Жалпы, көзіқарақты қауым Амангелді батырдың биік тұлғасын атақты халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің айшықты сомдаған портреті арқылы жақсы біледі. Ал біз әңгіме етіп отырған суреттегі батыр бейнесін көрнекті қылқалам шебері Николай Крутильников бедерлепті.
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Батырхан Жұмабайдың айтуынша, бұл жұмыс 1956 жылы ұлт-азаттық көтерілістің 40 жылдығына орай салынған. Сол кезде оны Қазақ мемлекеттік баспасы 15 мың данамен басып шығарған.
– Бұл картина 1956 жылы өткен көрмеге бір рет қойылған. Одан кейін ешқайда ұсынылмаған. Жетпіс жылға жуық қорда сақтаулы тұр. Биыл Амангелді Имановтың 150 жылдығына байланысты іс-шара өткізетін болдық. Сонда аталған көтеріліске қатысты қордағы жәдігерлер тізімінен осы суретті көрдім. Өзім де таңғалдым. Құнды экспонат. Оны Астанада өткен батырдың мерейтойына арналған көрмеге де апардық. Жұрт қызыға көрді. Бұл біздің музей үшін де бір жаңалық болды, – деді ол.
Автор өз еңбегінде батырдың өр рухын келісті көркемдеген. Қабағы қату, жүзі сұсты. Алысқа көз тіккен жанарынан отты көресіз. Бір қарағанда, суретші бұған 1938 жылы түсірілген «Амангелді» фильміндегі бас сардарды сомдаған Елубай Өмірзақовқа ұқсайтын кейбір деталь мен штрихтарды шебер пайдаланған секілді. Дегенмен мазмұнды дүниенің халық батырына қатысты жәдігерлердің ішінде алар өз орны бар.
Ал енді Николай Крутильников кім дегенге келейік. Ол – отандық бейнелеу өнерінің дамуына зор үлес қосқан тұлға. Қазақстанның халық суретшісі. Ресейде кіндік қаны тамғанымен, бар саналы өмірі қазақ жерінде өткен. 1921-1924 жылдары Семей театрында суретші, содан кейін Семейдегі көркемсурет студиясының жетекшісі болған. 1928 жылы еліміздегі алғашқы ұйымдастырылған көшпелі сурет көрмесіне белсене атсалысқан. Одан соң Алматы көркемсурет училищесінде ұстаздық қызмет атқарған. Өнертанушылар қылқалам шеберінің танымал тұлғалардың портреттері мен еңбек адамдары туралы топтама суреттерін жоғары бағалаған.