Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»
Жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 842 мың оқушы орнын ашу көзделген еді. Бірақ бұл жоспардың орындалмайтын сыңайы бар. Оған ұйымдастырушы компания мен құрылыс фирмаларының арасындағы шикіліктер себеп болып отыр.
«Жайлы мектеп» бағдарламасының іске асыруға 2,6 трлн теңге бөлінген. Алайда салынуы керек жайлы мектептердің саны қысқарып қалған. Әрі құрылысы әлі басталмағандықтан, олардың пайдаланылуға берілу мерзімі шегерілген. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев депутаттық сауал жолдап, мәселе көтерген болатын. Оның айтуынша, Маңғыстау облысында 24 мектеп салынуға тиіс еді. Алайда белгісіз себептермен нысандар саны 21-ге азайыпты. Бағдарлама бойынша 13 мектеп 2024 жылы, қалған 8 мектеп 2025 жылы пайдалануға берілуі керек екен.
Бірақ тапсырыс беруші, яғни конкурсты ұйымдастырушы «Самұрық Қазына Констракшн» компаниясының түсініксіз әрекеттері салдарынан мектептер 2024-2025 жылдар түгілі, 2026 жылы да пайдалануға берілмейтін түрі бар. Өйткені әлі күнге дейін бірде-бір мектептің құрылысы басталмаған. Биыл басталуға тиіс 13 мектептің бесеуінде жеңімпаз анықталған. Бірақ олардың қолында жобалық-сметалық құжаттары жоқ болып шыққан. Ал қалған сегіз мектептің тағдыры тіпті бұлыңғыр.
– «Жайлы мектеп» жобасына қатысты көптеген түйткілді мәселе бар. Рет-ретімен тоқталайын. Жеңімпаздар арасында бұрын бірде-бір рет мектеп салмаған компаниялар жүр. Олар бас мердігер ретінде конкурстан қалай өткен? Түсініксіз. Қаржыландыру көзі – екінші деңгейлі банктер. Бұл да түсініксіз. Өйткені мұндай жағдайда жекеменшік банктерге 100 млрд теңгеден астам сома беріледі. Бұл қаржылық операция кімге керек? Ең сорақысы – жобалық-сметалық құжат жоқ, яғни бағасы белгісіз нысанға қалайша конкурс ұйымдастырылған? «Самұрық Қазына Констракшн» жаңадан 230 штат ашып, қызметкерлер (технадзор) қабылдады. Алайда әлі бірде-бір мектептің қазығы қағылған жоқ. Ал 230 адам бірнеше айдан бері жалақы алып, үйлерінде бостан бос жатыр. 2,6 трлн көлеміндегі бюджет қаражаты 6-7 айдан бері қозғалыссыз тұр. «Жайлы мектеп» ұғымын «Самұрық Қазына Констракшн» «сәнді мектеп» деп түсінген сияқты. «Жайлы мектеп» баланың білім алуына жағдай жасалған, заманауи білім беретін мектеп болуы керек. Оның сыртын гранитпен қаптап, ішіне қымбат паркет төсегеннен жайлы мектеп бола салмайды. Президент тапсырма берген кезде өте жақсы қанатқақты жоба еді.
– Алайда оператор – «Самұрық Қазына Констракшн» бұл жобаның талқанын шығарды. Дәл қазіргі жағдайына қарасақ мәселесі өте көп, былығы шаш-етектен. Түбі Президент тапсырмасының орындалмауына, бюджет қаражатының мақсатсыз жұмсалуына, тіпті мемлекеттің қазынасынан алынған триллиондаған теңгенің талан-таражға түсіп, құрып тынуына апарып соғатын түрі бар, – деп дабыл қағып отыр ол.
