Баға • 06 Шілде, 2023

Жаңа тарифті халықтың қалтасы көтере ме?

289 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Қоғам осы сұраққа жауап күтіп отыр. Себебі электр энергиясының жаңа тарифтері үшін күрес шешуші кезеңге аяқ басты. 1 шілдеден кейін Қазақстанның үш өңірінде – Алматы, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында қанатқақты жоба аясында электр энергиясына жаңа тариф енгізіледі. Дәл осы күннен кейін реттелетін коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеруге мораторий ресми түрде аяқталады. Жаңа қанатқақты жоба тарифтерді саралауды жою­ды қарастырады, бірақ әзірге барлығына бірдей емес. Әңгіме бюджеттік ұйымдар, бизнес және халық туралы болып отыр. Алматы мен Астана қаласында өткен қоғамдық талқылауларды сырт көз пікірталастар теке-тіресі деп қабылдады. Қоғам белсенділері, монополияға қарсы және депутаттар тарифтің көтерілуін ашық жақтаса, энергия сататын компаниялардың өкілдері қымбаттатудан өзге жолдың қалмағанын айтты. Жергілікті деңгейде төтенше жағдайға әкелген себептердің өзі туралы мәлімет аз, бірақ Қазақстанда бұл аймақтағы инфрақұрылымның күрт нашарлауы туралы көптен бері айтылып келеді. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы 1 қыркүйектегі Жолдауында елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 па­йызы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозығы жеткеніне баса назар аударды, бұл көрсеткіштерді кем дегенде 15 пайызға төмендету қажеттігін айтты.

Жаңа тарифті халықтың қалтасы көтере ме?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Энергетика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы бұйрығымен электр энергиясының шекті тарифтеріне өзгерістер енгізілді. Тарифтерді түзету энергия өндіруші тәуелсіз ұйымдар үшін отын құнының өсуімен және алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындықпен байланысты. Орташа өсім 17 пайыз деңгейінде болжануда. Мәселен, «Риддер ЖЭО» тарифті бір кВт/сағ үшін – 13,93 теңгеден 18,17 теңгеге дейін, Екібастұз ГРЭС-2 — кВт/сағ 8,59-дан 11,20 теңгеге дейін көтереді. «Алматы электр стансалары» кВт/сағ үшін – 11,19 теңгеден 14,02 теңгеге, Семей қаласының «Теплокоммунэнерго» МКК – кВт/сағ үшін 8,05 теңгеден 19,25 теңгеге, «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС – кВт/сағ үшін 9,86 теңгеден 12,64 теңгеге дейін көтереміз деп отыр. Тарифтердің көтерілуін негіздеу үшін Энергетика министрлігі бірқатар дәлел келтірді. Атап айтқанда, «Богатырь-Көмір» разрезінен алынатын көмір бағасы қымбаттайды деген сөз бар.

Астана қаласына тиесілі энерго­нарықтың тең жартысын иемденіп отырған «Астанаэнергосбыт» шекті бағаны тұрғындарға 33 пайызға – 19,58 теңгеге, ал бизнеске киловат сағат үшін 27,13 теңгеге көтереміз деп отыр.

Ал «Алматыэнергосбыттың» тәбеті әзірге төмендеу. Олар сату тарифін орта есеппен 18,4%-ға, киловатт-сағат үшін 26,26 теңгеге дейін көтермек. Осы жылдың қаңтарында бөл­шек сау­да компаниялары тарифтерін көтеріп үлгерді. Олар бұл шешімін бизнесті дамыту қажеттілігінен туындады деп отыр. Себебі қолданыстағы тариф шығынды ақтамай, инвестициялық тартымдылығына кедергі келтіреді.

Сарапшылар 1 шілдеден кейін энергонарықтағы бағаның беталысы айқындалып қалатынын айтып отыр.

Энергетика министрінің 2023 жылғы 6 маусымдағы «Электр энергиясын бірыңғай сатып алушыны анықтау туралы» бұйрығы бекітілді. Бұйрықпен «Жаңартылатын энергия көздерін қолдаудың есеп айырысу-қаржы орта­лығы» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі электр энергиясын бірың­ға­й­ сатып алушы болып бекітілді. Энер­­гетика министрлігіне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа бойынша қабылданған түзетулерге сәй­кес­ бірыңғай сатып алушыны анықтау өкі­лет­тігі берілді.

