Өнер • 16 Шілде, 2023

Киіз бұйымдарындағы өмір мен өрнек

392 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қостанайдағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің галерея залында «Ою-өрнек құпиясы» атты киіз бұйым­­­дар көрмесі ашылды. «Qoloner» қоғамдық қоры ұйымдастырған іс-шараның ашылу рәсіміне мәдениет сала­сының, өңірдегі іскер әйелдер қауымдастығының өкілдері, жергілікті қолөнер шеберлері мен суретшілер қатысты.

Киіз бұйымдарындағы өмір мен өрнек

Көрмеге таяуда ғана киіз ба­су курсын тәмам­даған қара­па­йым қала тұрғын­дарының қо­лы­нан шыққан қырықтан ас­там қолөнер туындысы қо­­йыл­­ған. Олардың ішінде сый­­­­кә­де­ге жарарлық сәнді бұ­йым­дар,­­ шағын сырмақ, текемет, бас­­құр, кілемшелер бар.

Ұйымдастырушылардың айтуын­ша, осыдан екі апта бұ­рын арнайы киіз басу курсы­ ашы­лып, Баян Баталова, Динара Қыпшақбаева сынды сурет­ші ұстаздар отыз адамға ұлт­тық қолөнердің қыр-сырын үйре­ткен. Бұл экспози­ция­ сол отыз адамның он бес күн ішінде жасап шыққан дүние­лерін көпшілік назарына ұсынып отыр.

ва

– Қазақ даласында со­нау­­ көшпелі өркениет мәде­ние­­­­тінен бастау алатын­ киіз басу өнерінің бес мың жыл­дан астам тарихы бар. Бүгінгі іс-шараны осы ұлттық қазынамызды өлтір­мей, ұрпақтан ұрпаққа аманаттап бізге дейін жеткізген ақ кимешекті әжелеріміз бен асыл аналарымызға деген тағ­зым-құрмет деп білемін, – дейді облыстық тарихи-өл­кетану музейінің директоры Батырхан Жұмабаев.

Екі апталық киіз басу кур­сына қабылданған отыз шә­­кірттің ішінде үй шаруа­сындағы қыз-келіншектер, зей­неткерлер мен студенттер бар. Оларды ұлттық қолөнерге баулып, оқытып, тоқытып шығарған ұстаз Динара Қып­шақ­баеваның айтуынша, әсі­ресе әртүрлі себеппен уа­қыт­ша үйде отырып қалған әйелдердің ұлттық қолөнерге деген құлшынысы зор.

апв

– Курс барысында шәкірт­тер қазақ халқының ұлттық ою-өрнек өнерінің тарихы мен бағыттарын оқып меңгерді. Ою-өрнектердің қыр-сырын меңгере отырып, әр үйренуші өзінің төл композициясын жасап шықты. Біз әу баста сатуға немесе жақындарымызға кәде­сый ретінде сыйлауға болатын қарапайым әрі шағын бұ­йымдарды жасап шығаруды мақсат тұтқан едік. Бірақ өз­деріңіз көріп отырғандай, таңбалы петроглифтер мен Тобыл ойшылы бейнеленген сюжетті өнер туындыларын да жасауға қол жеткіздік. Әр тапсырманы асқан шабытпен атқарып шыққан шәкірттеріме өте ризамын. Халықтың қол­өнер бұйымдарын жасап үйренуге деген ынтасы өте жоғары, – дейді Динара.

Қысқа мерзім ішінде киіз­ден көз тартар көркем дүние жасап шығаруды үйреніп шық­қан қыз-келіншектердің қатарында зейнеткер Татьяна Акулова да бар. Көрмеге Татьяна Павловнаның қолы­нан шыққан 5 бірдей туындысы қойылыпты.

– Көп жыл бойы мектепте­ химия-биология пә­нінің мұ­­ға­­­­лі­мі болып жұмыс істедім. Таяу­­да ғана зейнетке шықтым. Осы курсқа қабылдау жүріп жат­қанын әлеуметтік желіден көріп, тәуекел етіп келген­­мін. Өзім шығармашылықпен ай­налысқанды ұнатамын. Содан болар, оңай меңгеріп алдым. Жүнмен жұмыс істеу, киіз басу деген дүние жаныма жақын екен, бірден ұнады. Қазір киізден киімдер, кәдесый­лар мен тұрмысқа қажет заттарды, тіпті әйелдердің әшекей бұйым­дарын жасау да қолым­нан келеді. Қошқар мүйіз, қос мүйіз, түйе табан сияқты ою-өрнектерді жасауды үйрен­дім. Курсқа қатысушылар бәріміз жабылып Қазақстанның киіз картасын жасап шығардық. Мен Алматы облысы мен Ұлы­тау облысын жасап шықтым, – дейді ардагер ұстаз.

Салтанатты шараның со­ңында киіз басу курсын тәмам­дау­шылар сертификаттарын алып, үздік шәкірттерге арнайы дипломдар табыс етілді.

 

Қостанай облысы