Мәжіліс депутатының сөзінде жан бар. Өйткені «Жайлы мектеп» жобасы Президенттің тапсырмасымен білім саласындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған болатын. Жоба арқылы 2025 жылға дейін үш ауысымды апатты мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы жойылуға тиіс еді. Ендігі шикіліктерді дер кезінде шешпесе, «баяғы жартас – сол жартас» болып қала бермек. Экс-министр Асхат Аймағамбетов жоба басталар кезде «Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 миллионға өсіп, бүгінгі таңда 3,7 миллионға жетіп қалды. Бұл тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш», деп бала саны мәселесін тілге тиек еткен болатын.
Осы орайда жобаның маңызы мен ерекшеліктерін атап өткенді жөн көріп отырамыз. Біріншіден, жобаға сәйкес бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, дәретханалары, спортзалдары болады. Екіншіден, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады. Үшіншіден, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар қарастырылған, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдай жасалады.
Төртіншіден, мектеп физика, химия, биология, роботтехника сияқты ең заманауи кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі ұсынылады. Бесіншіден, арнайы білімді қажет ететін балалар үшін тиісті жағдай жасалады. Алтыншыдан, спортзал мәселесі оңтайлы шешіледі. Мәселен, қазір 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана бар. Онда таңертеңнен кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал ашылады.
Жетіншіден, жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлері болады. Сегізіншіден, жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдарға қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады. Әр мектепте қыздар мен ұлдарды еңбекке баулу үшін шеберханалар мен студиялар ашылады. Бұған қоса жайлы мектептердің сыртқы инфрақұрылымы да назарға алынады.
Тағы бір ерекшелік – құрылыс кезінде ашықтық қамтамасыз етіледі. Яғни еліміздің кез келген азаматы интерактивті карта арқылы құрылыс барысымен және IP-камера арқылы онлайн режімде бақылап, мектептің тиісті құжаттарымен таныса алады. Жаңа мектептер үшін құрылыс пен құрал-жабдықтың бірыңғай стандартын қолдану көзделген.
«Жайлы мектеп» жобасы оқу бітірген жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесін шешу тұрғысынан да тиімді. Өйткені кейінгі 5 жылда 200 мың педагог маман даярланса, оның 55 мыңы ғана жұмыспен қамтылған. Ал жаңадан мектептер салынса, бос орындар көбейер еді.
Мектеп құрылысы саласындағы мәселелер әлі шешімін таппағанына қарамастан, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 жылдары 740 мың оқушыны қамтитын жаңа форматтағы 369 мектеп салынатынын айтты. Дегенмен бұл бастапқы жоспардан аз көрсеткіш. Оқушы саны 102 мыңға кеміп қалған.
Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі республикалық штаб отырысында Премьер-министр Әлихан Смайылов құрылысқа байланысты жағдайды жедел реттеуге тапсырма бергені есімізде. «Жер учаскелерінің дайындығы бойынша құрылыс жұмыстарын дереу аяқтау қажет. Бұл инфрақұрылым, жолдар және абаттандыру жұмыстарын жүргізуге қатысты. Әр өңір бойынша тиісті жол карталары дайын, осы мәселелердің барлығын жедел шешу қажет», деді Үкімет басшысы. Бірақ...
– Бірақ тапсырма беріп қана қою аз. Жоба аясында салынатын мектептер санының қысқаруына жол беруге болмайды. Осы тұста жауапты адамдар мен органдардың барлық үдерісті тексеріп, орындалуға тиіс жоспарды қадағалуы аса маңызды. Бұлар өте маңызды, елге керекті жобалар, әрі Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде қолға алынып отыр. Сондықтан оның іске асырылуын қадағалап отыру – біздің басты бағытымыз, парызымыз. Бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, тиісті заңдарға өзгерістер енгізілді. Енді оны сапалы іске асыру ғана қалып отыр, – деді Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.
Айтылған сөз сөз күйінде қалып, бөлінген қаржы талан-таражға түсіп кетпесе екен дейміз... Жоба-жоспар жақсы-ақ, қалмаса екен ақсап...