Бизнес • 11 Шілде, 2023

Шағын бизнестің ауқымды мәселелері

323 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Экономиканың тірегі – шағын және орта бизнес (ШОБ). Елі­міз­де аталған саланың қар­қын­ды дамып жатқаны туралы айтылған жылы пікірлер же­тер­лік. Ол жа­йында сан алуан цифр­лар да мысалға ұсы­ны­лады. Алайда тереңіне үңіл­сек шешімін табуды күтіп, қор­даланып жатқан түйткіл дәл осы салада өте-мөте көп. Бас­қасын былай қойғанда, 2017 жылы ашылған 38,8 мың шағын ком­­панияның бес жылдан соң 31 мыңының жабылып қалуы – біз­ге байқалмайтын үлкен проб­ле­­ма­ның бар екенін аңғартып тұр емес пе?

Шағын бизнестің ауқымды мәселелері

Коллажды жасаған Алмас МАНАП, «EQ»

5 жылда 1,3 млн жас еңбек нарығына келеді

Jusan Analytics талдау орталығының ұйымдастыруымен ШОБ-тағы ши­май-шат­пақ проблемаға талдау жа­сап, аражігін ажыратып кө­руге тырыс­қан алқалы жиын өтті. Орта­лық­тың басқарушы директоры Әнуар Қуан­дықовтың айтуынша, жұ­мыс­пен қам­тудағы ШОБ рөлі өте жо­ғары, өйт­кені жаңадан ашылып жат­қан жұ­мыс орын­да­рының тең жартысынан астамын шағын және орта бизнес қамтамасыз етіп отыр.

«Біз 2017 жылы ашылған 38,8 мың шағын компанияның өмірлік жолына талдау жасадық. Сонда байқағанымыз – алғашқы жылдың өзінде 3,2 мың ком­пания жабылған. Екінші жылы 2017 жылы ашылған компанияның 75 пайызы жұмысын тоқтатқан. Жалпы, биз­нестің бесжылдық өмірінде 18 па­йызға жуық компания ғана жұмысын жал­ғастырған. Әлемде бұл көрсеткіш 50 пайызды құрайды. ШОБ-тың дамуы экономиканың табысты және тұрақты дамуына мүмкіндік береді және қол­жетімді жұмыс орындарын құрады. Әлемде экономика субъектілерінің 95 пайызы – ШОБ субъектілері. ІЖӨ құрылымындағы үлесі шамамен 50 пайыздай», дейді.

Әсілінде, ашылған компанияның алғашқы 3-5 жылы өте маңызды екен. Себебі дәл осы мерзім аралығында кәсіпорын экономикаға тек сандық емес, сапалы дивиденд әкеле бастайтын көрінеді. Яғни жетілген ком­паниялар ғылыми-зерттеу және тәжіри­белік-конструкторлық жобаларға, адами ка­пи­талға инвестиция салады, өнім­ді­лікті арт­тырады, сәйкесінше олар­дың экспорттық әлеуеті де артады.

Jusan Bank басқарма төрағасы Нұр­дәулет Айдосов еңбек нарығына жасалатын үлкен қысымды ШОБ-ты дамыту арқылы ғана тежей аламыз деген пікірде.

«2012 жылға дейін ШОБ 160 жұмыс орнын құрса, кейінгі 10 жылда бұл көрсеткіш жыл сайын 50 мың жаңа жұмыс орнына артқан. Енді 2000 жылдан кейін туған балалардың еңбек нарығына араласатын да сәті келді. Олар біртіндеп нарыққа қысым жасамақ. Сондықтан қазірден бастап ШОБ-қа қолдауды күшейтуіміз қажет. Ол жұмыс орындарының негізгі жеткізушісіне айналуы керек. Алдағы бес жылда отандық еңбек нарығына 1,3 млн жас маман келеді. 2030 жылға дейін бұл цифр 1,7 млн адамға ұлғаяды. Он жыл көлемінде 20-25 жас аралығындағы 2 млн жас азаматты сапалы жұмыспен қамтуға мәжбүрміз. Тиісінше, бұл жағ­дай Қазақстандағы ШОБ-тың басты қиындығы һәм миссиясы болмақ», дейді Н.Айдосов.

 

Тежеуші төрт фактор

Соңғы деректер бойынша, Қазақ­стан­да ШОБ субъектілері белсенді өсіп келеді. 2018 жылдан бері ІЖӨ-дегі үлесі 28-ден 37 пайызға өскен. 2 млн ШОБ кәсіпорнында 4 млн-нан астам адам жұмыспен қамтылған. Елдегі шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 75 пайызы қызмет көрсету секторында, тек жартысынан астамы 6 ірі өңірде – Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және Қарағанды, Алматы, Түркістан облыстарында жұмыс істейді.

