Білім • 11 Шілде, 2023

Оқу орталықтарына неге сұраныс көп?

280 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазір оқушылардың көбі мектептен кейін оқу орталығына қосымша білім алуға барады. «Балам оқысын» деген ата-ана да ақшасын аямай курстарға жібереді. Әсіресе, іргелі білім ордалары мен белді жоғары оқу орындарына түсу үшін арнайы даярлайтын орталықтар бар. Қызметі ақылы болса да, баласын қатардан қалдырғысы келмейтін ата-ана көп. Сонда оқу орталықтарындағы білімнің мектептегі білімнен артықшылығы мен айырмашылығы қандай?

Оқу орталықтарына  неге сұраныс көп?

Қосымша білім алуға сұраныс та, ұсыныс та көп. Әсіресе, емтихан уа­қы­тында оқу орталықтарының жұ­мысы қыза түседі. Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалу мақ­са­тында оқушылар бір жыл бұрын, не ке­мінде алты ай бұрын арнайы курс­тар­ға жазылады. Дәл осындай мектепке дейінгі даярлықтан бастап, мамандандырылған білім ордаларына, жоғары оқу орындарына түсуге, пәндік олимпиадаларға дайындық курстары бар. Қазір ата-аналар бала­сы­ның оқу үлгерімін жақсартуға немесе үй тапсырмасын орындау үшін де ақылы оқыту қызметіне жү­гінеді.

Жыл сайын сұраныс артып жатыр. Мұны оқу орталықтарының даму қарқынынан байқауға болады. Мәселен, көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан орталықтар жақсы нә­тижеге қол жеткізіп, мектеп аш­қан­дары да бар. 2022-2023 оқу жылында Атырау, Ақтау, Қостанай, Алматы, Шымкент, Қызылорда қала­ларында тек қазақ тілінде терең­дете сабақ беретін, ұлттық құн­ды­лық пен тәрбиені ұштастырған «Qazbilim» ұлттық лицейі ашылды. Компания жұмысын 2014 жылы ақпараттық портал ретінде бастап, 2016 жылы оқу орталығын құрған болатын. Содан бері 6 қалада мектеп, 10 қалада оқу орталықтары жұмыс істеп тұр. Орталықтарда 10 мыңнан астам, ал мектептерде 1 мыңға жуық шәкірт білім алып жатыр. Бұл оқу орталықтарына сұраныстың көп екенін көрсетеді. Айта кету керек, елімізде мектептер жетіспейтіндіктен, жекеменшік орталықтардың білім ордасына айналуы тиімді-ақ. Олар бәсекеге қабілетті болуы үшін сапалы білім бере алуға тиіс. Әрі мектепті мемлекет қана дамытуы міндет болмайды. Осылайша, сапалы білім беруде бәсеке қалыптасатыны анық.

Тоғыз жылдан бері түрлі олим­пиа­далардың жеңімпаздарын, ҰБТ-да жоғары ұпай жинап жүрген оқушыларды, Назарбаев зияткерлік мектептері, республикалық физика-математикалық мектебі, «Зерде», «Дарын» мектептері, Білім-инно­ва­ция лицейлері секілді мектеп­тер­ге шәкірттерді даярлап жүрген «Зерделі» ақыл-ой дамыту мек­те­бі­нің басшысы Рысбек Мәуіт жақсы нәтиженің негізі мықты маман мен материалдық база екенін айтады. Одан кейін озық оқу бағдарламасы мен тиімді оқыту тәсілдері болуға тиіс.

– Жақсы нәтижеге жетудің бірін­ші себебі – мұғалімдер құрамы. Себебі мықты мұғалім балаға өте жақ­сы түсіндіріп жеткізеді әрі нә­ти­же көрсете алады. Екіншісі – мате­риалдық база. Басқаларға қа­ра­ғанда ерекше тәсілдер пайдалану арқылы үлкен нәтижелерге қол жеткізеді. Осы бағытта жұмыс іс­те­геннен кейін емтиханның жү­йе­сі зерттеледі. Қай емтиханда болсын баланың логикасы өте маңызды. Біз төменгі сыныптардан бастап, осыған ерекше мән береміз. Сон­дық­тан біздегі балалардың нәти­жесі бірден байқалады. Біздің мектептен айырмашылығымыз қосымша білім болғаннан кейін «баламды оқытайын» деген ата-аналар көп келеді. Ақшасын салып, төлегеннен кейін ол жерде жауапкершілік болады, – дейді Рысбек Мәуіт.

Мектепке қатысты мәселе көте­­­­ріл­­генде оқулықтардың сапасы мен мұғалімдердің мәртебесі де жиі айтылады. Жауапты ми­нистр­лік тарапынан жыл сайын пе­дагогке қойылатын талап жоға­рылап, маман сапасын көте­ру қолға алынғанын көріп жүр­міз. Дегенмен оқулыққа, оқу бағдар­ла­масына қатысты мәселенің әлі де өзекті екені байқалады. Заңда оқу орталықтарының да білім бағдарламасы болуы керек деген талап бар. Сондықтан мұндай орта­лықтар өз оқу жоспарын бекі­тіп, өз оқулықтарын құрастырып шы­ға­ды. Р.Мәуіт те осы оқулық құ­растыру ісімен айналысады. Оның айтуын­ша, оқулықта ескерілуі ке­рек көп дүние бар. Әр оқушыны өз деңгейінде оқыту аса маңызды іс. Ал мектеп оқулықтарында осы мәсе­ле назардан тыс қалып жүр.

