Президент • 04 Шілде, 2023

ШЫҰ аясында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жолдары аталды

242 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жолдарын атады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

ШЫҰ аясында сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жолдары аталды

«Географиялық тұрғыда мемлекеттердің байланысы, көлік-транзит әлеуеті, нарықтың ауқымдылығы мен экономикалардың бірін-бірі толықтыруы ШЫҰ-ның басымдығы саналады. Осыған қарамастан, ШЫҰ аясында 20 жылдан астам уақыттан бері бірде-бір ірі экономикалық жобаны жүзеге асыру мүмкін болмады. Жобаны қаржылық қолдау механизмдерінің болмауы – мұның айқын факторы.

Осыған байланысты Үкіметтер басшыларының кеңесіне бірлескен Инвестициялық қор құру мүмкіндігін қарастыруды тапсыруды және осы маңызды жоба бойынша ұсыныстар айтуды ұсынамын. Әлемдегі қаржы институттарының үздік тәжірибелерін меңгерген «Астана» халықаралық қаржы орталығы ШЫҰ-ның аймақтық жобаларына тікелей және портфельді инвестиция құюды ынталандыру үшін тиімді платформа бола алады», деді Мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар Президент экономикалық кооперация көбіне көлік-транзит әлеуетін тиімді пайдалануға байланысты болатынын қоса айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, жүк жеткізудің дәстүрлі тізбегінің үзілуіне байланысты заманауи көлік инфрақұрылымын құрудың және жаңа бәсекелі бағыттар ашудың стратегиялық маңызы арта түсті. 

- «Бір белдеу, бір жол» мега жобасы мен Транскаспий халықаралық көлік бағдарын жүзеге асыруға бірлесе күш салу арқылы біз «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» дәліздерінің мүмкіндігін ашудың барлық алғышартын қалыптастырамыз. Іс жүзіндегі шара ретінде ірі стратегиялық порттар мен логистикалық орталықтардың серіктестік желісін құруды ұсынамыз. Аталған механизмнің нақты модальдылығын елдеріміздің үкіметтері қарастыра алады. Бұл іске көлік және темір жол әкімшіліктерінің басшыларын қатыстыру қажет», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.