Шаруашылық • 16 Шілде, 2023

Аграрлық инновация көрмесі

371 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ауыл шаруашылығы саласы қашанда ел экономикасын дамытудағы басым бағыт болып қала береді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді» деп нақтылап айтқан еді. Мұнымен бірге, Мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі күні ауылды дамыту мәселесі туралы Жарлыққа қол қойды және осы құжат арқылы Үкіметке ауылды дамытудың 5 жылға арналған нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. «Jańa dala/Green day-2023» көрмесі – Президент Жарлығын орындаудағы ауқымды іс-шараның бірі.

Аграрлық инновация көрмесі

Еңбек ауылының 10 гектарға жуық алаңында екі күн бойы өткізілетін көрмеге биыл әлемнің 19 елінен 150 аграрлық кәсіпқой компания келіп қатысқанын бұған дейін хабарлағанбыз. Оның сыртында алаңның бір беткейінде жарқыраған көл жатса, қалған үш жағында түрлі ауылшаруашылық дақылдары біркелкі тәртіппен гектарлап егілген. Олардың жанынан жаңа техника мен заманауи технологияларды сынақтан өткізетін бос жер алаңдарына да орын берілген.

Көрмеде мың сан жаңа техникалар мен ауыл шаруашылығына қажетті түрлі құрал-жабдықтың бәрі бар. Арамшөп пен зиянкес­терге дәрі шашатын озық үлгі­дегі ұшқыш дрондардан бастап, құлашы 50-60 метрді қамтитын егісті суғару техникалары, дәнді дақылдар мен басқа да ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін құрылғылар мен диірмен, сан алуан аппарат самсап тұр. Көл жақ беткейде шетелден әкелінген және өз фермерлеріміздің асыл тұқымды малдары байланыпты. Олар жеке-жеке қораларда тұр.

Мал басын аралап көрген Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, «Біздің облыста да асыл тұқымды мал фермаларын көбейтуге күш салу керек» деді. Солтүстік Қазақстан облысынан келген қазақтың әйгілі ақ бас ірі қарасы мен қостанайлық Әулиекөл тұқымына тамсана қарамаған жан баласы болмады. Әлі мұндай асыл тұқымды ірі қараға қолы жете қоймаған малсақ қазақтар сол арадан айналшықтап шыға алмай жүрді.

«Ақмола жерінде өтіп жатқан «Jańa dala/Green day-2023» бесінші мамандандырылған көрмесінің қазақ халқы үшін маңызы аса зор. Ақмола облысы – елдің астықты, аграрлы аймақтарының бірі. Сондықтан біз үшін «Жаңа дала» – ерекше, сүйікті мерекелердің бірі. Маңызды шараға құрметті қонақтардың қатысуы қуантады. Аустрия мен Францияның Төтенше және Өкілетті Елшілері Доктор Вилли Кемпел Дидье Канесс мырзаға алғысымыз шексіз. Айта кету керек, бұл шараға қатысушылардың саны жылдан-жылға артып келеді», деді облыс әкімі.

Ақкөл жерінде бесінші рет өтіп жатқан көрме облыс шаруалары­на­ көптеген мүмкіндіктің есігін ашыпты. Бұған дейінгі іс-шара­лар­ға қатысқан шетелдік жетекші компаниялардың бірқа­та­рымен байланыс орнатқан шаруа қожа­лықтары мен фермерлер­ өз ісіне басқа көзбен қарай бас­та­ған.

«Көрмеге қатысушы компа­ния­лардың көпшілігімен тығыз байланыс орнаттық. Мәселен, биыл біздің сыртқы сау­да айналымымыз Франциямен 61 млн АҚШ долларын құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 47 еседен астам өсті. Аустриямен арадағы сауда айналымы 4 еседен асты. Бұл айтып отырғандарым қаңтар-мамыр аралығы ғана. Облысымыз бұл екі елмен сауда байланысын одан әрі нығайтып, сауда-саттықтың жоғары деңгейіне қол жеткізеді деп үміттенемін», деді Е.Маржықбаев.

Әкім Ақмола облысының агро­өнеркәсіптік кешен сала­сын­дағы жетіс­тіктеріне арнайы тоқталды. «Мемлекет бас­шысының азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жөнін­де­гі тапсырмаларын­ орындау шеңберінде, айтарлықтай нәти­же­лерге қол жеткіздік. Рес­пуб­­­ликаның ірі астықты аймақ­тары­ның біріміз. Облыс елдегі ауыл шаруашылығы өнім­де­рінің 15%-ын өндіреді. Қазақ­станда өсі­рі­летін бидайдың төрт­тен бірі­нен астамы әлемдік нарық­та­ жоғары бағаланады», деп сөзін түйіндеді ол.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Қазақ­­­станның агроөнеркәсіптік кешенін дамыту еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін және ауыл шаруа­­шылығы өнімдерінің экс­порт­­тық әлеуетін қамтамасыз ету­д­­­ің және тұрақты дамуының ең маңызды факторы екенін айтты.

«Қазақстанның агроөнер­кә­сіптік секторы – елдегі тұрғын­дар­дың жартысына жуығы үшін негізгі табыс көзі. Сондай-ақ ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өңдеп сақтау­дан тұрады. Бұлармен бірге өндіріс құралдарымен қамта­ма­сыз етеді. Міне, осының бәрі бір-бірімен тығыз байланыс­та. Елдегі ауыл шаруашылығы осындай сала­лардан тұрады.

Көрменің мақсаты – жетіс­тік­терді көрсету. Көрме фермерлерге қысқа мерзімде техника мен материалдардың кең ауқымымен танысуға мүмкіндік беретініне сенімдімін. Әр қайсыңыз бизне­сіңіз үшін дұрыс технологияны таңдаңыздар. Осында келген мүдделес бар­лық іскер серік­­тес­термен танысы­ңыздар. Аграр­лық секторды одан әрі дамыту көбінесе біздің ауыл шаруашылығы өндірушілерінің өзгермелі жағдайларға, қазіргі шындыққа қалай бейімделуіне, жаһандық сын-қатерлер мен трендтер бізге жасап жатқан мүм­кін­­діктерді тиімді пайдалана алатындығына байланысты болады», деп атап өтті Р.Құрманов.

Франция Елшісі Д.Канесс екі ел арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту керектігіне тоқталды. Сөйтіп, француз компаниялары мен қазақстандық фермерлер үшін өзара эконо­ми­калық тиімділік қажет екенін атап өтті.

«Франция Еуропалық одақ­тың­ жетекші ауыл шаруа­шы­лы­ғы державасы және ауыл­шаруа­шылық және азық-түлік өнімдерін әлемдегі ең ірі экспорт­тау­шылардың бірі. Қазақстанда  – аграрлық сектордағы үшінші ірі инвестормыз және бұл ұстанымдарды одан әрі нығайтуды көздеп отырмыз. Тұрақты және әртарап­тан­дырылған өндірісті құрдық. Біз – сиыр етін өндірушілер қата­­рында біріншіміз. Майлы да­қыл­дар, дәнді дақылдар, ауыл­­­шаруашылық тұқымдары мен жұмыртқалардың ең ірі өндіру­­шісіміз. Франция қант қызыл­шасын өндіру бойынша Еуро­пада екінші орында. 215-­тен астам AgriTek стартап­та­ры­ мен компанияларына қаты­са­мыз.­ Қазақстанмен ауыл шаруа­шы­­лығы саласындағы табыс­ты ынтымақтастық бар. Бүгінде сүт өнімдерін өндіру үшін нарықта бірлесіп өндірі­ле­тін Danone және Laktonis ком­па­нияларының ісі соның дәлелі. AgriTek саласында Қазақ­станның француздық техноло­гия­лық шешім­­дерге деген қызы­ғу­шы­лы­ғы­ өткен жылы Астанада өт­кен­ халықаралық форумда ерек­­ше айтылды. Оның алаңы екі елдің аграршылары ара­сын­да­ғы ынтымақтастықтың жаңа кезе­ңі­нің­ бастамасы болды», деді елші мырза.