– Мектепте орын жетіспеушілік деген мәселе бар. Мәселен, бір сыныпта 30-дан аса бала отырады. Мұғалім барлық балаға сабақты түсіндіріп үлгермейді. Бізде бір топта ең көп дегенде 12 бала бар. Содан кейін айтылып жүрген бағдарлама, оқулықтың қиындық деңгейі деген сияқты мәселе көп. Оқулық жазу үдерісіне өзім де қатысып жүрмін. Сондықтан мектептегі білімге қара­ған­да осындай айырмашылық бар. Одан кейін оқу орталығындағы шә­кірт­тер дең­гейге бөлінеді. Мы­са­лы, оқу­шы­ны өз деңгейінде оқыту өте маңызды. Біреуі тез игеріп кетеді, енді бірі игере алмай жатады. Яғни екі бөлек деңгейді бірге оқытуға болмайды. Бізде авторлық кітаптар мен оқулықтарымыз бар. 1-11-сынып­тардың математикасы мен ағыл­шы­нына дейін қамтылған. Барлығы жоғары деңгейде жазыл­ған. Сондай-ақ біз тек білім берумен айналыспаймыз, авторлық олимпиадалар да ұйымдастырамыз, – дейді ол.

Балаға білім мектепте де бері­ле­ді және арнайы қосымша үйір­мелер де бар. Алайда ата-ана ақылы қызметті таңдайды. Өйткені ақшасын төлесе, жауапкершілік болады деп сене­ді. Солай да. Ор­та­лықтардың үлкен білім ордасына айналуы сұра­ныс­тың жо­ға­рылауына байланысты болып отыр. Өйткені келген оқушыдан нәтиже байқалады. Осы тұста әрі мектепте білім алып, әрі қосымша курстарға бару балаға қиын болмай ма деген сұрақ туады. Дегенмен орта­лықтардың білім беру тәсілі мектептегі жүйеден өзгеше.

– Оқушы түске дейін мектепте оқыса, түстен кейін қосымша курстарға келеді. Бұл ауырлық етпейді деп ойлаймын. Себебі қосымшаға келген бала мектептегі сияқты 5-6 сағат оқымайды. Мысалы, математика мен ағылшынға бір-бір сағаттан келген бала күніне 2 сағат қана жұмсайды, аптасына 3 рет келіп кетеді. Одан бос уақыттарында басқа да курстарға қатысып жатады. Балаға құйған инвестицияға сай нәтиже шығып жатқанын көзбен көріп жүрміз. Ал балалар кері­сінше біздің орталықтарға қызы­ғу­шылықпен келеді. Себебі бұл мектептен тыс орта әрі оқыту тәсі­лі бөлек. Сондықтан лайықты көме­гі тиіп жатыр деп ойлаймыз, – дейді «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебінің басшысы.

Мектеп мұғалімдері де бала саны­ның маңызды екенін айтады. Сондай-ақ жауыр болған дүние де көп дейді.

– Баланың саны неғұрлым аз болған сайын сабақты түсінуі жақсы болады. Мысалы, көрсеткіш бо­йынша оқушы саны аз мектептер ҰБТ-дан жоғары ұпай жинайды. Кейбір оқушылар көпшілікпен бірге үйрене алмай, ал оңаша оқытса ғана қабылдауы мүмкін. Мұндай оқушылардың орталықтарға барып білім алғаны дұрыс деп ойлаймын. Ал мұғалімдердегі басты мәселе – құқығының төмен болуында. Өйткені қандай жағдай болса да әркез оқушы мен ата-ананыкі дұрыс болып шығады, – дейді Пав­лодар облысындағы Қалқаман орта мектебі математика пәнінің мұғалімі Аршагүл Ермекбай.

Астанадағы №72 мектеп лицейі информатика пәнінің мұғалімі Айдана Шалқарқызының айтуынша, мектепте орын жетіспегендіктен бір сыныпта кемінде 20-30 бала отырады. Бала көп, мұғалім біреу. Бұл оқу сапасына әсерін тигізбей қоймайды. Өйткені бір-екі сағаттың ішінде олардың әрқайсымен жеке жұмыс істеу мүмкін емес. Әсіресе, тәжірбиесі аз жас мамандарға қиын. Ал сапалы білім беру үшін әр балаға әртүрлі жолмен түсіндіру керек.

– Әрине, барынша оқушыны қызықтыратын тәсілдердерді пайдалана отырып, сабақ өткіземіз. Ал балалардың оқу орталығына ба­рып қосымша білім алуы оқушы­ның жағдайына байланысты. Дегенмен мектепте мұның барлығы қа­рас­ты­рылған. Оқу орталығы де­ген кейіннен қалыптасты ғой. Мек­тепте үйірмелер, қосымша са­бақ­тар бұрыннан бар. Бірақ қа­зір ата-ана мектептің біліміне се­­нім­­­сіздік танытады. Олар 30 оқу­­шының ішіндегі балаға көңіл бө­лінбей қалуы мүмкін екенін біледі. Сондықтан орталықтардың қызметіне жүгінеді. Шын мәнінде, мектепте сабақ беріп жүрген мұ­ға­лім­дердің барлығы бірдей мықты емес. Олардың деңгейі әр­түр­лі. Алайда мұғалімнің білік­ті­лігіне әсер ететін кейбір факторды жоққа шығара алмаймыз. Оның ішінде ата-ананың, мұғалімнің, оқушының бірі-бірімен қарым-қатынас мәселесі өзекті. Ішін­ара кикілжің көп болады. Мек­­тептегі буллингтің өзі сапалы білім­ге үлкен кедергі. Сотқа де­йін жеткен істер қаншама. Содан ата-ананың баласына артық сөз айтқызбайтыны тағы бар. Меніңше, мұғалім орынды дүние айтса, оны қабылдау керек. Жалпы, мұғалімнің күш-жігері осындай мәселелерді шешуге кетіп қалып жатады, – дейді Айдана Шалқарқызы.