Аймақтар • 09 Шілде, 2023

Археолог-студенттердің табысы

130 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің археологиялық жасағы көпке мәлім. Бұл – алпыс жылға жуық уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан бірегей студенттік құрылым.

Археолог-студенттердің табысы

Тарих факультетінің студенттері жыл сайын жасақ құрамында архео­ло­гиялық қазба жұмыстарын жүр­гі­зудің прак­тикалық тәжірибелерін мең­геріп, жер қабатының бөліктерін зерделеуге қатысады. Жасақ Арыс өзені аңғарындағы Қарауылтөбе, Төрткүлтөбенің ертедегі отырықшы қоныстарында, Шымкент, Отырар төбе қалашықтарында, Біркөлік қоны­сында алғашқы қазба жұмыстарын жүр­гізіп, көне дәуір мәдениетінің ғасырлар бойғы сырын ашты.

Белгілі археолог, тарих ғылым­дарының докторы, профессор Алек­сандр Подушкин жетекшілік ететін археологиялық жасақ біздің зама­ны­мыздың I-IV ғасырларға тиесілі Күлтөбе қалашығының орнын ашқан. Қазір Күлтөбе осыдан екі мың жыл бұрынғы Қаңлы дәуіріндегі ежелгі жазба мәдениетінің бірегей ескерткіші санатында тарихымызға енді.

Ескі қалашық орнынан арамей әліп­биі­мен жазылған ежелгі иран тілінде орын­далған 33 жазба ескерткіштерінің фрагменттері шыққан. Оның ішінде 4 күйдірілген лай тақтайшалардағы жазба тұтас фрагмент ретінде бүгінге дейін жеткен. Ең үлкен тақтайшадағы жазбалар 7 қатарда 140 таңба ретінде бедерленген. Қалған тақтайшалардағы жазбалардың таңбалар саны 56-дан 65-ке дейінгі белгілер санын құрайды. Тарихи мәні бар жазбаның мазмұнын ашуға Кембридж және Лондон университеттерінің профессоры, академик, әлемге әйгілі палеолингвист Николас Симс-Уильямс жәрдемші болған.

Университеттің ғалымдары мен өнді­рістік тәжірибеден өтіп жатқан студенттер жуырда Қаңлы мемлекеті дәуіріне тиесілі екі қорымның орнын тапты. Бір-бірінен екі шақырымдай қашықтықта орналасқан ежелгі қорым орындары өзара қатты ұқсас. Екеуінің де тереңдігі 5 метрден асады. Мұндай тереңдіктегі қорымдар бұрын-соңды бұл аймақта кездеспеген. Жер қатпарымен танысқан археологтар қорымның пішінін, жерлеу камераларының орналасуын, сүйекті қоюдағы дәстүрлік культті, сүйектердің түр-сипатындағы жас ерекшеліктерін еске­ре отырып, жәдігерлердің ең кемі 2 мың жыл бұрын пайда болған отбасылық қо­рымдар болғаны жөнінде болжамын айтты.

Бірінші қорымнан ер азаматтың, әйелдің және жас өскіннің сүйегі, түрлі пішіндегі ыдыс-аяқтар, құмыра, нобайы сопақша келген қыш ыдыс табылған. Ер азаматқа тиесілі сүйектің толық күл­ден төселген қабатқа қойылғанынан, ол дәуірдің тұрғындары от культін ұстан­ға­нын аңғарамыз. Әйелге тиесілі сүйекте күміс жүзік пен алтын сырға болған. Ғалымдардың айтуынша, Қаңлы дәуіріне тиісті жерлеу орындарынан зергерлік бұйымдардың кездесуі некен-саяқ. Сол себепті табылған қорым үлкен тарихи және мәдени мәнге ие.

Екінші қорымда әркелкі жас шама­сындағы 8 адамның сүйегі қойылған. Жерлеу орнынан түр-пішіні әркелкі 8 құмыра табылған. Оның ішінде ауыз жағы ұзын сопақша келетін сұйықтық сақтауға арналған керамикалық құмыра бірегей жәдігер ретінде бағаланып отыр. Қорымда әйелдерге арналған бірегей әшекей бұйымдары да болған. Күміс жүзік, 400-ден астам түрлі-түсті шыны элементтері мен аң сүйектерінен, қола элементтерінен тізбектелген алқа, сүрме, қайрақ, жебе ұштары, теріден жасалған белбеу, асық сүйектері сынды бұйымдар бұрынғы өткен дәуірлердің мәдени тынысынан тың ақпарат береді.

Ғалымдар жәдігерлік бұйымдарда қазақ халқының этногенезі сақталған деген пікірін білдіріп отыр. Табылған құмыралардағы таңбалық белгілер қазақ руларының таңбаларымен ұқсас.