Көрменің алғашқы күнінде облыстың бірқатар шаруалары мен мал дәрігерлері алғыс хаттармен және медальдармен марапатталды. Делегация ауыл шаруашылығы дақылдарының селекциялық жетістіктері бар учас­келерді, ауыл шаруашылығы тех­никалары мен жабдықтары мен ауыл шаруашылығы жануар­ла­рының көрмелерін аралады.

«Жыл сайын бұл ауқымды шара­ға қатысушы жергілікті және халықаралық өнім өндірушілер саны артып келеді. Бұл жәр­мең­ке ауыл шаруашылығы тауа­­р­ын өндірушілерге өз жет­кі­зу­шілері мен техникала­рын та­бу­ға мүмкіндік береді. Кли­мат өзгеруде, бірақ ғылым­дағы ілге­рі­леушілік те бір орын­да тұрған жоқ», деді «Қаз­Агро­Қаржы» АҚ басқарма төрағасы Айдар Прашев.

Оның айтуынша, отандық шаруалар мен диқандардан кейінгі жылдары өз еліміздің техникаларына сұраныс көбірек туындай бастаған. Осыдан бес-алты жыл бұрын елдегі фермерлер мен шаруа қожалықтарының 15-20 пайызы ғана отандық ауыл шаруашылық техникаларына мойын бұрса, бүгінде олардың 55 пайыздан астамы отандық техника мен технологияларға ден қойыпты. «Біз техникаларды 24 пайыздық несиемен берсек, диқандар мен шаруа­лар оны 6 пайыздан ғана төлейді. Қалғанын лизинг жүйесі бо­йынша мемлекет өтейді», деді ол.

 «Негізгі ерекшелік – бізде биыл алғаш рет асыл тұқымды мал шаруашылығы бөлімшесі жұмыс істеп тұр. Жалпы, біздің іс-шараның ұраны – «Ең үздік технологиялар осында». Ал бүгін бізде ең жақсы технология бар. Шынымды айтсам, бұл көрмені бір күнде айналып өту мүмкін емес», деді «EXPO TIME» ЖШС директоры Әділхан Сағымбаев.

Көрменің іскерлік бағдар­ламасы аясында отандық және шете­лдік сарапшылардың қаты­суы­мен фермерлерге арналған шеберлік сабақтары, семинарлар және «Инновацияларды енгізу және сүт-тауарлы фермалардың құзыреттілігін арттыру» атты халықаралық конференция өтті. Оған қоса мал бағу мен қора күзе­ту­ге арнайы дайындалған иттер көр­месі де жиналған жұрт­шы­лық наза­рына ұсынылды.

Көрменің бірінші күнінен екінші күнге алмасар түнде жақын тұстан өрт шығып, төтен­ше­ жағдай орын алды. Әйтседе маман­дардың біліктілігі мен тәжіри­белерінің арқасында көрме орнына көлденең келген қатер сейілді. Дегенмен дала өрті мен дауылды жел Ақмола облысындағы ауқым­ды ауыл шаруашылығы көрме­сінің жұмысын тоқтата жаздады.

Екі күн аралығындағы түнде «Jańa Dala/Green Day-2023» көрме алаңының шатырлары мен ауыл шаруашылығы техникаларына қатты жел қауіп төндірді. Найза­ғайдан туындаған дала өрті жағдайды одан сайын­ ушықтыра түсті. Желдің қат­ты­­ екпінімен басталған өрт маман­­дандырылған көрменің құрылыстары мен техникаларына­ қарай бет алды. Дала күнін ұйымдастырушылардың айтуынша, ТЖМ өңірлік қыз­меттеріне жүгінгеннен кейін, ком­пания мен оның күзет бөлім­ше­сінің қызметкерлері экспозиция конструкцияларын бекіту, қойылған ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын қауіпсіз қашықтыққа көшіру бойынша жедел шаралар қабылдады. Сондай-ақ электр энергиясын беруді шектеген.

Ақмола облысы ТЖД дерек­тері бойынша өңірде сол күні 5 табиғи өрт болғаны белгілі болды. Департамент қызметі өрт сөндіруге 40 рет шыққан. Қолданған тиімді іс-шаралардың нәтижесінде қауіп жойылды және «Jańa Dala/Green Day-2023» көрмесі өз жұмысын одан әрі жалғастырды.