Саясат • 09 Шілде, 2023

IACA берген жоғары баға

190 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өткен аптада Жоғарғы соттың ұйытқы болуымен «Тәуелсіз сот төрелігіндегі сот әкімшілігі: әлемдік стандарттар мен үздік тәжірибелер» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға қатысқан Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия және басқа елдердің судьялары мен сот әкімшіліктерінің өкілдері сот тиімділігін оңтайландыру, сот төрелігіне қол жеткізу құралдары мен жаңа технологиялар жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.

IACA берген жоғары баға

Дөңгелек үстел жұмысына Буэнос-Айрестен (Аргентина) арнайы келген Ха­лықаралық сот әкімшілігі қа­уымдас­тығының (IACA) президенті Луис Мария Пальма қатысты. Алқалы жиыннан кейін ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған хатында елі­міз­дің тәуелсіздігін қамтамасыз ету­дегі сот жүйесінің маңызды қадамдарына ерек­ше тоқталды.

«Сот әкімшілігі және сот реформасы саласындағы 25 жылдан астам тәжі­рибеме арқа сүйей отырып, Астана сот әкім­шілігінің жаңа озық стандарт­тарын белгілей бастағанын айта ала­мын. Әлемдік үздік тәжірибеге сүйен­ген Қазақстан қысқа мерзімде сот бас­қа­руының бірегей моделін енгізе оты­рып, терең реформалар жүргізе алды», деп жазды ол.

Л.Пальма осы уақытқа дейін жетекші елдер қол жеткізе алмаған сапалы және жылдам сот төрелігін қамтамасыз етуге бағытталған Қазақстанның цифр­лық ақылды соттарын атап өтті. Ха­лықтың соттарға цифрлық қол­же­тімділігі бойынша Қазақстан әлемде 4-орын алады. Ол жасанды интеллекті қолдануды және Жоғарғы соттың аумақтан тыс соттылықты бастауын басқа елдер үшін үлгі бола алатын тамаша тәжірибелер деп санайды.

Мәртебелі мейман Астана және Алматы соттарына арнайы барып, судья­лар мен сот қызметкерлерінің жұ­мысын едәуір жеңілдететін және нақ­ты уақыт режімінде сот төрелігіне онлайн қол жеткізу үшін ыңғайлы құрал­дарды ұсынатын АТ-сервистердің қажеттілігіне көз жеткізді. Осыған орай IACA бүкіләлемдік хабарлық әдістеме – он­лайн конференция арқылы сот басқа­руында ақпараттық технология­ларды қолданудың қазақстандық тәжірибесін зерделеуге және таратуға ниетті.

«Сот жүйесін қаржыландырудың қазақстандық моделі де назар аударуға тұрарлық. Бюджеттің ең төменгі шегін заңнамалық бекіту, сондай-ақ судьялық өзін-өзі басқару органының судьялық жалақының мөлшерін айқындау құқығы қазақстандық соттарды биліктің басқа тармақтарынан шынымен тәуелсіз ету­дің қуатты құралы болып саналады», деп есептейді Л.Пальма. Оның пікі­­рінше, еліміздің Сот әкімшілігінің институционалдық деңгейде дербес мемлекеттік орган ретінде қалыптасуы судьяларды әкімшілік-бюрократиялық қызметтен босатуға ықпал етті. Тақы­рыптың өзектілігін және басқа елдер­ден келген сауалдарды атап өткен IACA президенті Қазақстан Сот әкім­шілігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын және сот басқар­масы­ның қазақстандық моделі туралы ақпаратты IACA ақпараттық ресурстарына орналастырғанын хабарлады.

IACA еліміздің Жоғарғы сот бас­шылығын биыл 25-27 қазанда Буэнос-Айресте (Аргентина) өтетін халық­аралық конференция жұмысына қа­тысуға шақырды. Л.Пальма осы іс-шара аясында сот басқармасының қа­зақстандық моделін таныстыруды ұсынды. IACA Орталық Азия және Үн­­дістан атынан вице-президент ре­тінде Сот әкімшілігінің өкілдерін ұсын­бақ.

Естеріңізге сала кетейік, IАСА – құрамында 100-ден астам мемлекет, соның ішінде АҚШ, Қытай, Канада, Жапония, Германия, Франция елдері бар іргелі ұйым. Еліміз халық­аралық қауымдастыққа 2015 жылдан бері мүше. IACA-ға мүше болу үнемі тәжірибе алмасуға және сот менедж­ментінің озық қырларын меңгеріп, оны тыңғылықты пысықтап алуға мүм­кіндік береді.