Туризм • 12 Шілде, 2023

Жас өлкетанушылар экспедициясы

253 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Назарбаев зияткерлік мектептер желісінде он жылдан астам уақыт жалғасып, дәстүрге айналған «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспедициясы – оқушылардың академиялық білім ала отырып, ғылыми жоба жасауына мүмкіндік беретін бірегей эксперименталды алаң. Әр өңірдің оқушылары экспедиция барысында туған өлкесінің көрнекті жерлерін аралап қана қоймай, ғылыми жобалар портфолиосын құнды ақпараттарға, зерттеулерге толтырады.

Жас өлкетанушылар экспедициясы

Жоба оқушылардың ғылымға бет бұруына септігін тигізетіні сөзсіз. Сондай-ақ жас ғалымдардың қалыптасуына үлкен мүмкіндік. Балалардың қазірден осы салаға бейімделіп, түсінік қалыптастыруы отандық ғылымды дамытудың негізі болмақ. Оқушыларға бағытталған «Туған елге тағзым» өлкетану және ғылыми зерттеу экспедициясы туған жерді тануға әрі зерттеу жүргізуге жағдай туғызып отыр. Президент әрқашан ғылым мен технологияны дамытуға, қолдауға, сондай-ақ жоғары оқу орындарының әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше назар аударады. Осы тұста ғылымның бастауын мектепте қалыптастырудың маңызы зор.

«Нағыз ғалым болу – академик не болмаса доктор атағына ие болу емес, жан-дүниеңмен беріліп ғылыммен айналысу, зерттеу жүргізу арқылы қоғамға, елге пайдаңды тигізу екенін назарда ұстау қажет. Үкімет Қазақстанда ғылымның ашық моделін қалыптастыру үшін кешенді шараларды жүзеге асыруы керек. Ең алдымен, ғылымды дамытудың жаңа тәсілдерін заң жүзінде бекітіп, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейткен жөн. Өкінішке қарай, елімізде ұзақ жыл бойы оған баса назар аударылған жоқ. Соған байланыс­ты шешімін таппай жатқан мәселелер аз емес. Тіпті бұл сала артта қалды деу­ге болады. Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек», деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жас ғалымдардың ізденісіне мүм­кіндік беріп отырған «Туған елге тағзым» өлкетану-зерттеу экспе­дициясы жыл сайын «Назарбаев зият­керлік мектептері» дербес білім беру ұйымының бастамасымен өткі­зі­леді. Бұл жоба алғаш рет 2012 жылы ұйымдастырылған. Экспедиция зият­кер­лік мектеп оқушыларына туған жеріміздің табиғатын танып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық, тарихи және мәдени дамуы туралы білім береді. Жоба аясында экспедицияға қатысушы топтар аймақтағы флора мен фауна ерекшелегін, тарихи һәм мәдени нысандарды, архитектуралық құрылыстар мен ерекше ғимараттарды зерттейді. Мәселен, биыл Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектебі «Туған елге тағзым» жазғы өлке­тану-зерттеу экспедициясы бо­йын­­ша Іле Алатау өңірінің көрнекті нысандарына жорыққа шықты. Бір аптаға созылған экспедицияға мектептің үздік оқушылары іріктеліп алынған. Өлкені аралап қана қоймай ғылыми зерттеу жүргізген оқушылар экспедиция барысында туындаған идеяларды ортаға салды. Сондай-ақ экспедиция кезінде тап болған қиындықтары туралы айтып берді. Олар өздері көрген мәселелердің шешу жолын қарастырып, әрі зерттеу нысаны туралы мәліметтер жинақтап, ғылыми жоба жасауға кіріскен.

– Сарқырамаға барар жолдың жағ­­дайына қарап, «Экотуризм» тақы­­ры­бында мобильдік қосымшаны әзір­леу идеясы келді. Ғылыми жоба­­мыздың мақсаты – еліміздегі экотуризмді дамыту жолдарын қарастыру, – дейді 9-сынып оқушысы Арлан Қосан.

«Түрген шатқалында орналасқан Аюлы сарқырамасына апарар жолдың сапасы өте нашар, үйілген тастар жаяу жүргіншіге бөгет жасайды. Өкінішке қарай, бұл жолмен жүру егде не мүмкіндігі шектеулі жандарға қиындық туындатады. Біздің топ осы туралы ойлап, онлайн-экскурсияларды ұйымдастыру керек деген шешімге келді. Адам VR-көзілдірік киіп, өзін сол жердегідей сезіне алады. Бұл ғаламтордан суреттерді қарағаннан әлдеқайда қызығырақ емес пе? Жобамыз белгілі бір шектеулері бар адамдарға көмектесіп, туризмді дамытады. Жобамызды іске асыру үшін керекті жерге барып, барлық аймақты 360⁰ жасап түсіру және оны арнайы бағдарламаға салып, VR-көзілдіріктер үшін қолданысқа жарамды суреттерді шығарып, онлайн экскурсияға даярлау керек. Оны әрі қарай дамыту үшін сайт жасауды көздеп отырмыз», – дейді 9-сынып оқушысы Арслан Базарбай.

– Экспедиция аясында біз Шарын шатқалы, Қайыңды көлі мен Көлсай, сондай-ақ Түрген шатқалына кіретін эко-туристік кемпингтерге бардық. Маған Түрген шатқалында орналасқан Аю сарқырамасы қатты ұнады. Өйткені онда Қазақстан ландшафтының сұлу­лы­ғынан ләззат алып қана қоймай, сарқырамадан судың температурасы мен сутегі көрсеткішін зерттеу арқылы өзімнің дағдыларымды жетілдірдім. Біз үшін әртүрлі су қоймаларындағы судың қайнау температурасы бірдей емес екені жаңалық болды, – дейді 7-сынып оқушысы Мариям Сырова.

Сонымен қатар 7-9 сынып оқушылары аймақтың флорасы мен фаунасын зерттеп, Түрген, Қайыңды, Көлсай су қоймаларындағы судың жай-күйін біліп, РН, қаттылық көрсеткіштерін өлшеген. Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы зияткерлік мектеп директорының орынбасары Лаура Қыздарбекова экспедицияға шыққан оқушылар өздерінің білімін толықтырып, зерттеу қабілетін жетілдіре түсетінін әрі тың тақырыптарды тауып, жобаға айналдыратынын атап өтті.

– Экспедицияға аттанатын оқу­шылар жыл сайын шамамен 20-30-ға жуық жаңа жоба бастап, зерттеу жүргізеді. Әлеуметтік, техника, инновация саласында жаңалық ашып, республикалық деңгейде түрлі ғылыми жобалар байқауына қатысады, – деді экспедиция ұйымдастырушысы Лаура Қыздарбекова.

«Туған елге тағзым» өлкетану-зерт­теу экспедициясы нәтижелі жұмыс істеп келеді. Қатысушылар уақытын қызықты әрі тиімді жұмсайды. Сондай-ақ жас ғалымдар жоба барысында тапқан олжаларын мектеп кітапханасына, оқу кабинеттеріне өткізеді, ал аса құнды материалдарды мектеп мұражайына табыстайды. Бұл жобаны еліміздегі мектептердің бәріне енгізсе, ғылымға, елді дамытуға ынталы оқушылардың қатары көбейері сөзсіз.