Электр энергиясын бірыңғай сатып алушы орталықтандырылған тендерлердің электрондық алаңында оны өткізу арқылы отандық электр стансаларынан электр энергиясын­ жоспарлы сатып алуды бір күн бұрын жүзеге асырады. Өнеркәсіптік кәсіпорындар енді электр энергия­сын тікелей стансалардан сатып ала алмайды. Халыққа энергия сататын аймақтық «Энергосбыт» ЖШС де мұндай мүмкіндіктен айырылып қалды. ЖЭО мен ГРЭС-тің энергиясын жаңа мемлекеттік компания сатып алады. Ал бұл 1 шілдеден бас­тап көтерілетін шекті деп аталатын бірыңғай тариф бойынша жүзеге асырылады. Энергетика министрлігі жағдайды толық бақылауға алды. Ал мемлекеттің бір реттік сатып алуы сұраныспен теңестіріліп, жылу электр және су электр стансаларына даму үшін инвестиция тартуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Энергонарыққа қатысты өткен реформалардың нақты нәтиже бере алмағанын, құрылтайшыларға тек қалтасын қалыңдатуға ғана мүмкіндік беріп, саланың көшін тежегені енді ашық айтылып жатыр.

Еске салайық, мемлекеттік сатып алушы құрылғанға дейін бизнес екіжақты келісімдер бойынша электр энергиясын сатып алып келді. Бірақ майнинг компаниялардың немесе басқа да компаниялардың нарыққа келуі жағдайды өзгертіп жіберді. Енді мемлекеттік сатып алушы нарықта тәртіп орнатады деп үміттеніп отырмыз. Енді жаңа компания, мемлекеттік бақылаушы ретінде ЖЭО мен ГЭС-тің­­ «жаңа қожайындарына» ойына кел­­геннің бәрін жүзеге асыра беруіне мүмкіндік ұсына қоймас деп отырмыз.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев энергонарықтағы ойын­шы­лардың бәріне инфра­құрылымды жаңғыртуды, қуаттылықты арттыруды тап­сырды. Егер олар «ойыншы» мәр­те­­бесінен айырылып қалғысы келмесе, пайдасын қалтасына емес, инвес­тициялауға қарай бағыттауы керек.

Екібастұзда жылу электр орталы­ғын­дағы бірнеше қазанагрегат тоқтап, тұр­ғындардың жылусыз қалғаннан кейін қоғам белсенділері мен депутаттар энергетикалық олигархтарға қатты шүй­лікті, тіпті активтерін мемлекетке қай­тару туралы үндеулер де болды. Ал тәуелсіз сарапшылар мен мамандар тарифті екі-үш есе көтерсек қана бұл тығы­рықтан шыға аламыз деуден танба­ды. Бұл шешімнің соңы жақсылыққа апар­­майтыны, инфляцияның ырық бер­­мей кетуіне себеп болатыны да айтыл­ды.

Мемлекеттiк бiрыңғай сатып алушы да делдал ретiнде өнеркәсiптiк кәсiпорындардан және энергия сатушылардан түскен маржаны жинақтап, ақшаны энергетикалық мәселелерді шешуге бағыттайтын құзырет бар. Анти­монополистер нарықта бір ғана мемлекеттік сатып алушының үстем­дік етуін құп көрмей отыр. Себебі жаңа компанияның ұстанымында әлі айқындылық жоқ. «Бірыңғай сатып­ алу­шының» делдалдық үлесінің мөл­ше­рі көрсетілмеген. 1 шілдеден бас­тап жылу электр стансалары мен су электр стансаларының сату тарифтері көте­рілуі, бөлшек сауда орындарының тариф­тері өзгеріссіз қалуына байланыс­ты бір-біріне қарсы тұратын пікірлер көбейіп кетті.

«Астанаэнергосбыт» ЖШС сара­лан­ған­ тарифтерге байланысты келті­рілген шы­ғынның беталысы өздеріне қиын тие­тінін айтып жатыр. Бұл жолы салмақ бизнес өкілдеріне түседі. Тұрғындарға арнал­ған тариф бизнес есебінен жеңіл­де­нейін деп тұр.

Депутат Асқар Садықов мамыр айын­да Үкіметке жолдаған сауалында энергия сататын компанияларды «елдің энергетика жүйесіне жабысып қалған паразиттер» деп атады. Депутаттың айтуынша, делдалдар электр энергиясын өндіруші компания­лардан монополиялық жолмен сатып алып, халыққа, кәсіпорындарға 4-20 есе қымбат бағаға қайта сатып, тек қаржылық ағындарды есепке алумен ғана айналысады. Бірақ депутаттың ұсынысы «делдал компанияларды»­ жою керек деген пікірден әрі аса алмады. Осыған дейінгі энергосая­сат жеке сектордың нарықты мемлекеттің бақылауынсыз билеп-төстеуіне, акционерлерінің көбірек пайда табуына жол берді. Қазір нарықтың кейбір сегменттеріндегі жағдайды бақылауға мүмкіндік туып, жағдай бір қалыпқа түсе бастады. Енді бізге қажеті асыра сілтеуге жол бермеу... Қазіргі тарифтің деңгейі нарықтың осы сегментінің іргетасы болуы керек. Жаңа бағалар өндірістің рентабельділігін сақтауға көмектеседі, екіншісі – реформалар кезеңінде баға алшақтығын болдырмауға жол ашады. Әзірге бағаны көтеруге төрт моно­полист өтінім берді. Депутаттар мен қоғам белсенділері көзге түсіп, ұпайын түгендеп алуға тырысып жатыр. Энергетикалық сарапшы, экономист, коммуналдық қызметтердің тарифтері жөніндегі азаматтық кеңестің мүшесі Әсет Наурызбаев тарифтерді қалыптастырудың нарықтық схемасын жақтайды.

