Президент • 11 Шілде, 2023

Президент LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырды

210 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңес барысында айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Президент LRT құрылысын тездетіп аяқтауды тапсырды

«Ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді. Сондықтан, көлік инфрақұрылымын дамытудың айрықша мәні бар. Жуырда Алматыға жасаған сапарым барысында қоғамдық көлікті және электронды билет сату жүйесін басқару орталығының жұмысымен таныстым. Бұл саладағы цифрландыру ісі өзінің тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондықтан елорда әкіміне Алматының оң тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару жүйесін қолданысқа енгізуді және дамытуды тапсырамын», деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президент LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырды.

«Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ. Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін. Сондықтан, мәселені оңтайлы шешу қажет. Әйтпесе, экономикалық шығынға тап боламыз. Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді. Көлік саласындағы жағдайдың ушығуына көші-қон мәселесі де ықпал етіп отыр», деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар ел Президенті көші-қон үдерісін тиімді реттеп, пәрменді шаралар қабылдау керек екенін атап өтті.

«Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп кетеді. Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс», деді Президент.