Қоғам • 13 Шілде, 2023

«Шәкәрім жүрген ізбенен»

371 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл ақын, ойшыл, аудармашы Шәкәрім Құдай­бер­діұлының туғанына 165 жыл. Мерейтойға орай жыл басынан бері 100-ге жуық іс-шара ұйым­­дастырылған. Абай об­лы­сында бастау алған той әлі жалғасады.

«Шәкәрім жүрген ізбенен»

Шәкәрім Құдайбер­ді­ұлы­ның 165 жылдық мерейтойын тойлау Абай облысында бастау алды. «Шәкәрім жүр­ген ізбенен» деп аталған керуен ақынның мерейтойын Абай ауданында да атап өтеді. Бұл шараның мақсаты – Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығын насихаттау және ақынның ұрпақтарын ата қонысымен таныстыру. Сондықтан мерейтойға оның ұрпақтары қатысты. Алматы қаласының Талғар ауданынан Шәкәрімнің Айғаншадан туған ұлы Зияттың немересі Нұр­лан Мерекеұлы отбасы­мен, Алматы қаласының Пан­филов ауданынан, Астана, Павлодар, Теміртау, Екібастұз қаласынан ұрпақтары келді.

– Биыл Шәкәрім атамыздың 165 жылдық мерейтойына арнайы Алматы облысынан бір топ ұрпақтары келдік. Ұлы ақынның шөбересімін. Шәкәрім атамыздың ме­рейтойы осындай ауқым­ды түрде аталып өтіп жат­қа­нына қуаныштымыз. Ұлы тұл­ғаларымыз зұлмат за­манда өмір сүріп, елден кету­ге мәж­бүр болды. Дегенмен қал­дырған өшпес мол мұ­ра­сы, туындылары халқы­мыздың игіліне жарап отыр, – деді ақынның шөбересі Нұрлан Зиятов.

Сондай-ақ іс-шараға облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев, зиялы қауым өкіл­дері, қала тұрғындары мен жас­тар қа­тысты.

«Адамдық борышың –

Халқыңа еңбек қыл.

Ақ жолдан айнымай

Ар сақта, оны бiл»,

– деп жырлаған Шәкәрім баба­мыздың өлеңдері – гума­низмнің темірқазығы. Абай елі ұлы бабаларын әрдайым ұлықтап келеді. Шәкәрім Құдай­бер­діұлының 165 жылдығы да өнегелі істер­мен өрнектелуі керек деп ойлай­мыз», – деді облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев.