Жаңа ғимаратты пайдалануға беру уақыты – 2024 жылдың тамыз айына жоспарланған. Жобаның жалпы құны – 7 млрд теңге. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. «Мектеп құрылысына біз толықтай отандық өнімдерді пайдаланып жатырмыз. Жергілікті депутаттар нысан басына апта сайын келіп, құрылыс барысын бақылап отыр. Ғимарат келер жылдың соңына қарай толығымен пайдалануға беріледі», деді «Bazis construction» ЖШС-нің өкілі.
Құрылыс алаңын аралап көрген депутаттар бірқатар мәселеге назар аударды. «Мердігерлер мектепті уақытында салып бітуге тиіс. Әрине, бірінші кезекте құрылыс сапасы талапқа сай болса дейміз. Сонымен бірге қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуін, барлық стандартқа сай болуын тұрақты бақылауда ұстау қажет», деді Максим Рожин.
Жаңа оқу ордасында балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалмақ. Мектепте оқу кабинеттерімен қатар, спорт залы, мәжіліс залы, асхана, компьютерлік сыныптар болады.
Мәжіліс депутаттары жергілікті әкімдікке мемлекет қаржысына салынып жатқан нысанның сапасына ерекше мән беруді тапсырды. Сондай-ақ сала басшыларының өтініштеріне құлақ түріп, күн тәртібіндегі мәселелерді назарға алатындарын жеткізді. Білім мекемелерінде санитарлық жабдықтардың толық болуы мен талаптардың қатаң сақталуы керек екенін ескертті.
Сапар барысында депутаттар Ұлттық ұланның Қаракемер кентінде орналасқан 6654 әскери бөлімі сарбаздарымен де кездесті. «Amanat» партиясының «Халықпен бірге!» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, жеке құрамның хал-ахуалы мен жағдайын білді. Бөлім командирі Жандос Қасымов қонақтарға әскери қалашықтың тыныс-тіршілігі, бөлім қызметшілерінің жауынгерлік міндеттері мен тұрмысы туралы баяндады. Оның айтуынша, мұнда сарбаздарға барлық жағдай жасалған. Еліміздің әр түкпірінен келген жауынгер жастар 27 мамандық бойынша оқытылады. Сонымен қатар былтырдан бастап әскери бөлімде көлік жүргізуді үйреніп, «D» категориясының жүргізушісі куәлігін алуға мүмкіндігі бар.
«Ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әскеріміз әлеуетті болуы керек. Жақында шекаралық аймақтағы әскерилермен кездестік. Барлығына бірдей жағдай жасалмаған. Біз олардың мәселелерін билікке жеткізіп, оң шешім табуына барынша күш саламыз. Өйткені күштік құрылымға қашан да айрықша көңіл бөлінуі қажет», деді Мақсат Толықбай. Сонымен қатар, ол әскери қызметшілердің жалақысын көтеру және адам басына төленетін пәтерақы мәселесі де күн тәртібінде тұрғандығын, оның депутаттар назарынан тыс қалмайтынын атап өтті.
Бұдан кейін Мәжіліс депутаттары Есік қаласы және Ташкенсаз ауылының тұрғындарымен де кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Тұрғындар саяжайларға ауыл мәртебесін беру туралы өзекті мәселені ортаға салып, ұсыныстарын жеткізді. Кей саяжайларда су құбыры мен асфальттың жоқтығы да күрмеуі қиын проблема болып тұрғанын құлаққағыс етті. Депутаттар тұрғындар тілегін тыңдап, әр мәселенің уақытылы шешімін табуына күш салатынын айтты. Депутаттар сапар барысында аудан орталығындағы өрт сөндіру бөлімін аралап, олардың жұмысымен де танысты.
Алматы облысы