Білім • 10 Шілде, 2023

Негізгі ҰБТ нәтижесі

331 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

5 шілдеде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өтті. Биыл сынақты тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, талапкер ең жақсы нәтижесін грант конкурсына жолдай алды.

Негізгі ҰБТ нәтижесі

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, 162 мың талапкер ҰБТ-ны екі мүмкіндікті қоса есептегенде, 291 мың рет тапсырған. Тестілеу қорытындысы бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті ұпай жинады. Бұл қатысушылардың жалпы санының шамамен 83 пайызын құрайды. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16 пайызға артқан (2022 жылы – 67 пайыз). ҰБТ-ның орташа ұпайы өткен жылғы көрсеткіштен 7 балға артып, 73 балды құрады (2022 жылы – 66 балл). Бес адам ең жоғары көрсеткіш көрсетіп, 137 балл жинады. 2 868 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жет­кізді.

– Түлектердің 75,16 пайызға жуығы қазақ тілінде, 24,74 пайызы орыс тілінде, 0,1 пайызы ағылшын тілінде тестілеуден өтті. Тестілеу бес пән бойынша өткізілді: үш міндетті және екі бейінді. Тест тапсырмаларының саны 120, оның ішінде Қазақстан тарихы бойынша – 20, математикалық сауаттылық бойынша – 15, оқу сауаттылығы бойынша – 15 және екі бейіндік пән бойынша 35 тапсырма. Тестілеу ұзақтығы – 4 сағат (240 минут). Ерекше білім беру қажет­тілік­тері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ уақыты 40 минутқа ұзартылған. Олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар нәтижесінде 478 ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленуші ҰБТ-ға қатысты, – деді Қуаныш Ерғалиев.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаевтың айтуынша, биылғы ҰБТ-да бірнеше ерекшелік болды. Біріншіден, «Қазақстан тарихы» және «Оқу сауаттылығы» пәндері бойынша тест тапсырмаларының санына өзгерістер енгізілді. Енді «Қазақстан тарихының» бір нұсқасында 20 тест тапсырмасы, «Оқу сауаттылығынан» 15 тест сұрағы ұсынылды. Екіншіден, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика» пәні ҰБТ бейіндік пәндер комбинациясының тізіміне енгізілді. Осыған байланысты «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларының топтарына түсушілер «Математика-Информатика» комбинациясы бойынша ҰБТ тапсырды. Талап­кер­лердің 18 пайызы «Математика-Физика», 17 пайызы «Биология-Химия», 13 пайызы «Шығармашылық», 10 пайызы «Математика-Информатика» пәндерін таңдады.

ҰБТ-ға дайындалу үшін онлайн сынақ тесті­леу­ді іске қостық.  Білім беру орталықтарының қол­дауымен тегін онлайн сабақтар жүргізілді. Оқу жы­лының басында Ұлттық тестілеу орталығының сайтында әр пән бойынша тест спецификация­сы, тест жоспары, «Қазақстан тарихы» және «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 дата тізімі, «Информатика» пәні бойынша үш тілде терминдер тізімі, «Қазақ әдебиеті» және «Орыс әдебиеті» бойынша шығармалар тізімі жарияланды. Сонымен қатар ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданды. Тестілеу барысында калькулятор мен Менделеев кестесі компьютер экранында қолжетімді болды. Тестілеу аяқталған соң әр пән бойынша жеке тақырыптық талдау қолжетімді. Балалар өз нәтижелерін ғана емес, сондай-ақ қандай тақырыптардан қате жібергенін көріп, ҰБТ-ның екінші мүмкіндігіне дайындығын жақсарта алды, деді Руслан Емелбаев.

Биыл ҰБТ-да бір де бір бөгде тұлға анықталған жоқ. Естеріңізде болса 2021 жылы мұндай 18 жағдай, былтыр 1 жағдай анықталған еді.

– ҰБТ өткізу барысында 402 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 312 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Кейбір тестіленушілерден жасырын камералар, микроқұлаққаптар, смартфондар, басқа да ты­йым салынған заттар табылды. Сонымен бірге біз барлық бейнежазбаға 2023 жылғы 31 қазанға дейін талдау жасаймыз. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану фактілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Бұл норма 2020 жылы алғаш рет қолданылған еді. 2020 жылы бейнежазбаларды қайта қарау нәтижесінде 152 тестіленушінің, 2021 жылы 52 адамның, 2022 жылы 217 адамның нәтижесі жойылған болатын. Биыл да бұл жұмыс қолға алынды. Негізгі ҰБТ барысында 50 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның ішінде 805 өтініш қанағаттандырылды. Қысқасы, ҰБТ штаттық режімде өтті деп айтуға толық негіз бар, – деді орталық басшысы.

Бірнеше күннен кейін грант конкурсына қатысу үшін өтініштер қабылдау басталады. Биыл қабылдау науқаны 13-20 шілде аралығында өтеді. Алыс аймақтарда тұратын талапкерлерге ыңғайлы болу үшін еGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылдау жүргізіледі. Сонымен қатар құжаттарын дәстүрлі форматта – офлайн тапсырғысы келетіндер үшін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары жұмыс істейді. Құжаттарды кез келген жоғары оқу орны арқылы тапсыруға болады. Мысалы, Алматыға оқуға түсуді жоспарлап отырған ақтаулық түлек грантқа өтініш беру үшін Алматыға келмей-ақ, құжаттарын еGov арқылы онлайн немесе жер­гілікті жоғары оқу орны арқылы офлайн тап­сыра алады.

– Биыл бакалавриатқа түсуге 73 мың грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық гранттың 60 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді. Олардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарламасы топтарына қарастырылған – 18 744 грант. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 12 560 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 103 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына 7 388 грант тиесілі. «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 653 грант бөлінген. Сонымен қатар биыл халық тығыз қоныстанған батыс және жаңадан құрылған өңірлердің жастары үшін гранттар бөлінді.  Атырау облысы – 1 500, Маңғыстау облысы – 1 500, Ұлытау облысы – 300, Жетісу облысы – 300, Абай облысы – 500, Шымкент – 400, Түркістан облысы – 500. Бұл гранттар педагогикалық, инженерлік, IT мамандықтарға және жаратылыстану ғылымдарына бағытталды, – деп нақтылады вице-министр.

Биыл педагогикалық квота 47 пайызға дейін ұлғайтылды. Сондай-ақ алғаш рет ауылшаруа­шы­лық және инженерлік бағыттарды қолдау мақ­сатында қанатқақты режімде арнайы квота бө­лін­ді. Бұл гранттар өңірлік жоғары оқу орындарына берілген.

– Жалпы, биылғы өзгерістердің басым бө­лі­гі өңірлік жоғары оқу орындарын қолдау мақ­са­тында жүзеге асырылып жатыр. Ел бойынша студенттердің 1/3 бөлігі Алматыда оқиды. Себебі 35 жоғары оқу орны осы қалада орналасқан. Бұл өз кезегінде жатақхана жетіспеушілігін туындатып отыр. Сондықтан біз биылғы талапкерлерге өңірлік университеттерге түсуге кеңес береміз: сапа жағынан еш кем түспейді, жатақхана мәселесі де жоқ. Оның үстіне өңірлік университеттерде шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдары ашылып жатыр. Оларға да жеке грант қарастырылған, – деді Қуаныш Ерғалиев.

Жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінетінін білеміз. Биыл да әлеуметтік осал жеті топқа квота сақталады. 2022 жылдан бастап ауыл квотасы 35 пайыз болып бекітілген. Жылдағыдай білім беру гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Жоғары оқу орнына құжат қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.