Қоғам • 11 Шілде, 2023

Ұландықтар қарттар үйіне барды

293 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

11 шілде күні Ұлттық ұланның ақпараттық-насихат тобы ШҚО-ға бастап келген Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының Тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, Халық қаһарманы, генерал-майор Қайрат Үмбетов бір топ өнерпаздармен бірге Глубоковский ауданы Солнечное кентіндегі қарттар үйіне барды, деп жазады Egemen.kz ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұландықтар қарттар үйіне барды

Бұл жолы ақпараттық-насихат тобымен бірге запастағы полковник Айдар Оразбаев және ШҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Медет Бердімұратов болды.

Әскердің Бас тәрбиешісі қариялардың хәл-жағдайымен танысып, Астана күні мерекесімен құттықтады.

«Біз сіздерге былтыр да келгенбіз. Биыл да Өскеменде ақпараттық-насихат тобының жұмысы жалғасуда. Кеше Ұлттық ұлан Ән-би ансамлінің қатысуымен 5518 әскери бөлімінде бірінші концертімізді өткіздік. Ал бүгін сіздерге Астана күні мерейтойы қарсаңында мерекелік көңіл-күй сыйлап кетуді жөн көрдік. Сіздермен байланысымыз үзілмейді», деді Қайрат Жарылғасынұлы.

Сондай-ақ генерал-майор Қайрат Үмбетов Шығыс Қазақстан облысы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының «Өскемен арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне арнайы әкелген сыйлығын тарту етті.

ш

«120 қартты бағып-қағып отырған біздің мекемемізге Халық қаһарманының келуі үлкен мәртебе. Бізге қарай атбасын бұрғандарыңызға қуаныштымыз. Келген қадамдарыңыз құтты болсын! Ән-би ансамблінің қыз-жігіттеріне де айтар алғысымыз айрықша. Өнерлеріңіз үстем болсын!», деді қарттар үйінің директоры Ерболат Ошақбаев.

Жылы лебізге толы жүздесу концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахна шымылдығы бард әнші Асхат Әмірғалидің орындауындағы «Ақ махаббат» әнімен ашылды. Келесі кезекте жыршы Сәкен Әлімхан «Желдірме» термесін орындады. Ал әнші Дихан Ильяшев «Қазақ осы» әнін шырқады. Көрермендер хормен айтылған әндерді ұйып тыңдады. «Дәуір» триосы ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардың жастық шағынан сыр шертетін ескі әндерді әуелетті.

ш

«Әрі әскери қызметкер, әрі әнші қыз-жігіттердің өнеріне тәнті болдық. Солист Денис Яковлев «Құсни Қорлан» әнін қазақ тілінде шырқағанда көзіме жас ұялады. Талабы таудай жастарға басымды иіп, осындағы үлкендердің атыннан алғыс айтамын. Қызметте табысты болыңдар! Жолдарың ашық, бақытты болғайсыңдар!», деді Тұрсын Қусанова есімді зейнеткер.

Осыдан кейін өнерпаздар қарияларды ортаға алып естелік суретке түсті. Көпті көрген үлкендер жағы қонақтарға батасын беріп, алғысын жаудырды.