БЮДЖЕТ ЕСЕБІ ОСЫНЫ КӨРСЕТІП ОТЫР
Алдымен депутаттар алдында баяндаманы Қаржы министрі Болат Жәмішев пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Омархан Өксікбаев жасады. Қаржы министрі республикалық бюджет заңнамасындағы 44-баптың 25-і орындалғандығын ерекше атап өтті. Ұлттық қордан бөлінген трансферттер мен Үкімет резервіндегі қаржылар толық қарышталмаса, оны жұмсау біздің басты міндетіміз болған жоқ, дейді Болат Бидахметұлы. Үкімет 2009 жылдың қорытындысы бойынша бюджеттің шығыс бөлігін 98,2 пайызға орындаған, ал 60 миллиард теңге игерілмей қалған. Әйтсе де, Үкімет алдына қойылған міндеттер орындалды деп санайтындығын ортаға салды қаржы министрі.
Комитет төрағасының баяндамасы Үкіметтікімен үндесіп жатқанымен, Омархан Нұртайұлы бірқатар кемшіліктерге назар аудартты (оның сөзі бөлек беріліп отыр). Республикалық бюджеттің орындалуын талқылау барысында депутаттар баяндамашыға көптеген сұрақтар қойып, тиісті ұсыныстарын ортаға салды. Сөйтіп, қызу талқыдан өткен бюджеттік есеп Сенатқа жіберілді. Сол сияқты бірқатар кедендік заң жобалары қолдау тауып, тиісті өзгерістерімен Жоғарғы палатаға жол тартты.
Ал жалпы отырыста бірқатар жаңа заң жобалары заңмен жұмыс істеу өндірісіне алынды. Атап айтқанда, “Уақытша әкелу туралы конвенцияны ратификациялау туралы”, “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ауғанстан Ислам Республикасының Үкіметі арасындағы Білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы”, “Кеден одағы комиссиясының Кедендік статистика орталығы мәртебесі туралы хаттаманы ратификациялау туралы”, “Сыртқы сауда статистикасы мен өзара сауда статистикасының деректерін беру тәртібі туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заң жобалары бойынша Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті қорытынды әзірлейтін болады.
Сондай-ақ депутаттар “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан-Қытай кеден шекарасы арқылы құбыржол көлігімен өткізілетін энергия ресурстарын кедендік бақылау туралы келісімді ратификациялау туралы” Қазақстан Республикасы заңының жобасына Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты енгізген өзгерістерді және “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” Қазақстан Республикасы заңының жобасы бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі мен Сенаты арасындағы келіспеушіліктерді еңсеру жөніндегі келісім комиссиясының ұсыныстарын қарады.
Жалпы отырыста күн тәртібіне енгізілген өзге де заңдық құжаттар бойынша тиісті шешімдер қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.