Нұрлан Жақыповтың ойынша, «Росатоммен» немесе басқа да компаниямен келіссөз жүргізбес бұрын Қазақстанда атом электр стансасын салу немесе салмау жөнінде нақты шешім қабылдау қажет.
«Бұл электр энергиясының ақысын кім төлейді? Біз бе, әлде балаларымыз ба?!. Оларға не қалдырамыз? Бұл мәселе төңірегінде жан-жақты талдау жасап, ең оңтайлы жолдарды ойластыру керек», деді Нұрлан Жақыпов.
Осы тұста қор төрағасы АЭС салынатын жер туралы біраз сұрақтар туындап жатқанын алға тартып, сол жерге экология және сумен жабдықтауға қатысты бірқатар талап қойылатынын ескерді.
«АЭС салуға қойылатын талаптардың бірі – үлкен су қоймасының болуы. Экология жағын біле бермеймін, бірақ мен есептерді оқып жүрмін. Каспий қазірдің өзінде тартылып жатыр, Балқаш та таязданып барады. Біреуін таңдап, атом электр станциясын салып, 10 жылдан кейін су тағы 10 метрге тартылатын болса, не болмақ? Біз күн сайын өзгеріп жатқан заманда жұмыс істеп отырмыз. Дарвин айтқандай, ең күштілер емес, ең жылдам бейімделетіндер аман қалады. Оған қоса, жергілікті тұрғындар тарапынан әлі де сұрақтар бар. Бүйірінде АЭС жұмыс істеп тұратынына бәрі бірдей дайын емес. Сондықтан бірқатар сұраққа салмақты жауап іздеп, тиімді шешім қабылдауымыз керек», деп түйіндеді Нұрлан Жақыпов.