Аймақтар • 13 Шілде, 2023

Ақмола диқандары дабыл қағып отыр

242 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақмола облысының диқандары егіс алқаптарын ойлап, шағымдарын айтуда. Бұған ақбөкендер себеп болған. Олардың шабуылынан астық егетін Атбасар, Астрахан, Қорғалжын, Жарқайың, Егіндікөл, Целиноград сынды аудандары үлкен шығынға ұшырап жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола диқандары дабыл қағып отыр

Бүгінде ауыл шаруашылығы өндірушілері егіс жұмыстарына миллиондаған қаражат салады. Өз алаңдарын ақбөкендерден қорғау үшін кәсіпкерлер тұрақты кезекшілік ұйымдастыруға мәжбүр. Мұны істеу үшін олар жеке көлік, адамдарды бөлуі керек. Бұл фермерлер үшін қосымша шығын мен қаржылай жүктеме екені белгілі.

Айта кетсек, Қазақстанда ақбөкендерді аулауға тыйым салынған. Өйткені киелі жануар ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған.

«Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлағандай, фермерлер егістерді Қызыл кітапқа енген жануардың шабуылынан да сақтандыра алмайды, өйткені бүгінде мұндай сақтандыру түрі жоқ.

Бұл ретте, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қаржы институттары алдында ағымдағы несиелік міндеттемелері бар. Уәкілетті органдардың әрекетсіздігі кезінде бұл фермерлердің қаржылық жағдайын одан әрі нашарлатуы мүмкін.

Өткен жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер жалпы алымда да, материалдық тұрғыда да үлкен шығынға ұшырады. Ақбөкендердің ауыл шаруашылығы дақылдарын бүлдіруінен келтірілген залал 8 млрд теңгеден асты (1 га үшін 55 мың теңге есебінен). Мәселен, Егіндікөл ауданында 45 мың гектардан астам, Астрахан ауданында – 22 мың гектардан астам, Жақсы ауданында – 19 мың гектарға жуық, Жарқайың ауданында – 10 мың гектарға жуық егіс алқабы бүлінді.

Жарқайың ауданындағы ең ірі шаруа қожалықтың иесі Темірхан Жангелдиннің айтуынша, биыл ақбөкендер одан да көп.

«Олардың таралу аймағы артты, ақбөкендер біздің ауданның аумағына етене енді. Біз вагондарды қоршау алаңдарына қоямыз, квадроциклдарды сатып алдық, жануарларды айдау үшін адамдарды жалдаймыз, бірақ нәтиже жоқ. Бұл жағдайды құрғақшылық та нашарлатып отыр. Ол дақылдарға әсер етеді, ал ақбөкендер онсыз да әлсіз дақылды таптап жатыр», деп шағымданды фермер.

Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасының сарапшылары бірқатар ұсыныс жасады. Атап айтқанда, уәкілетті органдар, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК мамандандырылған ұйымының күшімен ақбөкендердің санын реттеуді ұсынды.

«Ақбөкендердің көші-қоны жолында мамандандырылған жем-шөп алаңдарын анықтау бойынша жұмысты жолға қою, қоршауды дайындау және орнату үшін республикалық бюджеттен қаражат көздеу қажет. Сондай-ақ орталық деңгейде ақбөкендердің келтірген залалын бағалау үшін құзыретті мемлекеттік органдардың өкілдері мен тәуелсіз сарапшылар қатарынан комиссия құру, залалды өтеу үшін мемлекеттік қазынадан қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру қажет», деп санайды Өңірлік кәсіпкерлер палатасының АӨК бөлімінің бастығы Жайсан Бекқожин.