Қостанай облысының полициясына Қостанай қаласының 6 тұрғынынан «сіздің қызыңыз жол көлік оқиғасына түсті» деген дәстүрлі схеманы пайдалана отырып, оларды алаяқтар алдағаны туралы арыз келіп түсті. Залал сомасы 20 млн теңгеден асты.
Барлық өтініштер бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Тергеуге «Cyberpol» бөлімшесі мен Қостанай қаласы полиция басқармасының қызметкерлері кірісті.
«Жедел-тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде облыс орталының 6 тұрғыны зардап шеккені анықталды. Олардың барлығы зейнеткерлік және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар. Оларға үй телефонына қоңыраулар келіп, белгісіз адамдар туыстарының апатқа ұшырағанын хабарлаған. Алаяқтар қолда бар ақшаны беруді сұраған», деді «CyberPol» бөлімшесінің қызметкері Олжас Мағыпаров.
Сонымен бірге жәбірленушілер олардың үйіне келіп отырған қызға ақша берген. Оның сыртқы келбеті туралы сипаттамалар әр түрлі болды. Ол жасанды шаш ауыстырып отырған. Оның үстіне қара көзілдірікті және әр түрлі бас киімдерді қолданған.
«Алаяқ Қостанай қаласындағы қонақ үйлердің бірінде люкс нөмірінде ұсталды. Одан 800 мың теңге сомасында ақша алынды. Ол қалған қаражатты қымбат телефон, заттар мен ойын-сауық құралдарын сатып алуға жұмсаған», деді Олжас Мағыпаров.
Қазіргі уақытта күдікті ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібімен УҰИ-ға қамалды.