіліп жатқан жоқ. Нәтижесінде, әлі күнге нысан қолданысқа берілмеген.
– Осы өңірге сапармен келген Мемлекет басшысы тек есеп беру үшін ғана жұмыс істемей, нақты іс-әрекеттер мен ойластырылған талдау қажет екенін айтқаны белгілі. «Бізге шалағайлықпен, көзбояушылықпен айналысуға болмайды» деген еді Президент Қ.Тоқаев. Алайда Ырғыз ауданындағы жағдай шенеуніктердің бұрынғы қалпында халық игілігі үшін емес, тек камера мен фотоаппараттың жарқылы үшін жұмыс істейтінін көрсетіп отыр. Сенімсіз мердігермен келісімшарт жасасқан Су ресурстары комитеті екінші жыл қатарынан бұл проблеманы шеше алмай келеді, – дейді Айжан Ысқақова.
Шын мәнінде, жоғарғы жақтағы шенеуніктердің, аталған жұмыстарды атқаруға тапсырыс беруші мен мердігердің арасында болып жатқан «есеп айырысулар» қарапайым халыққа ешқандай да қызық емес. Оларға керегі – ішуге жарамды ауыз су. Бірақ уақыт өткен сайын бұл проблема тереңдеп барады.
– Біз барған Шеңбертал ауылы облыс орталығынан 650 шақырым жерде орналасқандықтан және жолдың нашарлығынан жоғары шенді шенеуніктер бұл өлкеге келе бермейді екен. Алайда көзбояушылық келіп үлгеріпті. Соның салдарынан қарапайым жұрттың зардап шегіп отырғаны өкінішті, – дейді Айжан Ысқақова.