Пікір • 10 Шілде, 2023

Астанаға өлкетану музейі керек

350 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өткен жолы бір отырыста белгілі журналист ағамыз: «Астана тақыр жерден пайда болған жоқ. Бұл жерде қазақтың бай тарихы жатыр. Сондықтан елорданың өткені мен бүгінін сабақтастырып баяндайтын жеке өлкетану музейі болуы керек», деп жиналған қауымға ой тастады.

Рас-ау дедік. Биыл Астанаға 25 жыл толады. Жиырма бес – бойында күш-жігері тасыған қайратты жігіттің жасы болғанымен, қала тарихы сонау қойнауында құпия сыр бүккен дәуірлерден басталатыны анық.

Бүгінде бас шаһарда бірнеше музей бар: Ұлттық музей, Тұңғыш Президент музейі, Әскери-тарихи музейі, Сәкен Сейфуллин музейі, «Нұр Әлем» болашақ энергиясы музейі... тағысын-тағы. Бұл мұражайлардың бәрі де елордамен тығыз байланысты. Мәселен, Ұлттық музейде халқымыздың санғасырлық тарихымен бірге Астанаға да қатысты қаншама жәдігер сақталған. Бірақ онда елорда тарихы толық қамтылған деп айта алмаймыз.

Ал енді кейбіреулер бұрын мұнда өлкетану музей болмаған ба деп ойлауы мүмкін. Болғанда қандай! Ол қазіргі Кенесары мен Мұхтар Әуезов көшесінің қиылысындағы көпес Кубриннің үйінде орналасқан еді. Өткен ғасыр басында салынған бұл ғимарат Қазан төңкерісінен соң кеңес билігінің қолына өтіп, онда түрлі мекеме орын тепті. 1960 жылдары оған облыстық өлкетану мұражайы қоныстанған. Архив саласының білгір маманы Ғазиза Исаханның жазуынша, бұрынғы Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің құрылғанына биыл жүз жыл толып отыр. 1923 жылы 1 мамырда ашылған мұражайдың алғашқы экспозициясы мекеме­ге сыйға тарт­­қан түрлі жан-жануардың қаңқасы, қару-жарақ, са­уыт-сайман және тағы басқа бұйым­дар­дан жасақталыпты.

Кейін бұл музей жабылып, ондағы жәдігерлер бұрынғы Президент Мәдениет орталығы мен Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық өлкетану мұражайына бөліп берілген.

Қоғам белсендісі, этнограф Тұрар Шәкен 90-жылдары осы облыстық музейде қызмет істепті.

«Мұражай қорында өңір тарихына қатыс­ты біраз бағалы экспонат пен құнды құжат сақталған еді. Білікті мамандар қызмет істеді. Музейге келушілердің де қатары үзілмейтін. Осы мекеме жабылатын кезде, оны елорданың өлкетану музейіне айналдырады деген сөз шықты. Бірақ басқаша болды. Негізі, Астанаға жеке өлкетану музейі әбден керек», деді ол.

Белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайылдың елорда тарихы туралы көлемді зерттеу еңбегінде, Астана шежіресі біздің заманымызға дейінгі III мыңжылдықтан басталып, «Ақмола» сөзінің мағынасы «Ғұн тілінде « Ақ» – Батыс, «Мола» – Қамал ұғымын білдіретінін жазады.

Сондай-ақ бас шаһардың тарихында елорда іргесіндегі ежелгі Бозоқ қаласының орны бөлек. Тарихшылар аталған қалашықтың гүлденген дәуірі X-XI ғасырға сәйкес келеді деп айтады. Одан кейін қаладан қол созым жердегі Бытығай шаһары тұр. Онда да қаншама тарих сыр бүгіп жатыр. Патша өкіметі 1832 жылы 22 тамызда Ақмола бекінісін салып, оны ресми түрде округ деп жариялады. 1838 жылы айбынды Кенесары хан сарбаздарымен бірге осы бекініске ша­буыл жасап, талқандады. 1862 жылы Ақмолаға қала мәртебесі берілді. Содан бері де қала тарихында қадау-қадау оқиғалар орын алды. Кеңестік кезеңдегі Ақмола тарихы да ерекше.

Бұл аймақты Әз Тәуке хан жайлаған. Соның бір ұрпағы Қоңырқұлжа Құдаймендіұлы Ақмола округінің аға сұлтаны болды. Одан кейін аға сұлтандыққа Ыбырай Жайықбаев сайланды. Қараөткел жәрмеңкесінің де дабыры алысқа жетті. Атақты балуан Қажымұқан, Құлтума ақын, Иманжүсіп секілді даңқты тұлғалар өмір сүрді. Дауылпаз ақын, қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің ізі қалды. Қаншама ақын-жазушы, өнер адамдары өмірге келді. Елдің дамуына зор үлес қосқан қайраткерлер шықты. Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің ерен үлгісін көрсеткен екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдинов, Рейхстагқа алғашқы ту тіккен жауынгер, Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов секілді ардақтыларымыздың кіндік қаны тамды. Осының бәрі – елорда тарихы. Астана болғаннан кейінгі шаһар шежіресі де қаншама томға жүк болады. Сондықтан осындай тарих пен тұлғаларға бай елордаға өлкетану музейі өте қажет.