Ғалымдардың пайымынша, балбалтас көне түркі-қыпшақ ескерткіштері қатарына жатады. Ел ішінде айтылып жүрген аңыз әңгімелерге зер салсақ, «Жұмбақ қыз тасындағы» бейне тәуліктің бір мезгілінде, яғни күндізгі сағат үштерде көрінеді. 1974 жылы академик Әлкей Марғұлан бастаған ғалымдар өңірде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, көне түркі заманынан да бұрынғы дәуірдің қоныс орындарын ашқан. Естуімізше, табылған жәдігерлерді археолог-ғалымдар Алматыға алып кеткен. Кейбіреуі республикалық музейлерде тұр.
Баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиевтің айтуынша, сол жолы археологиялық экспедиция «Жұмбақ қыз» маңайынан көптеген тарихи олжаны іздеп тапқан. Бұл жерде өте көне заманға тиесілі сақ, ғұн молалары кездеседі.
– Біздің өлкеде мұндай көне қорымдар баршылық. Дегенмен Әлкей Хақанұлы бұл жерге айрықша көңіл аударған. Ол кезде шыбықты ат қып мініп, шапқылап жүрген алаңсыз шағымыз ғой. Археологтердің әрекетін сырттай бақылап тұратынбыз, қызық көрінетін. Бірде ғалымдар әлгі жерден қыз баланың қымбат тастардан жасалған әшекейлерін тапты. Ескі ертоқым қалдықтарын, күміс үзеңгі, үш қырлы жебе ұштарын да көрдік. Үлкендердің айтуынша, археологтер сол жердегі қыз тасын көтеріп, Алматыға алып кетпекші болған екен. Алайда түбі терең көмілген әрі жуан болған соң балбалтасты шығара алмапты. Өкінішке қарай, тас орнынан қозғалып кетті де әлгі сурет кейіннен көрінбейтін болды. Бір туысымның баласы бірде кеңшардың қойын айдап бара жатып, күндізгі сағат үштерде әлгі қыз бейнесін көргенін айтты. Содан бері қыз сұлбасын көрдім деп айтқан жан жоқ, – дейді Рамазан Нұрғалиев.
Қыз сұлбасына ұқсайтын мұндай балбалтастың бірі Баянауыл ауданындағы Қаражар және Қаратомар ауылдары маңында да бар. С.Торайғыров университеті Ә.Марғұлан атындағы археологиялық ғылыми зерттеу орталығының басшысы Виктор Мерц Қаражардағы балбалтастың орналасқан жері ерекше екенін, әлгі мекенде сақтардың құрбандық рәсімін атқарған орындары болғанын айтты.
Өкінішке қарай, ашық далада жатқан мұндай қорымдар мен балбалтастар арнайы қоршалмаған. Олардың барын жергілікті халық та біле бермейтінге ұқсайды. Әкімдіктер көне археологиялық ескерткіштерді қорғауға алып, басына белгі қойып, өткен-кеткендер үшін менмұндалап тұрса дейсің.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Әулиелі Қызылтау