Мәселе • 04 Шілде, 2023

Шегірткемен күрес ширай түсті

323 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жангелдин ауданының диқандары егістіктеріне үйірлі шегіртке түсіп, бір тәуліктің ішінде мыңдаған гектар дәнді алқапты жайпап тастағанын айтып дабыл қағып жатыр. Төтеннен төнген қауіптің бетін қайтару үшін шілденің үшінде өңірге Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған арнайы жұмыс тобы келді.

Шегірткемен күрес ширай түсті

Жергілікті шаруалар өңір­де жағдайдың әлі де ушы­ғып тұрғанын айтады. Қап­таған зиянкестің беті қайтар емес. Қазір Жангелдин, Аман­гелді және Науырзым аудан­дарындағы шегіртке басып қалған егістіктерде 31 арна­йы тех­ника химиялық өңдеу жүр­гізіп жатыр. Олардың ішін­де ­­9 жерүсті желдеткіш бүрік­­кіш, 13 аэрозольді газ генера­торы, 6 жеңіл авиация кеме­сі және 3 ұшақ бар. Алқапты у­лау жұмыстарының басы-қасында өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген Ауыл ша­руа­шылығы министрлігіне қа­расты Мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Әлиев жүр.

Облыстық аумақтық инс­пекциясы мемлекеттік инс­пекция бөлімінің басшысы Тілек Төлебаевтың айтуынша, биыл облыста үйірлі зиян­кестерге қарсы химиялық өңдеуден өтуі тиіс 422,904 мың гектар алқап белгіленіп, оған жететін препараттың бәрі әкелінген. Химиялық өңдеу жұмыстарын іске асыра­тын қызмет көрсетуші мекемелер де анықталған. Шілденің екі­сіне дейін өңірде 257,2 мың гектар жерге италиялық прус­қа қарсы у шашу жоспарлан­ған. Бүгінге дейін соның 66 па­йыздан астамы химиялық өң­деуден өтіпті. Бүгінге дейін Амангелді, Алтынсарин, Де­нисов, Федоров, Сарыкөл, Қа­мысты аудандарындағы үйір­лі шегіртке көбеюі мүмкін ал­қап­тарға химиялық өңдеу жұ­мыс­тары жүргізілген.

Жангелдин ауданының шаруалары үйірлі шегіртке 10 мың гектардан аса егістігі­міз­ді тып-типыл етіп кетті дейді. Алайда алқаптарды химиялық өңдеуге жауапты ресми орындар «зиян шеккен ауылшаруашылық да­қылдарын байқамадық» деп отыр. Ал әлеуметтік желі ар­қылы тарап жатқан фотосуреттерден енді ғана бойлап келе жатқан бидай сабағының жұлма-жұлмасы шыққаны анық байқалады.

– Алқаптарды химиялық өңдеуден өткізу жұмыстары 21 мамырда басталды. Үйірлі шегіртке бұған дейін үш рет анықталып, оларды жоюға арнайы техника жіберілді. Қазір бұған дейін химиялық өңдеуден өткен жерлердің өзі­нен үйірлі шегіртке шығып жатыр. Ита­лия прусы деген өте өміршең зиянкестің қатарына жатады. Қазір шегіртке басқан алқаптарды улау жұмыстары комитет төрағасының міндетін атқарушы Қаныш Әлиев пен облыстық аумақтық инспек­ция басшыларының бақы­лауы­мен іске асырылып жатыр. Шаруаларға қаншалық­ты шығын келгенін, неше гектар алқап зиян шеккенін дәл қазір сол аудандарда жұ­мыс істеп жатқан жұмыс тобы анықтайтын болады, – деді Т.Төлебаев.

Шегірткеден келген шы­ғын­ның бар-жоғын Жан­гел­­дин аудандық ауыл шаруа­шы­­лы­­ғы бөлімінің мамандары да ай­та алмады. «Дәл қазір шы­­ғын туралы нақты мәлімет бере алмаймыз. Өйткені шегірт­­ке әлі бар. Дәнді алқаптарға келген залал мөлшері зиянкес­тер­ді жойып болған соң барып есептеледі», дейді мамандар. Егінімді шегіртке жеп қойды деп шырылдап жүрген шаруаларға қандай көмек көрсетілетіні де, әзірге белгісіз.

 

Қостанай облысы