Спорт • 10 Шілде, 2023

Алматы мергендері VІ жазғы Спартакиадада топ жарды

176 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Шымкент қаласында нысана көздеуден Қазақстан Республикасының VI жазғы Спартакиадасы аяқталды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Алматы мергендері VІ жазғы Спартакиадада топ жарды

Бір аптаға созылған байрақты бәсекеде 27 бағдарламада жүлде сарапқа салынды. Оның 12-сі жекелей, 12-сі командалық сайыста, қалған 3 медаль жиынтығы аралас жұптар арасында өз иесін тапты. Барлығы Шымкенттегі бәсекеге 9 өңірден 138 спортшы жиналды.

Бүгінгі 2 жүлде жалпы есептегі жеңімпазды анықтап берді. Жылжымалы нысана көздеу мен 10 метрден пневматикалық тапаншамен аралас жұптық сында Алматы қаласы чемпион атанып, жалпы есепте 1-орын алды. Олардың еншісінде 13 алтын, 16 күміс пен 5 қола медаль бар. Ал Шымкент қаласы (13 алтын, 6 күміс, 8 қола) 2-ші болса, үздік үштікті Жамбыл облысы 1 алтын, 4 қоламен түйіндеді.

«Осы Спартакиада барысындағы ең қиын финал бүгін болды. Іріктеуде 586 ұпай жинадым. Бұл менің үздік көрсеткішім дей алмаймын. Бұдан көп балл жинаған кездер бар. Финал мен үшін сәтсіз басталды. Бірақ ортасына қарай бар шеберлігімді көрсете бастадым. Қарсыластарымның алдын орап жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Осы сәт үшін біз ұзақ дайындаламыз. Енді шетелдегі жарыстардан жүлделі оралуға барымды саламын», деді Ұлттық құрама спортшысы Ислам Сатпаев.

ро

Осымен Олимпиада бағдарламасына кіретін 25 спорт түрінен VI жазғы Спартакиада мәресіне жетті. Нысана көздеуден соң 20 өңірдің ішінде жалпы есепте анау айтқандай өзгеріс болған жоқ. Қазір Алматы қаласы көш бастап келе жатыр. Ал одан кейінгі сатыда Шымкент қаласы тұрса, Қарағанды облысы 3-сатыны Астана қаласына бермей, өзінде сақтап қалды.

«Бұл жарыста бар мүмкіндігімнің 60 пайызын көрсеттім деп ойлаймын. Нәтижеме көңілім толады. Бүгін 5-ші жүлдемді жеңіп алдым. Келесі жарысқа дейін дайындалуға көп уақыт жоқ. Алда жастар арасындағы әлем чемпионаты келе жатыр. Сосын, Азия ойындарында жақсы нәтиже көрсетуіміз керек», деді Алматы қаласының спортшысы Александра Садуакасова.

Еске сала кетсек, 4 жыл бұрын нысана көздеуден V жазғы Спартакиада осы Шымкент қаласында өтіп, жарыс қожайындары топ жарған. Ал жалпы есепте 2-орынды Алматы қаласы алған.

пр