Аймақтар • 10 Шілде, 2023

Зауыт неге тоқтап тұр?

162 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодар мұнай-химия зауыты маусым айының соңғы онкүндігінен бері толық тоқтап, жөндеуге жабылды. «Бұл жағдай отандық жанар-жағармай на­рығында жылдағыдай тап­шы­лық туын­дата ма?» деген күдікке жетелегені рас. «Қаз­МұнайГаз» ком­пания­сының басшылығы қолда­ғы мұнай өнімдері тұ­тыну­шыларды қам­тамасыз етуге толық жеткі­лікті деп отыр.

Зауыт неге тоқтап тұр?

«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мыр­зағалиев жұмыс сапарымен Павлодар мұнай-химия зауытына барып, жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының бары­сымен танысты. Сондай-ақ зауыттың өндірістік міндеттерін орындауы бойынша кеңес өткізіп, алдағы уақытта қолға алынатын жаңа жобалар жайын пысықтады. Кәсіпорынның кейбір технологиялық үдерістері мен жабдықтарын жаңалау іс-шаралары 19 шілдеде толық аяқталып, мұнай өңдеуді қайта жалғастырады. Компания басшысы өндіріс орны тоқтап тұруына қарамастан, көлік отыны нарығындағы қазіргі жағдай тұрақты екенін, әлеуметтік маңыз­ға ие мұнай өнімдері бойын­ша тапшылық жоқтығын атап өтті. ҚМГ зауыттағы өндірістік цикл­ды уақтылы іске қосу үшін барлық жоспарланған жұмыстың қауіпсіз әрі сапалы түрде іске асуына айрықша көңіл бөліп отыр. Әрі зауыт басшылығына жөндеуді мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастыру тапсырылды.

– Қазіргі уақытта қорда 525 мың тонна дизель отыны, 300 мың тоннадан астам бензин және 100 мың тоннадай авиа керосин бар. Трактор отынының қоры – 35 тәулікке, бензин 23 тәулік­ке жетеді. Яғни нарықты жанар-жағар­маймен қамтамасыз етуде ешбір қиын­дық байқал­майды. ПМХЗ-да кешенді жаңарту іс-шаралары біртіндеп қолға алынып жатыр. Жоспарланған іс-шаралар толық атқарылса, 2027 жылға қарай үш жылда бір рет қана жөндеуге тоқтайды. Өңдеуге түсетін мұнайдың сапасы, өнім сапасына қойылатын талаптардың артуы және қысқы дизель оты­нын өндіру перспективасы – ПМХЗ үшін басым бағыттың бірі. Бұл ретте жақында Мемлекет басшысына таныстырылған дизель отынын гидротазарту қондырғысын реконструкциялау және сутегін өндіру қондырғысын салу жобалары ҚМГ-нің «жасыл» энергетиканы дамыту бағытындағы бастамалары қатарында ерекше маңызға ие. Бұйырса, жақын жылдары павлодарлық зауытта арк­тикалық дизель отыны да өндіріле бастайды. Ол үшін әуелі жаңадан сутегі қондырғысын тұрғызамыз. Құны 80 млн еуро болатын жобамен франциялық танымал компания айналысады. Онымен бір мезгілде отынды гидротазарту қондырғысы да бой көтереді.  Бұл екі жо­ба болашақта жылына 160 мың тонна арктикалық ди­зель отынын шығаруға мүм­кіндік береді, – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Бұған қоса, зауыт аума­ғын­да алдағы жылдары би­тум сақтауға арналған жылы­тылатын резервуарлар салу ойда бар екен. Әрқай­сысы 5 мың тонналық 6 резервуар бой көтереді деп жо­ба­ланған. Бұл – өңірдегі битум тапшылығын жоюға бағытталған маңызды қадам. Битум арнайы қоймада ұзақмерзімге сақталып, қажет кезде нарыққа босатылады.

Мұнай-химия зауытында аралық ұйымдардың кесі­рінен ішкі қызмет көрсету құны шектен тыс өсіп, кейбір нысандардың заңсыз түрде өзге фирмаларға берілгені туралы бұған дейін бірнеше мәрте мәселе қозғаған едік. Мағзұм Маратұлының ай­туын­ша, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, Үкімет бұған баса мән бе­ріп отыр. Қазіргі күні кәсіп­орындағы аутсорсинг компанияларды зауытқа қайтадан көшіру үдерісі басталып кеткен. Оның нақты нәтижелерін алдағы қазан айында көруіміз мүмкін.

Компания басшысы биыл дизель отыны мен бензин ба­ға­сының қымбаттауына орай на­рық­та жағымды әсерлер пай­да болғанын да атап өтті. Мыса­лы, оңтүстік өңір­лерде дизельді тұтыну бірден 47 пайызға құлдыраса, ел бойынша ол орта есеппен 20 пайызға кеміпті. Бұл жағдай осыған дейін отан­дық мұнай өнімдерінің контра­бандалық жолмен көрші мемлекеттерге тасылып келгенін айғақтаса керек, дейді М.Мырзағалиев. Тағы бір мысал, былтыр осы уақытта тапшылық пайда болғанда трактор отынының қоры 250 мың тоннаға дейін азайған.

Толықтыра кетейік, ПМХЗ биылғы жылдың алғашқы жартысында шамамен 2 млн 772 мың тонна шикізатты өңдеп, 790 мың тоннадан астам бензин, 947 мың тоннадан астам дизель шығарған. Ішкі нарыққа 128 306 тонна битум, 287 592 тонна мазут, 157 765 тонна сұйытыл­ған газ, 97 827 тонна авиа отын босатқан. Облыс орталы­ғының экономикасы үшін зауыт аса маңызды. Себебі қала қазы­насының тең жартысы кәсіпорын төлейтін салық­тан құралады.

 

Павлодар облысы