Ә.Наурызбаевтың айтуынша, бір киловатт-сағаттың бағасы небәрі 6 теңгеге көтеріледі.

«Бағасы аукцион арқылы қосы­ла­тын жаңартылатын энергияны алайық. Энергияның көтерме бағасы 13-тен 16 киловатт-сағатқа дейін, яғни нарықтағы баға бір киловатт-сағат үшін 30 теңгеден аспайды. Тиісінше, нарықтық негізде тарифті қалыптастыру, баға жаңартылатын энергия көздерінен жоғары болуы мүмкін емес, яғни көмір мен газдың көтерме бағасы 16 киловатт сағаттан аспауы керек», деді энергетик.

Сарапшының айтуынша, көп жыл бойы тариф дұрыс қалыптаспады, жасанды түрде төмендетілген, бұл – инфрақұрылымның тозуына және қаржының тапшылығына әкелген. Мұндай жағдай, экономистің айтуынша, қалтасы төмен ағайын емес, қалталы топ үшін тиімді. Енді экономист атап өткендей, тарифті кезең-кезеңімен көтеру керек, бұл тарифтердің нарықтық құнын айқан­дап алуға мүмкіндік береді. Ең бас­тысы,  жылу желілерін жаңғыртып алуға жол ашылып тұр. Сарапшының айтуынша, жаңа тариф тұрғындарға жылу мен жарықты үнемдеуді, және қалай бақылау қажеттігін үйрену үшін қажет. Қазір жеке секторда да, пәтерлерде де жылу шығыны мүлдем бақыланбайды. «Біз жылуды өте қисынсыз жұмсаймыз. Еуропа мен АҚШ-та қыста үйлердегі температура +18, ал бізде барлығы 22 градус­тан жоғары тұрады. Жылуға тарифті күрт көтерсек, энергияны қалай азайту қажеттігін тұрғындардың өздері үйретеді», дейді Ә.Наурызбаев.

Тәуелсіз сарапшы Петр Своиктың айтуынша, электр энергиясы нары­­ғында түбегейлі қайта құру – тең­ге­рімдеуші электр энергиясы­ нары­ғы­ның қалып­та­суына жол ашады. Қазір энергетика саласы бірнеше себепке байланысты күрделі, жүйелі дағдарыстың қыспағында тұр. Жүйе нарықтық жағдайға бейімделіп, құрыл­маған, Бірақ ол нарықтық жүйеге өткеннен кейін, энергетикалық салаға ауадан пайда жасауға болады деп қарайтындар көбейді. Барлық ақпарат тек моно­по­листердің өз сөзінен шығады, бірақ министрліктің оның қаншалықты сенімді екенін тексеруге мүмкіндігі жоқ. Тарифтерді реттеу тетігі нарық заңына бейімделе алмады, олар 5-7 жылға бекітілді. Бұл шешім нарықтың беталысын айналадағы жағдаймен үйлестіруге мүмкіндік берген жоқ. Бұл шешім нарықты олигополистік нарыққа айналдырды. Сарапшы айтып өткендей, бұл нарық емес, электр энергиясын қарапайым бөлісу. Таратып айтқанда, қалталылар электр энергия­сын әдеттегіден бірнеше есе төмен тарифпен бөлісіп алуға мүмкіндік берді. Оның пікірінше, Қазақстанда реттеу саясатын барлық үдеріске жауап беретін бір ғана мемлекеттік органның шеңберінде құру қажет. Себебі жауапкершіліктің қай тараптың мойнында екені де бұлыңғыр болып кетті. Өнеркәсіптік тарифтерді энер­гетика министрлігі бекітсе, жоға­ры­ вольтты, жүйеаралық беру, тара­ту­ және шаруашылық-тұрмыстық ақы­ тарифтерін Ұлттық экономика минис­тр­лі­гі жанындағы Табиғи монополияларды реттеу комитеті бекітеді. Осылайша, сала екі реттеуші арасында бөлінген. Табиғи монополияларды реттеу коми­те­ті (ТМРК) энергияның дамуына еш қа­тысы жоқ. Тек тарифтерді бекітеді, болды. Ал энергетика министрлігінде ондай құзырет жоқ.

...Міне, әзірше тарифті талқылауды осы жерден тәмамдауды жөн көріп отырмыз. Бірақ «тарифтің жаңа деңгейін экономика мен халықтың қалтасы көтере ала ма?» деген сауал көкейде қала берді...