Театр • 16 Шілде, 2023

Онжылдық асу

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл елордадағы бірегей өнер ордасы – Астана Балет театрына 10 жыл толды. Осы жылдар ішінде театр репертуары түрлі жанрдағы отандық және әлемдік айтулы хореографиялық қойылымдармен толығып, көрермендер көңілінен орын алды. Өткен жұ­мада аталған өнер ордасы мерейтойлық мау­сымын Astana Ballet Gala концерті қорытындылады. Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өткен музыкалық кеште театрдың 10 жылдық тари­хында сахналанған үздік туындылардан үзінділер ұсынылды.

Онжылдық асу

– Біздің театрымыз – ел өне­рінің дамуына зор үлесін қосып жүрген дарынды әртістердің, хореографтардың, ұстаздардың көркем ойлары мен арман-мұратын іске асыратын кие­лі өнер ордасы. Мақсатымыз – көрер­мендер сенімін ақтайтын бағ­дарлама ұсыну. Мұнда өнер­ге деген құштарлығымыз, ма­хаб­батымыз көрініс тауып, әртістердің талантына куә бола аласыз. Біз театрды жақ­сы көретін жұртшылықтың көңі­лінен шығу үшін әр детальге мұқият назар аударамыз,– дейді театр директоры Александр Совостьянов.

Мерекелік концертте театр­дың талантты әртістері «Кор­сар», «Спартак», «Кармен-сюита», «Махаббат туралы аңыз», тағы бас­қа да классикалық және нео­клас­­сикалық спектакль­де­рінен, бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Diversity», «Love Fear Loss», «A Fuego Lento» туындыларынан, авторлық және ұлттық балеттерден үзінділер көрсетті. Бұларды театр қазынасын байы­тып, абыройын асырған қойылымдар деп айтуға болады. Сондай-ақ «Шығыс рапсодиясы» және «Ұлы дала мұрасы» концерттік бағдарламасына енген хореографиялық миниа­тюралар көрермендерді керемет әсерге бөледі. Маэстро Арман Оразғалиевтің жетек­­­шілігіндегі театрдың сим­­фо­­ниялық оркестрінің орын­да­уындағы композиция­­­лар тың­дарман жүрегін тол­қыт­ты.

«Театрымыздың тарихы – соңғы он жылдағы отандық хо­реография өнерінің даму жыл­намасы. Бүгінгі кештегі бағдарламаның маңызы өте зор. Себебі бұл біздің біре­гей шы­ғармашылығымыз­дың үл­­­гі­­сі іспетті. Осы он жыл ішінде сах­наланған үздік туын­дыларымыздан үзінді­­­лер көрсе­тіп, көрерменге ұмытыл­мас ­эмоция сыйлауды мақсат еттік», дейді хореограф Айгүл Тәти.

Шынында да, онжылдық асуды жемісті бағындырған балет театрында өткен ғажайып кеш – орындаушылық техника мен музыка үйлесім тапқан шынайы өнер туындысына айналды.