сми

«Әлеммен салыстырар болсақ – даму қарқынымыз тәуір-ақ, алайда біз әлі дамудың ерте кезеңіндеміз. Өзге елдерде экономикадағы ШОБ үлесі мен жан басына шаққандағы табыс арасында анық байланыс бар. Яғни экономикадағы ШОБ үлесі жоғары болған сайын экономика да соншалықты күшті бола түседі. Табысы жоғары, бірақ ШОБ деңгейі төмен елді кезіктірмедік. Қазақстан дамушы елдер тобында. ШОБ проблемасы – өнімділіктің төмендігінде. Шағын және ірі бизнес арасындағы бұл көрсеткіштің айырмашылығы – бес еседей. Дамыған елдерде бұл айырма 20-40 пайызды құ­райды. Біріншіден, мұндай алшақтық қо­ғамда экономикалық теңсіздікті туғы­за­ды. Ірі компанияларда логистика, технология, қаржылық инфрақұрылымға деген қолжетімділік бар. Олар ірі табыс есебінен қызметкерлеріне көп төлей алады. Өнімділігі төмен болған соң шағын кәсіпкерлерде ондай мүмкіндік болмайды. Сөйтіп, теңсіздік туындайды. Мұны жекелеген өңірлерде және мұнай секторындағы оқиғалардан байқауға болады», дейді Әнуар Қуандықов.

Сарапшының айтуынша, төмен өнімділік кәсіпорынның бәсекеге қабі­ле­тін де төмендетеді және экспорттық потенциалы болмайды. Қазақстанда ШОБ-тың 6 пайызы ғана өз өнімін экспортқа шығарады екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 20 пайыз маңайында. ERI бәсекелі ортаны зерттеу орталығы ди­рек­торының орынбасары Азат Мах­ватов ШОБ дамуын тежеп тұрған басты төрт факторды бөле-жара айтады.

«Олар – салық жеңілдіктерінің жетіс­пеу­шілігі, технология тапшылығы, қар­жы тапшылығы және кәсіпкерлік субъектілерінің қолданыстағы санаттары. Аталған проблемаларды шешу үшін Үкіметке ұсыныс жасалды. Мемлекет шаралар қабылдайды. Егер біз әр мәселеге біртіндеп және егжей-тегжей үңілер болсақ, онда 2030 жылы нәтижесін көріп те қаламыз», дейді сарапшы.

 

Сан емес,  сапа маңызды

Ал «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Төлеутай Рахымбековтің пікірінше, 30 жыл бойы ШОБ-қа қатыс­ты нақтылы мемлекеттік саясаттың қа­лып­таспауы салдарынан қазір бизнесмендер зардап шегіп отыр.

«Мысалы, мен Жезқазғанда кірпіш өндіргім келеді. Ісім жүріп, өнімді сатар болсам қайда сатпақпын? Жақын қала Арқалық – 330 шақырымда, Қызылорда – 430 шақырымда, Қарағанды – 530 шақырымда. Үлкен тәуекелдер туындайды. Ол қалаларға өнім жеткізу оңай емес. Сондықтан кәсіпкерлер мейрамхана, сауда, жанармай бекеті деген сияқты кәсіптермен айналысуға көшеді. Бізде мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының көптігіне қарамастан, ШОБ-қа қатысты нақтылы мемлекеттік саясат жоқ. 30 жыл ішінде біз тек базар, сауда орталықтары мен тойхана салуды ғана меңгердік. Мемлекет немен айналысу керек екенін меңзеп, шағын және орта бизнеске сигнал бермейді. ШОБ-қа қатысты идеологияны өзгертетін сәт келді. Ауыл шаруашылығы саласы кәсіпкерлерге үлкен мүмкіндік беріп отыр. Бұл ретте Канада, Аргентина және Аустралияның табысты тәжірибесін мысалға келтірер едік. Неге бізге де осы саланы пайдаланбасқа? Біз ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісінде лидер бола алар едік. Айналамызда тұтынушы да көп. Оның үстіне, экономистер айтып жүргендей ауыл шаруашылығындағы бір жұмыс орны қалада 7 жұмыс орнына дейін құруға мүмкіндік жасайды», дейді Төлеутай Рахымбеков.

Ауыл шаруашылығы маманының сөзінше, бізде «бизнесмен» деген кім, «кәсіпкер» деген кім дегенді анықтайтын түсінік жоқ.

