Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов елорданың 25 жылдығымен құттықтап, мерекенің маңыздылығына тоқталды.
- Биыл ерке Есілдің жағасынан бой көтеріп, қысқа уақыт аралығында тыныштық пен татулықтың, өркендеу мен өсудің үлгісін көрсеткен еңселі елордамызға 25 жыл толып отыр. Екі ғасырдың тоғысқан тұсында буынын бекіткен, халықтың қуанышы мен мақтанышына айналған Астана – мерейлі мерекесіне орасан зор табыстармен келіп отыр. Ол ширек ғасырда Еуразия жүрегіне, тәуелсіздігіміздің тірегіне, мәңгілік мемлекеттігіміздің, асқақ рухымыздың бойтұмарына айналды. Қарыштап дамыған жаңа Астананың бүгінгі келбетіне сүйсінбейтін жан жоқ. Астана – еліміздің ғана емес, әлемдік кездесулер алаңына, мемлекетіміздің халықаралық аренадағы брендіне, ел аймақтарының дамуының бағыт-бағдарына, қозғаушы күшіне айналды. Еліміздің облыстары бас қалаға қарап бой түзеді. Сондықтан да еңселі елордамызды «аймақтар арқауы» деп атауға толық негіз бар. Өйткені өңірлердің өркендеуі – Астананың дамуымен тамырлас, - дей келе аймақ басшысы барша жамбылдықтарды мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ Нұржан Нұржігітов өз сөзінде жуырда ғана өткен республикалық «Қазақстан барысы» турнирінде жеңімпаз атанып, жерлестерінің мерейін асырған Ғалымжан Қырықбайдың жетістігін айрықша атап өтті. 41 балуанның ішінен үздік шығып, еліміздің бас балуаны атанған спортшыға Тараз қаласынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, марапаттады. Ал оның жаттықтырушысы Бахтияр Ақбергеновке 2 миллион теңгенің сертификатын тапсырды.
Бұдан соң мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласып, қала қонақтары мен тұрғындарына жоғары көңіл-күй сыйлады.