Аймақтар • 10 Шілде, 2023

Ақмолада денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы сотталды

192 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетау қалалық соты «Авиценна – Бурабай» ЖШС басшысы мен Ақмола облысы денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысына үкім шығарды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмолада денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы сотталды
Көкшетау қалалық сотының баспасөз қызметі жариялаған ақпаратқа сәйкес, кәсіпкер аса ірі көлемде алаяқтық жасағаны үшін, ал шенеунік алаяқтыққа қатысқаны үшін сотталды.

Анықталғандай, кәсіпкер мен денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы жеке қылмыстық іс бойынша тергеліп жатқан үшінші тұлғамен қылмыстық келісімге келген. Олар 2017 жылы Бурабай ауданындағы денсаулық сақтау нысандарын сенімгерлік басқаруға беру туралы келісімге қол қойған.

Шарт бойынша «Авиценна – Бурабай» ЖШС стандарттар мен техникалық шарттарға, сапа көрсеткіштеріне және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келетін жаңа медициналық жабдықтарды сатып алуға міндеттелген. Іс жүзінде кәсіпорын сапасыз медициналық құрал-жабдықтарды жеткізіп, бір миллиард теңгеден астам қаржыны иемденген.

«Кәсіпкер аса ірі көлемде алаяқтық жасады (Қылмыстық кодекстің 190-бабының 4-бөлігі, 2-тармағы), лауазымды тұлға алаяқтыққа қатысқан (Қылмыстық кодекстің 28-бабының 5-бөлігі, 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы). Олардың кінәсі куәлар мен жәбірленуші тараптың айғақтарымен, сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен расталады. Жаза тағайындау кезінде сот сотталушылар лауазымды тұлға бола тұра, ант беріп, қызметтік бабын пайдаланып, қылмыс жасағанын, материалдық залалды өтемегені сияқты ауырлататын мән-жайларды ескерді», делінген сот хабарламасында.

Екі айыпталушы да тоғыз жылға сотталды. Кәсіпкердің көлігі тәркіленді.