«Статистика да дұрыс емес. Қа­зір бізде 2 млн ШОБ субъектісі бар кө­рі­неді. 10 жыл бұрын 600 мың бол­ған. Бұрынғы цифр шындыққа жа­қын сияқты. Ғалымдардың айтуынша, кез келген қоғамда халықтың 3-4 па­йызының кәсіпкерлік қабілеті бо­лады екен. Қалғандары ешқашан «кәсіп­кер» атанбайды. Санға қарайтын бол­сақ Қазақстанда 600-800 мың ша­ғын бизнес субъектісі болуға тиіс. 2 млн деген қайдан шыққан? Бұл ретте «Жұмыспен қамтудың жол картасына» «рахмет» айтамыз. ЖК тіркеген өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға 3-6 млн несие беріліп, нәтижесінде, кәсіпкер саны артып шыға келді. Алайда мойын­дау керек, бұл азаматтар ел экономикасына үлес қосып жатқан жоқ. Әсіресе ауыл шаруашылығында. «Ауыл шаруашылығында тіркелген субъектілер саны – 250 мың. Оның 230 мыңы – шаруа қожалықтары, қалғандары – АҚ, ЖШС, өндірістік кооперативтер сияқты заңды тұлғалар. Ауыл шаруа­шы­лығында бизнес ашу қиын емес. Көбі жер мәселесін алға тартады. Бірақ ол – сылтау ғана. Елімізде 100 млн гектар жер бос жатыр. Иә, елді мекеннен сәл алыстау. Бірақ айналысуға болады. Соңғы 3-4 жылда ауыл шаруашылығы саласында 30 мыңдай кәсіпкер пайда болды. Міне, бұлар 6 млн алу үшін тіркелген кәсіпкерлер. Ал ақшаны қайда жіберді, мен ол жағын білмеймін», дейді Төлеутай Рахымбеков.

 

Ұзақмерзімді стратегия жоқ

Қазақстан отбасылық бизнес қа­уым­­­дас­тығы үйлестіру кеңесінің төра­ғасы Яна Исакованың пайымдауынша, бізде бизнесті әрі қарай үйіріп әке­ту үшін татымды, жүйелі стратегия же­тіс­пейді.

Жапонияда компаниялардың 90 па­йызы, Еуропада 70 пайызы отбасылық ШОБ саналады. Отбасылық бизнес ұзақ­мерзімді болады. Ондай компания­лар сатылым үшін емес, отбасыны басқару және оған иелік ету үшін (мұ­ра­­­герлікті беру мақсатымен) құры­ла­­ды. Біз екі жылға созылған зерттеу жүр­гіздік. Оның аясында қалалық және ауылдық жердегі 714 компанияның әртүрлі жастағы өкілдеріне сауалдама жасадық. Нәтижесіне қарасақ, рес­пон­денттердің 50 пайызы кәсіптерін дөң­ге­ле­тіп әкету үшін ұзақмерзімді стратегия жетіспегенін мәлімдепті. Яғни отандық ком­­панияларда стратегия бойынша қиын­дық бар», дейді Я.Исакова.

Кейбірі қаржылық проблема ретінде инвестициялық немесе операциялық қызметке қаражаттың жоқтығын айтса, басқалары үшін ең әлсіз тұсы – тұтынушылардың төлем қабілетсіздігінде екен. 35 пайызы білікті кадрлардың тап­шылығын айтқан. Сонымен қатар сауал­дамаға қатысқандардың 30 пайы­зын­да ғана бизнес-білім бар. Бізге биз­нес түйткілдерін қазір шешіп қою жет­кі­лік­сіз, 10-20 жылдан кейін не болатынын да ойлау керек, дейді маман.

Оның пікірінше, ірі бизнес көмекке сырттан эксперттерді жиі тартса, ШОБ басшылары мұндай қадамға сирек барады.

«Әдетте кәсіпкер өз бизнесімнің жай-күйін өзімнен артық ешкім білмейді, тиісінше, менің компаниямда жұмыс істемейтін адам маған қалай көмектесе алмақ деп ойлайды. Сұралғандардың 20 пайызы ешқашан эксперт көмегіне жүгінбеген екен. Біздің ШОБ ортасында эксперт шақыру және сыртқы мамандарды тарту мәдениеті әлі қалыптаспаған. 70 пайызы маман шақыру қымбат екенін айтқан. Ал көбі тегін консультациялар мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы білмейді де», дейді.

«Schoolbu» балалар тасымалдаумен айналысатын компания басшысы Альберт Нидің айтуынша, бастапқы кезеңде кәсіпкер бизнес мәселесін өзі шешеді.

«Банк инвестор ретінде кепілмен ақша ғана береді. Әлдеқайда қолжетімді қаржы болса бірнеше рет өсім көрсетер едік. Мәселен, мен бизнесті бастау үшін бүкіл мүлкімді кепілге қойдым: база, пәтер, үй. Сөйтіп, тәуекелге бардық. Иә, «Даму» арқылы мемлекеттік қолдау шарасын алуға болады, бірақ қаржыландыру мөлшері менің кепілімнің көлеміне байланысты», дейді ол.

Ол сондай-ақ халықтың табысы өсіп жатпағанын, оның есесіне сол автобус­тардың бағасы соңғы 7 жылда кемі екі есе өскенін атап өтті.

«2015 жылы біз 6 млн теңгеге автобус сатып алдық. Қазір олардың бағасы 12-13 миллионнан асады. Сол кезден бері отын бағасы үш есе өсті. Мен бизнесмен ретінде, банкрот болмас үшін осы шығындарды қызмет құнына қосамын. Сөйтіп, ақырында тұтынушыға ауырлық түсіремін», дейді Альберт Ни ШОБ үшін туындап отырған тағы бір түйткілді алға тар­тып.