Аймақтар • 09 Шілде, 2023

QR-кодтың лаңы

241 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Керекудегі тарихи ғимараттар мен ескерткіштерге жапсырылған ақпараттық QR-кодтар есірткі саудасын жарнамалап келгені анықталды. Түрлі күмәнді сайтқа жөн сілтейтін сілтемелердің тарихи нысандар жайлы ресурсқа қалай түсіп кеткені әзірге беймәлім.

QR-кодтың лаңы

Қала көшелеріндегі ескерт­кіш­тер мен тарихи нысандар жайлы кеңірек ақпарат алу, турис­терге қолайлы жағдай тудыру мақсатын көздеген QR-кодтар бастамасы 2018 жылы қолға алынып, оған 1,7 млн теңге бюджет қаражаты жұмсалыпты. Әлгі QR-кодқа ұялы телефоныңыздың камерасын жақындатсаңыз болғаны, тарихи ескерткіш, белгілі тұлғалар жайлы ақпарат ресурсы интернеттен автоматты түрде ашылады. Сол уақытта бұл да цифрландырудың игілігі ғой деп қуанғанымыз рас. Алайда цифрлы технологияны үнемі бақылауда ұстамасаң, қоғамға кесірін тигізіп, лаң салатын қырсыздығы да бар екен. Биыл маусым айының ортасынан жергілікті тұрғындар мен сырттан келген меймандар бұл цифр­лы сілтемелердің дұрыс жұмыс істемей тұрғанын, телефонмен сканерлегенде есірткі сататын интернет дүкендердің жарнамасы шыға келетінін бай­қа­ған. Қала көшелерінде тұрған 280 тақтайшаның көбінен осын­дай күмәнді ақпараттар табыл­ған. Жұртшылық негізінен Аста­на, Қамзин көшелерінде келең­сіз­дік­тер­ге тап болғанын айтады.

Өңірлік мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасынан хабарланғандай, биыл 1 қаңтарда аталған QR-кодтар тиісінше жұмыс істеп, дұрыс ақпараттарды көр­се­тіп тұрған. Қазіргі күні барлық ресурс­тық тақтайшалар алынып, оларды жаңа­рту көзделіп отыр. Шаһардағы ескерт­кіштер мен ғимараттардың тізімі түзіліп, олар жайындағы ақпа­рат­тардың қоры Павлодар облыс­тық Потанин атындағы тари­хи­-өлкетану музейінің сайтына то­ғыс­тырылып жатыр. Ендігі жерде QR-кодтардың сілтемесі бірден сол сайт­қа бағыттамақ.

Анықтап білгеніміздей, қала­ның­ көрнекті жерлеріне әлгіндей QR-кодтарды 2018 жылы «Толчин А.С.»­ жеке кәсіпкерлігі ілген. 2018 жыл­­дың мамыр айында аталған субъек­тімен Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі шартқа оты­­рыпты. Кәсіпкерлік бұған қоса ша­һар­дағы көрнекті жерлердің кар­­тасына, әлеуметтік желідегі ақпа­­раттық материалдарды әзірлеу және орналастыру қызметіне де жауап­ты болған.

Қазіргі күні аталған оқиға бо­йын­ша өңірде қылмыстық тергеу басталды. «Өңірлік полиция­ депар­­таментінің полицейлері Қыл­­­­­мыстық кодекстің 299-бабы, 1-тармағы бойынша сотқа дейін­гі­ тергеу-тексеру шаралары жүр­гі­зі­ліп­ жатыр. Оның аясында жедел іздес­тіру шаралары қолға алынып, қыл­мыстық оқиғаға қатысы бар тұл­ға­лар анықталуда» делінген поли­цияның ресми ақпаратында. Тек­серу нәтижелі болса, кінәлі аза­маттар үш жылға дейін бас бостандығынан айырылып, дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін.

 

Павлодар облысы