Жәдігер • 09 Шілде, 2023

Отанына қайтқан қазына

219 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нидерланды «Ломбок қазынасын» және Индонезия мен Шри-Ланканы отарлау кезеңінде қолды болған басқа да құнды олжаларды қайтарып береді. Мәдениет министрі Гунай Услу үкімет бұл шешімді колониялардан алынған мәдени құндылықтар мәселесін зерттейтін арнайы комитеттің ұсыныстарына сәйкес қабылдағанын айтып, артефактілердің қайтарылатынын мәлімдеді.

Отанына қайтқан қазына

Отарлау саясатының құр­ба­ны болған елдер әске­ри шабуылдар кезінде мәдени құнды мұраларынан айыры­лып қалып отырған. Сон­дық­тан қазіргі кезде мәдени құн­ды­лықтардың сақталуын қа­да­ға­лай­тын мұражайлар мен ескерткіштер жөніндегі ұлт­тық комиссиялар, колониялардан әкелінген құнды жәдігерлер мәселесін зерт­тей­тін арнайы комитеттер жұмыс істейді.

Биыл Голландия колония­ла­рында бодандықтың жо­йыл­­ға­нына 160 жыл толады. Ни­­дер­ланды Ішкі істер ми­нис­тр­лігінің тапсырысы бо­йын­ша жүргізілген зерттеу нә­ти­же­ле­ріне сәйкес, король отбасы жүз жылға жуық уақыт ішін­де (1675-1770) отарланған елдерден қазіргі айырбас баға­мы бойынша кем дегенде 545 миллион еуро табыс тапқан.

Нидерландыдағы коми­тет­тің 2020 жылы жария­лан­ған баяндамасында Гол­ландияның бұрынғы коло­­нияларынан экс­про­приа­ция­лан­ған құнды мұ­­ра­ларды, егер ол елдер қа­­жет деп тапса қайтарып бе­руге тиіс екені жазылған.

«Нидерланды отарлау сая­са­тын жүргізген дер­жава ре­тінде тарихы жауап­кер­ші­лік­ті өз мойнына алып, отар­лау арқылы алынған коллекцияларды, өнер туындылары мен артефактілерді қайтарып беруді әділетсіздікті мойындау және оны қал­пына кел­тіру саясатының негізгі қағи­да­сы ретінде қарауы керек», делінген баяндамада.

– Біз брінші рет Нидер­лан­ды­да болмауға тиіс болған заттарды өз ие­леріне қайтарамыз. Бірақ оны қай­та­рып қана жатқан жоқ­пыз, біз Индоне­зия­мен және Шри-Ланкамен тығыз байланыс орнатып, қар­қын­ды жұмыс істеу үшін жаңа дәуірді бастап жатырмыз, – деді Мәдениет министрі Г.Услу.

Нидерланды қайтаратын құнды заттардың ішінде «Лом­бок қазынасы» да бар. Ол асыл тастар мен алтын, кү­місті 1894 жылы Голландия әскері Индонезияның Ломбок аралындағы король сарайын басып алғанда олжалаған.

Ал Шри-Ланкаға XVII ғасырдағы асыл тастармен әше­кейленген қола зеңбірек қайтарылады. Қазір ол Амстер­дамдағы мемлекеттік мұ­­ра­жай Рейкс музейінде сақ­тау­лы. Тарихшылар бұл зең­бі­ректі жергілікті дворян монарх Кандиге сыйға тартқан деген болжам айтады. Канди патшалығы отарланғанға дейін Шри-Ланка аралының бір бөлігіндегі тәуелсіз мемлекет болған. 1765 жылы оны голландтар басып алады. Жарты ғасырдан кейін Шри-Ланканы ағылшындарға берген.

Голландия бірнеше елді отарына айналдырған үлкен держава болды. Жүздеген мың адамды құлдыққа сатты. Соңғы жылдары Нидерланды өзі­нің өткен тарихындағы осы отарлау саясатына деген көзқарасын ресми түрде қайта қарастыра бастады. Мәселен өткен аптада Нидерланды ко­ролі Виллем-Александр гол­ландиялықтардың құл саудасына қатысқаны үшін және оның салдары үшін көпшілік алдында кешірім сұрады.

– Адам еркіндігін шектеу түрлерінің ішінде құлдық ең сорақысы. Біз өткеннің қасіретін өзімізбен бірге алып жүреміз. Оның салдары әлі күнге дейін жалғасып келеді, мы­салы нәсілшілдік. Сол үшін кешірім сұраймыз, деді Виллем-Александр.

Ол мемлекет басшы­ла­ры­ның сол кездегі озбыр сая­сатқа қарсы тұрмағанын мойындады. Алайда, Нидер­лан­дыда құл саудасына заң жүзінде рұқсат етілген болатын. «Әр­кез заңға бағына беруге бол­май­тындығын екінші дүние­жүзілік соғыс дәлелдеп берді. Моральдік міндеттердің орын­­­далуы керек кез болады», деді Ни­дер­ланды королі. Ол бұл сөзін құлдықтың жо­йыл­ға­нына 160 жыл толуына орай Амстердамда ұйым­дас­ты­рылған мерекеде айтты.

Дәл осылай Ұлыбритания мен Германия да бұрынғы отары болған елдерге мәдени арте­фак­тілерді біртіндеп қайтару жұмысын қолға алған.

...Озбыр отаршылдық тұсында қазақтың да талай дүниесі ұстағанның қолында кеткені әмбеге аян. Шүкір, кезінде Эрмитаж еншілеген Тайқазан Түркістанға қайта оралды. Әлі қаншама бабадан мирас байлығымыз шетел музейлері мен архивінде тұр. Солардың заңды иесіне қайтатын күні қашан туар екен?